Атырау, 24 желтоқсан 19:12
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -6
$ 510.18
€ 601.91
₽ 6.51

Бітпеген нысандар бойынша қатаң сұраныс болады

Сурет
1 602 рет қаралды

Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТЫҢ төрағалығымен өткен отырыста Атырау облысындағы құрылысы мерзімінен кешіктірілген нысандарға қатысты мәселе талқыланды.

Облыс көлемінде құрылысы бітпей тұралап қалған, болмаса сағызша созылып кеткен «сақалды құрылыстар» жетерлік. Оны облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ баяндамасында атап өтті:

- Қазіргі уақытта бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүріп жатқан 28 әлеуметтік нысанның 10-ында проблема бар. Олардың қатарында бір мектеп, төрт мектепке жапсаржай, екі мәдениет үйі, екі дәрігерлік амбулатория және спорт залы бар.

Осы төрт нысан бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде. Олардың қатарында «ТехникаРемСтрой» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс тергелуде. ЖШС Атырау қаласы Дамбы ауылындағы 300 орындық мектеп, «Қара депо», «Көкарна» ықшамаудандарындағы 25 адам қабылдайтын отбасылық дәрігерлік амбулатория, Атырау қаласында 3 спортзалды уақтылы аяқтамаған. Бұл нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстары 2021 жылдың сәуір, мамыр айларынан бері Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу амалдарын жүргізуіне байланысты тоқтап тұр. Келісімшарттар күшін жойған. Бұдан бұрын «АЖ» газетінде Исатай ауданы Аққыстау ауылында, Мақат кентіндегі тұрғын үй құрылыстарының қарқыны өте баяу жүріп жатқаны жазылған. Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы тұрғын үй мен Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы «сақалды құрылысқа» айналып кеткен. 

Облыс әкімі тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасындағы келісімшартты негізсіз ұзартпауды қатаң ескертті.

- Заң жүзінде жұмыс жасаулары керек. Егер мердігер кестеге сай жұмыс істей алмаса, онымен келісімшартты тоқтатып, басқа мерігер мекемені іздеу керек. Сіздің тарапыңыздан айқындық пен жүйелілік болса, кәсіпкерлер бәрін мерзімінде жасауға үйренеді. Бұл іс қолынан келмейтін болса, келесі жолы мұндай жұмыстарға араласпайды, - деді Серік Шәпкенов. - Халыққа түсіндіру керек. Кейбір елді мекендерде не клуб, не мектеп, не спортзал жоқ. Тұрғындар әлеуметтік нысандардың берілуін асыға күтіп жүр. Мердігер мекеменің құрылысты сапасыз аяқтау мәселесі және бар. Сондықтан, осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін нақты алгоритм дайындап, сол бойынша жұмыс жасаймыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттерді түсірген автор

30 мамыр 2022, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.