Атырау, 20 сәуір 03:50
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Евгений Ухов: «Адамдарды сұлулыққа дағдыландыру үшін уақыт пен шыдамдылық қажет»

Сурет
1 316 просмотра

Көктемнің шуақты күні еді. Азаттық даңғылы бойындағы №49 бес қабатты тұрғын үйдің қасынан өтіп, жұмысқа бара жаттым. Осы үйдің кең ауласындағы жазирадай жайқалған жасыл-желекке сүйсіне қарап қоямын. Аулада егде тартқан, қайратты ер адам өсімдіктерді суарып жүр екен.

Жақындап барып сөйлестім. Бұл 68 жастағы зейнеткер, байдарка спортының ардагері, кір тасын көтеруден ардагерлер арасындағы бірнеше дүркін әлем чемпионы Евгений УХОВ екен. ПИК-тің бұл сұлулыққа еш қатысы жоқ екен, оның бәрін сол үйдің бірнеше тұрғыны өсіріп, бағып-қағады екен. Олар сәндік өсімдіктерді егіп, кесте бойынша кезек-кезек күтім жасап отыр.

Аулада негізгі жұмыс көктем мен күзде жасалады. Көктемде суарудан басқа жерді дайындап, өсімдіктерді ауыстырып, оларды өңдейді. Отырғызу үшін жер алдын ала дайындалады. Бұл жерде біздің өңірдің қатал табиғатына төтеп беретін топинамбур, құлқайыр, қырмызыгүл, баршынгүл және басқа да өсімдіктер өседі.

Евгений Михайловичтің пікірінше, тұрғындар бүкіл қала үшін болмаса да, өзі тұратын жерді мақтан тұтып, оны көркейтуге атсалысуы қажет. Сұхбаттасушым қарапайым жан екен, бірақ кешікпей бұл «аула бақтың» пайда болуына оның қосқан үлесі көп екенін түсіндім.

- Бұл жерге көпжылдық және күй талғамайтын өсімдіктерді отырғызу керек деген қорытындыға келдік. Егер өсімдік климат пен су режиміне бейімделіп, жерсініп кетсе, одан тұқым алу керек. Өсімдіктерді күтіп-баптауды жаным сүйеді, – дейді Евгений Михайлович.

49-үйдегі «жасыл белсенділер» табысқа бірден жеткен жоқ. Басқа тұрғындарды осы сұлулыққа дағдыландырып, өзгенің еңбегін бағалауға үйрету үшін жылдар қажет болды. Оған қоса, аула қоршалмаған.

– Бастапқыда, әрине, кейбір тұрғындар мен өтіп бара жатқан адамдар өсімдіктерді жұлып, таптап тастайтын. Бірақ біз де мойымай, қайта егіп, қайта күтім жасадық. Ал қазір, шамамен алты жылдан кейін табандылығымыз өз жемісін бере бастады. Қазір біздің жасыл желекке ешкім тиіспейді, – дейді Е.Ухов.

Иә, әркім өзі тұратын жерді осылай күтіп, баптап, қоқыс тастамаса, баяғыда-ақ қала бағына айналар еді. Қалай дегенмен де, ішкі сұлулық секілді, тазалық та өзімізден басталады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 мамыр 2022, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.