Атырау, 19 сәуір 22:17
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Ерік Мостовой қаламызға керек, оны жою - қателік!»

1 469 просмотра

«АЖ»-ға ҚР еңбек сіңірген гидротехнигі Нұғман ҚАРАБАЛИН хабарласты. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ол «Атыраусужоба» жобалау-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Ол азаматтық белсенділер Талғат АЯН мен Марат ДОСҚҰЛОВТЫҢ Мостовой каналының мәселесін шешу туралы ұсынысымен келіспейді.

Еске салсақ, олар Ерік Мостовойды көміп, оның орнына демалыс аймағын құруды: жол бойына ағаш отырғызып, аумақты абаттандыруды, канал бойынан түрлі коммерциялық үй-жайларды (дүкенше, дүңгіршектер, павильондар және т.б.) салуды, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын төсеуді, балалар ойын алаңдарын, субұрқақтар, беседкалар және т.б. салуды ұсынып отыр. Сәл кейінірек Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ белсенділердің үндеуіне жауап берді. Ол өзінің Instagram парақшасында akimat_atyrau@atyrau.gov.kz электронды поштасы арқылы осы мәселе бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салуды сұрады.

Ал Н.Қарабалин каналды көміп тастау үлкен қателік болады деп есептейді. Оның айтуынша, 2001-2002 жылдары «Атыраусужоба ЖЗИ» ЖШС жобалау институты бастаған жұмысты аяқтаған дұрыс. Оның негізгі мақсаты - жерасты суларының деңгейін төмендету.

- Жобаға сәйкес, құрылыс кешенімен және инженерлік-техникалық іс-шаралар шешімімен Ерік Мостовой каналының құрылысы экологиялық-табиғат қорғау шараларына жатқызылды. Өйткені онда үнемі тиісті көлбеу мен су ағыны болады және бұл жасанды қолайлы климат жасайтын фактор. Каналдағы су деңгейінің өзгеруіне байланысты су көтерілгенде және төмендегенде жағалау белдеуінің 100-150 метрдей маңына тасқын сулары келеді және жер асты сулары жылыстайды. Осыған байланысты каналдың жағалау белдеуі тұщыланады. Ал Жайық өзенінде су деңгейі төмендегенде канал іргелес аумақтағы жерасты сулары деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін қашыртқы рөлін атқарады. Ұзындығы 2800 метр болатын, арнасы темір-бетон плиталарымен қапталған учаскеде су төмендегенде жерасты сулары каналға еркін ағып тұруы үшін канал еңісінің төменгі бөлігінде сүзгілер құрылғысы арнайы қарастырылған. Жайықта өте сирек болатын мол су тасқыны кезінде канал қала үшін өзіндік айналма канал қызметін атқарады, – дейді Н.Қарабалин.

Оның айтуынша, әуел бастан екі жағалауда суармалы су құбырларын жүргізіп, тиісті күтіммен қолайлы микроклиматы бар жасыл аймақ құруға болатын еді.

– Игерілмеген жерлері бар қала сыртындағы каналдың төменгі бөлігін жер суаруға, мүмкін, балық аулау кооперативтері егіншілікке пайдалануына болар еді. Канал салынғаннан кейін іргелес аумақтар бекіре балығы зауытына дейін тұрғын үйлер салынған, канал мал суаруға және басқа да мақсаттарға пайдаланылады. Сондықтан Ерік Мостовой каналының арнасын бетондап, қала шегіндегі жағалауына серуен аймағын салу қоршаған ортаны жақсартуға, көз тартарлық ландшафт құрып, қолайлы микроклимат құру арқылы қала тұрғындарына жайлы өмір сүру үшін жағдай жасауға көмектеседі. Ерекше айта кететін жайт, бұл іс-шаралардың барлығын каналды пайдаланудың жолға қойылған қызметін жасау арқылы ғана жүзеге асыруға болады, - дейді Н. Қарабалин.

Ол құрылыс аяқталғаннан кейінгі бастапқы кезеңде каналдың 1,5-2 жыл қалыпты жұмыс істегенін атап өтті. Ал бүгінде ол істен шығып, қараусыз қалды.

Қарабалиннің пікірінше, бұлай жалғаса берсе, канал бұрынғы ажарсыз кейпін киеді, яғни құрылыс басталғанға дейінгі – арнасын лай басқан, қалдықтар мен қоқысқа толы, ағынды және еріген сулар мен жауын-шашын тұнып қалған, масалар мен басқа да жәндіктердің ұясына айналған күйге түседі.  

– Сондықтан Ерік Мостовойды қалпына келтіру үшін шұғыл арада инженерлік-техникалық және экологиялық-табиғат қорғау шараларын алу қажет. Ерік Мостовой каналы қаланы абаттандыру нысандарының санатына жатады. Сондықтан оны қалалық коммуналдық қызмет құрылымына қосып, осы ұйымның қызметкерлері қызмет көрсетуі керек, - деп есептейді еңбек сіңірген инженер-гидротехник. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

26 мамыр 2022, 19:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.