Атырау, 24 қараша 14:29
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 96-күн

1 121 просмотра

Запорожье облысы Мелитополь қаласының орталығында жарылыс болды, деп хабарлады дүйсенбі күні өзінің Telegram-каналында Запорожье облысының әскери-азаматтық басқармасының бас кеңесінің мүшесі Владимир Рогов.

«Мелитопольде күшті жарылыс болды. Бүгін сағат 07:40 шамасында қаланың қақ ортасында. <...> Богдан Хмельницкий, Сергей Киров және Петр Дорошенко көшелерінде үйлердің терезелері мен қабырғалары дірілдеп кетті. Қаланың ортасы қара түтінге толған», — деп жазды Рогов.

* **

Украинада Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметкері өлген.

Украинадағы ұрыс кезінде Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметкері, полковник Владимир Иванов өлген. Бұл жөнінде Ресейдің мәліметтер базасына сүйенген "Медиазона" хабарлады.

Полковниктің өлімі туралы бұған дейін журналист Евгений Поддубный жазып, 9 мамырда "Ажалсыздар полкінің" акциясына Ивановтың портретін ұстап шыққан. Поддубный оның әскері шені полковник екенін, философия факультетін бітіріп әскери қызметке кеткенін ғана көрсеткен.

Мұрагерлік істер реестрінің мәліметіне қарағанда, 41 жастағы Владимир Иванов 25 наурызда өлген. Мұрагерлік істі рәсімдеген нотариус өлген полковниктің тұрғылықты мекен-жайы ретінде қорғаныс министрлігінің Мәскеудегі бас ғимаратын көрсеткен.

Getcontact қосымшасының мәліметтеріне қарағанда, полковниктің телефон нөмірін кейбір қолданушылар "Владимир, қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі" деп сақтаған. Украинаның "Миротворец" жобасы "Ивановтың Ресей қорғаныс министрлігінің Украинаға қарсы ақпараттық соғысына тікелей қатысы бар" деп мәлімдеді.

Ресей қорғаныс министрлігі баспасөз қызметкерінің өлгенін, қандай оқиға кезінде оққа ұшқанын хабарлаған жоқ.

"Медиазона" мен Би-би-си мәліметтеріне қарағанда, ашық дереккөздер арқылы Ресей әскерінің Украинада 2500-ден астам жауынгері, әскери шені подполковниктен жоғары 60-қа жуық офицері өлгенін растаудың сәті түскен. Ресей қорғаныс министрлігі наурыз айының соңында Украинада 1300 жауынгері өлгенін мойындаған, одан кейін өлгендер туралы ақпарат берген емес.

* * *

Зеленский қару-жараққа байланысты "жақсы жаңалық" күтіп отырғанын айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күнгі видеомәлімдемесінде Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесі бойынша келесі аптада "жақсы жаңалық" күтетінін мәлімдеді.

"Күн сайын қорғанысты күшейтуге күш салып жатырмыз. Ең бірінші кезекте қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлеміз. Армиямыздың оккупанттарды технологиялық және тегеурінді соққы тұрғысынан басып озатын шаққа жақындап келеміз. Әрине, көп нәрсе әріптестерімізге де байланысты. Олардың Украинаны еркіндігін қорғауға қажет жарақтармен қамтамасыз ету дайындығына да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда келесі аптада жақсы жаңалық күтіп отырмын" деді Зеленский.

Оның айтуынша, Ресей әскерінің шабуылын тоқтату үшін қару-жарақтың болғаны маңызды.

"Жағдай өте күрделі. Әсіресе, Донбасс пен Харьков маңындағы аудандарда жағдай қиын. Ресей армиясы қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге тырысып жатыр" деді Зеленский.

Президент Ресей әскері шоғырланған Северодонецк, Лисичанск, Бахмут, Попасна және өзге қалаларды майдандағы негізгі бағыттарға жатқызды.

Келесі аптада Украина президенті Еуропа елдерінің парламентінде мәлімдеме жасайды. Атап айтқанда, Еуроодақтың 30-31 мамырда өтетін жиынында Зеленский "Ресей терроры" туралы айтпақ.

24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, соғысты "арнайы операция" деп атаған. Бастапқыда оның мақсаты "демилитаризация және денацификация" деп түсіндірілді, ізінше "Донбасты қорғау" қажеттігі айтылды.

Ресей билігі армия азаматтық нысандарға шабуыл жасап жатқан жоқ деп мәлімдеген. Дегенмен Ресей авиациясы, флот пен артиллерия күн сайын украин қалаларын атқылап жатыр. Мариуполь, Харьков, Чернигов, Житомир, Северодонецк және өзге қалалар мен селолардағы тұрғын үйлер мен азаматтық нысандар қирап жатыр.

* * * 

Ресей басқыншылығының салдарынан әлемде аштыққа ұшырайтындар 18 миллионға көбейеді.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін туындаған азық-түлік тапшылығы, оның қымбаттығы және тыңайтқыш тапшылығынан әлемде аштыққа ұшырайтындар 18 млн-ға көбейіп, 218 млн-ға жетеді. Бұл әлем халқының шамамен үш пайызы. Италияның Corriere della Sera басылымына берген сұхбатында БҰҰ өкілі Маурицио Мартина осылай деп мәлімдеді.

"Дағдарыс басталғанға дейін 2021 жылы әлемде аштыққа ұшырағандар артып, 200 млн-ға жеткен. Олар әлемнің 53 елінде тұрады. Қазіргі қақтығыс аштық жағдайын онан сайын ушықтырады" деді Мартина.

БҰҰ болжамы бойынша, Украина порттарында 6 млн тонна астық және шамамен 14 млн тонна жүгері тұралап қалған. 55 дамыған елдің кемінде 36-ы Украина және Ресей бидайына тәуелді.

Мартинаның айтуынша, БҰҰ Украина астығы мен жүгерісін Румынияға жүк көлігімен жеткізу мәселесін қарастырып жатыр. Ол жақтан астық Дунай арқылы жөнелтіледі. Алайда оны соғысқа дейін тасымалданған астық көлемімен салыстыруға келмейді.

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының директоры Дэвид Бизли осыған дейін Украинадағы дағдарысқа байланысты әлемде аштыққа ұшырағандар 276 миллионнан 323 миллионға жетеді деп болжаған.

* * *

Мариуполь портына ресейлік кеме кіріп, металл өнімдерін жүктеді.

Ұзақ соғыстан кейін Ресей әскерінің бақылауына өткен Украинаның Мариуполь қаласы портына сенбі күні алғашқы ресейлік кеме кірді. Ол жүк тасымалдайтын орынға тұрған. Кеме металл жүктеп, дүйсенбі күні Ресейдің Ростов-на-Дону қаласына аттанбақ. Украина билігі мұны тонау әрі мародерлік әрекет деп атады.

Ресей ақпарат құралдарының көбі кеменің келгені туралы ақпарат таратпады. Оның келгенін Киев растады. Украина жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисова Телеграм-арнасында кеме бортына үш мың тонна металл өнімдерін жүктейді деп жазды. Оның айтуынша, Мариуполь портында оккупацияға дейін құны 170 млн доллар болатын шамамен 200 мың тонна металл жиылып қалған.

Украинадағы ірі болат өндіруші "Метинвест" компаниясы осыған дейін "Мариуполь портында бес кеме тұр, соғысқа дейін оған ондаған мың тонна металл жүктелген" деп хабарлаған еді. Компания өкілдері Ресей ол кемелерді басып алып, металл өнімдерімен бірге алып кетуі мүмкін деп қауіптенген. Егер олай жасаса, Ресейдің әрекеті тонау болып бағаланады деген еді. Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, 28 мамырда келген кеме "арнайы операцияға" дейін жасалған келісімге сай металл өнімдерін Ресейге тасымалдамақ.

Ресей қорғаныс басшылығы 26 мамырда Мариуполь порты акваториясының миналар мен суға батырылған кемелерден толық тазартылғаны жайлы есеп берген.

Соғыс барысында Ресей әскері Мариуполь мен Бердянск порттарын бақылауға алып, Украинаны Азов теңізінен ажыратқан болатын. Украина бақылауындағы Қара теңіз жағалауын қазір Ресей флоты жауып тастаған. Соның салдарынан Украина порттарынан астық тасылмай, әлемде азық-түлік қымбаттай бастады.

* * *

Украин шекарашылары бұрынғы президент Петр Порошенконы Польшаға жібермей қойды.

Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко НАТО-ның Вильнюсте өтетін парламенттік ассамблеясы жиынына қатысу үшін Польшаға өтпек болған, алайда оны шекарадан өткізбей қойды. Бұл жөнінде Порошенконың "Европейская солидарность" партиясы хабарлады. Партияның айтуынша, бұрынғы президент Вильнюске украин делегациясының ресми мүшесі ретінде бармақ болған және қолында Жоғарғы рада төрағасының бұйрығы болған.

"Рава-Русская пунктіндегі шекарашылар бұйрықтың күші жойылғаны немесе жалған екенін алға тартты" деп жазылған "Европейская солидарность" партиясының Телеграмдағы хабарламасында.

Партия өкілдері Жоғарғы рада төрағасы Руслан Стефанчукпен телефон арқылы хабарласуға тырысқан, алайда ол байланысқа шықпаған.

Украинада Порошенко "мемлекетке сатқындық жасады" және 2014-2015 жылдары Киев бақылауынан шығып қалған Донбастың кейбір аудандарынан көмір тасымалдауға қатысты қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген. Қаңтарда сот саясаткерді босатып, төлқұжатын тапсыруға міндеттеген.

Украинада тағы бір саясаткер Виктор Медведчук та "мемлекетке сатқындық жасау" бабы бойынша күдікке ілінген. Оны қоғамда ресейшіл саясаткер деп атайды. Украина қауіпсіздік қызметі осыған дейін оның тергелгені жайлы видео таратқан. Онда оппозициялық саясаткер мұнай құбырының бір бөлігін Порошенконың нұсқауымен мемлекет меншігінен шығаруға атсалысқанын айтады.

* * *

"Жағдай өте қиын". Зеленский басып алынған аумақтар туралы айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский елдің шығысындағы жағдай "өте қиын" екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол кейінгі видеоүндеуінде айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский сенбіде видеоүндеу жасап, келесі аптада Украина қару-жарақ алу туралы "жақсы жаңалықтар" күтетінін айтты.

Оның сөзінше, қару Ресей әскерін, атап айтқанда Украинаның шығысындағы шабуылды тоқтату үшін қажет.

"Жағдай өте қиын. Әсіресе, Донбасс пен Харьков аймағында Ресей әскері өзі үшін қандай да бір нәтиже көріп қалғысы келеді", - деді Зеленский.

Сонымен қатар, ол 2014 жылдан бастап Ресей басып алған барлық жерді, соның ішінде Қырымды да күшпен қайтаруға болатынына сенбейтінін мәлімдеді. 

"Біз бүкіл аумақты әскери жолмен қайтара аламыз дегенге сенбеймін. Біз осы жолмен жүруді ұйғарсақ, онда мыңдаған адамнан айырыламыз", - деді ол.

* * *

Украина толықтай мемлекеттігін жоғалтып, Польшамен бірігеді - Янукович.

Украинаның Ресейге қашып кеткен экс-президенті Виктор Янукович Украина мемлекеттігін жоғалтатынын айтып, мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, Киевтің Варшавамен жақындастығы Украина мен Польшаның бірігуіне әкеледі. Бұл туралы Facebook-те экс-президенттің баспасөз хатшысы Юрий Кирасир жариялаған мақалада айтылған.

"Бүгінде бұл туралы жазу қаншалықты ауыр болса да, Украинаның мемлекеттігіне аса үлкен қауіп төніп тұр. Ол толықтай жойылып кетуі мүмкін. Сонымен бірге, бұл жерде елдің оңтүстігінде және шығысында үлкен аумақтарды жоғалту қаупі туралы ғана айтып отырғаным жоқ.
Оның батыс шекараларында да жағдай оңай емес. Польша 1939 жылдың қыркүйегіндегі жағдайдан басқасын да есте ұстайды. Ол 1923 жылдың наурыз айында, Парижде Антанта мемлекеттерінің елшілері екінші Достастық құрамына Шығыс Галисия мен Волынаның батыс бөлігін қосқан кез де оның есінде.
Польшамен қазіргі ситуациялық жақындасу Украинаның онымен нақты бірігуге келісуге мәжбүр болуы мүмкін жағдайға тап болады, өйткені оның егемендігін қорғауға экономикалық дәрменсіздік қаупі болады. Бұл украин халқы өзінің соңғы майданына шыққан еуропалық арманның орындалуының нәтижесі болды", - делінген хат мәтінінде.

Януковичтің пікірінше, Украина Мәскеумен келіссөздер үстеліне отыруға мәжбүр болады, бұған оны Батыс да, АҚШ та итермелейді.

"Ештеңе мәңгілікке созыла алмайды және бұл жағдайда Украинаға қару-жарақ жеткізу де тоқтайды", - делінген Януковичтің үндеуінде.

Виктор Янукович - Украинаның төртінші президенті. 2014 жылдың ақпан айында елдегі саяси дағдарыс кезінде биліктен шеттетілді. Саясаткер Ресейге қашып кетті. Содан кейін Украинада Януковичке қатысты көптеген қылмыстық іс қозғалды. 2019 жылы Янукович Украинада мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сырттай 13 жылға сотталған.

* * *

Өзбек әншісі Наргиз Закирова Ресейден қуылды.

Танымал өзбек әншісі Наргиз Закироваға Украинадағы соғысқа қатысты айтқан сөзіне байланысты 2072 жылға дейін Ресейге кіруіне тыйым салынды. Бұл туралы әртістің адвокаты Бахром Исмаилов мәлімдеді.

"Менің қолымда 50 жылға кіруге тыйым салу туралы шешім бар. Бұл арнайы операцияны айыптаған әртістер алып жүрген стандарт тыйым. Наргиз Закироваға қатысты да осы шектеу қойылды. Наргиз бұған дайын болды. Осыған қарамастан, қамқоршым азаматтық ұстанымына адал болып қала береді", - деді адвокат.

Исмаилов АҚШ азаматтығы бар Закированың жақында Мәскеудің Домодедово әуежайы арқылы Өзбекстанға оралуына тура келгені туралы ақпаратты растады. БАҚ мәліметінше, ол жер аударылды.

Әнші бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты бірнеше рет ашық мәлімдеме жасаған еді. 22 сәуірде ол телеграм-арнасында былай деп жазды: "Украинадан қолыңды тарт! Украина халқын өлтіретін, жоятын, зорлап, тонайтындардың бәрі қарғысқа ұшырасын! Соғысқа жол жоқ!".

* * *

Кремль Украинадағы соғыс қашан аяқталуы мүмкін екенін айтты.

Ресей әскерінің Донбасcта алға жылжуы аясында Кремльде тағы да Киевке жасалуы мүмкін шабуыл талқыланып, "Украинадағы соғыста жеңіске" бірнеше ай қалғанда жетуге үміттеніп отыр. Бұл туралы "Медуза" басылымына Кремльге жақын екі дереккөз бен Ресей президенті әкімшілігіндегі дереккөз айтқан.

Басылым мәліметінше, Украинаның ресми өкілдерінің Донбасстағы Ресей әскери күштерінің шабуылы туралы мәлімдемелері барған сайын алаңдатып отыр. Олардың кейбіріне сәйкес, Киевке үлкен шабуыл жасалмақ. 

"Кремльде "жеңісті жариялау" үшін "минимум бағдарлама" 2022 жылдың мамырының соңына Ресей әскерлерінің Донецк және Луганск облыстарының бүкіл аумағын басып алуымен байланысты. Бүгінде Украина Луганск облысының бес пайызын және Донецктің шамамен 40 пайызын бақылап отыр. "Максимум бағдарлама" бұрынғыдай Киевті бақылауға алу деп аталады", - делінген мақалада.  
"Біз бәрібір оларды басып аламыз. Күзге қарай бәрі бітуі мүмкін", - деді тағы бір дереккөз. 

Дереккөздердің сөзінше, мұндай көңіл күй тек Кремльде емес, "Единая Россия" басшылығында қалыптасқан. 

Басылым мәліметінше, дереккөздер Кремль Батыс елдері егер соғыс жалғасатын болса, Украинаны қаржы және қару жағынан қолдауын жалғастыратынына күмәнмен қарайды.  

"Ерте ме, кеш пе Еуропа көмектесуден жалығады - ол ақша да, қару өндірісі жағынан да", - дейді дереккөздердің бірі. 

Ақпараттар kursiv.mediaTengrinews.kzАзаттық радиосы басылымдарынан алынды.

30 мамыр 2022, 10:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.