Атырау, 5 мамыр 12:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Құм көшкінінен Исатай мен Қызылқоға қорғанып жатыр

1 441 просмотра

Атырау облысында құм көшкініне төтеп беру ісі жалғасуда. Құм басып қалу қаупі бар Исатай және Құрманғазы аудандарында құмнан қорғану жұмыстары күн тәртібінен түспей, қарқын алып отыр.

Соңғы жылдары құм тоқтату ісіне бюджеттен қомақты қаржы бөліне бастады. Мәселен, Исатай ауданы Кобяково-Забурын каналының бойында құм тоқтату жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 138 млн теңге бөлінді. Мердігер «Қайсар-Атырау» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, 2021 жылы 20,8 млн теңгенің жұмысы атқарылса, биыл маусым айының соңына дейін 117 млн теңгенің жұмысы жасалуы қажет. Сонымен бірге осы аудандағы Исатай ауылында құмды тоқтату жұмыстары атқарылып жатыр. 

- Біздің аймақтың табиғаты қатал, қысы суық, ал жазы үнемі желді болып тұрады. Ауыл құм шағылдың ортасында орналасқан. Бұрындары құм алыста сияқты еді, енді ауыл ішіндегі үйлердің айналасын басып та жатыр. Жел болған сайын құм көшіп келеді. Соңғы 2 жылда 9 гектарда жұмыс жүріп жатыр - қоршау, сексеуіл егу, қамыстан қорған жасау, т. б. Бұған ауылдағы жұмыссыз жүрген адамдар тартылған. Адам жеткіліті, осы айдың аяғына дейін толығымен аяқтауға күш саламыз, - дейді Исатай ауылы округінің әкімі Асылан ҒҰБАШ.

Құрманғазы ауданы Үштаған елді мекенінде де 2022-2023 жылдары 10 гектар аумақта жұмыс жүргізіледі. 113 млн теңгенің жұмыстарын атқаратын «Қайсар-Атырау» ЖШС мердігер болып анықталды. 

- Құмды тоқтату жұмыстарын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан жұмысты бастау үшін рұқсат алынып, маусым айынан бастап жүргізу ойда бар. Құм көшкіні бар қауіпті жер учаскелері сым тормен қоршалып, белгіленген учаскелерге қамыстан механикаландырылған жолақтар соғылды. Жолақтар ішіне сексеуіл көшеттері отырғызылып, ол екі жыл бойы күтіліп, содан соң округтер балансына тапсырылады. Егілген сексеуіл көшеттері сол елді мекендердің жасыл аймағы болып, әрі көшпелі құмның бетін қайтарып тосқауыл бола алады, - дейді Атырау облыстық табиғи ресурстар және пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан ЖАНТОҚОВ.

- Жалпы құм құрсауында қалу қаупі бар аймақтар тағы қандай жерде бар? - деп сұрадық біз табиғи ресурстар және пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан ЖАНТОҚОВТАН .

- Исатай ауданы Нарын және жаңа Жанбай мен Қызылқоға ауданы Сағыз, Бүйрек ауылдарынан құм басу аймағы ретінде сұраныс түсті. Қазір қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

3 маусым 2022, 09:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.