Атырау, 19 сәуір 18:45
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Air Astana: Ресейге ұшатын рейстердің тоқтатылуын басқа жаңа бағыттардың есебінен өтеуге тырысып жатырмыз

Сурет
1 094 просмотра

Нұр-Сұлтан қаласындағы әуе компаниясының авиациялық-техникалық орталығында өткен баспасөз турында журналистер «Air Astana» АҚ өкілдерімен билет бағасы, жаңа бағыттар және Ресейге қарсы санкциялардың әсері туралы әңгімеледі.

Әуе компаниясының инженерлік-техникалық департаментінің басты жаңалығы – Air Astana компаниясы Airbus 320 ұшақтары үшін c-check тексеруді (техникалық қызмет көрсетудің ауыр түрі) дербес жүргізеді. Ал бұл алтыншы c-check, ол орта есеппен жылына 2-3 рет жасалады.


- Мәселе мынада, компания бұл үшін көп қаржы үнемдейді. Ол өзінің техникалық базасына, персоналына қаржы салады және сыртқы ұйымдарды тартпайды, - дейді «Air Astana» әуе компаниясының техникалық қолдау менеджері Темірлан БАҒАШАР (суретте).

Әуе билеттерінің құнына бұл үнемдеу әзірге әсер етіп жатқан жоқ.

- Қазір біз тек дамып жатырмыз; дербес техникалық қызмет көрсету үшін, ең алдымен қосымша құрал-жабдық алуға компания қыруар қаржы құйып жатыр, – дейді Т.Бағашар.

Журналистермен кездесуде саттық жөніндегі директор Ислам СЕКЕРБЕКОВКЕ сұрақтар қойылды.

– Батыс өңірі бойынша рейстер кеңейе ме?

– Халықаралық рейстерге келетін болсақ, Fly Arystan жақын арада аптасына екі рет Ақтау-Прага және Алматы-Ереван рейстерін ашады. Ішкі рейстер бойынша барлығы сұранысқа байланысты. Өйткені, біз ғана емес, «Скат», «Қазақэйр» де бар. Сондықтан әр рейстің өзіндік құны болады. Біз рейсті өзімізге шығын келтіріп орындай алмаймыз. Әр рейстің өзіндік тұрақты шығындары бар: жанармай, персонал шығындары, инженерлік-техникалық қызмет көрсету, аэронавигация, әуежай қызметтері және т.б. Ұшақ толық болсын, жартылай бос болсын – бұл шығындарды өзіміз көтереміз. Жеткілікті сұраныс болса, әуе компаниясының өзі мүдделі болады.

– Ішкі рейстердің билеті неліктен қымбат?

И.Секербековтың айтуынша, әуе компаниясының барлық өңірлік халықаралық ұшу бағыттары Алматы мен Нұр-Сұлтан арқылы жасалады:

– Сондықтан Атырау-Анталия бағытына билет сатып алсаңыз, бұл Атырау-Алматы және Алматы-Анталия арқылы жүзеге асады. Жалпы баға белгілеу туралы айтатын болсақ, бізде динамикалық түрде баға белгіленеді. Ұшақ нарық түрімен сараланады, яғни бұл бизнесмендер, депутаттар, бизнес-делегациялар болуы мүмкін, олар әдетте сапарларын соңғы сәтте жоспарлайды. Ал сапарды алдын ала жоспарлайтын жолаушылар санаты бар. Әуе компаниясының қонақүйлер сияқты сұраныс жоғары болатын жазғы маусымы да, сұраныс көп болмайтын маусымы да бар. Сондықтан сатып алу кезінде баға әртүрлі болады. Егер алдын ала жоспарласаңыз, арзанырақ, ал соңғы сәтте шешім қабылдасаңыз, қымбатқа шығады. Соңғы сәтте ұшатын жолаушылар санаты әуе компаниясына алдын ала сатып алатын жолаушыларға билетті тартымды бағамен ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жолаушылар үшін жүкпен және жүксіз ұшуға қаржылық таңдау беріледі. Бұдан басқа лоукост-бағыттар бар. Fly Arystan жаңа әуе рейстерін ашу үшін әуе паркінің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Батыс өңірі бойынша Грузия (Кутаиси), Прага ашылды. Атыраудан Шарм-эль-Шейхқа чартерлік рейстер бар.

– Украинадағы соғыс әуе компаниясының қызметіне қалай әсер етті?

– Ресей біздің ең үлкен нарық болды және бола береді. Пандемияға дейін Ресейге аптасына 74 рейс орындайтын болсақ, бүгінде бірде-бір рейс жоқ. Бүкіл рейс Ресей әуе кеңістігі арқылы Еуропа қалаларына қайта бағытталды, енді Оңтүстік Еуропа арқылы орындалады. Бұл бізге тиімсіз, бірақ осындай қадамға баруға мәжбүр болдық. Басқа айналма бағыт бойынша еуропалық рейстерді орындаған кезде қосымша шығын жұмсаймыз. Бұл билет құнына әсер еткен жоқ, бірақ шығын артты. Бұл біз үшін қиын, жаңа бағыт ашу арқылы шығындарды өтеуге тырысып жатырмыз. Бірақ Ресейге ұшатын рейстерді толығымен ауыстыру өте қиын, - деп түсіндірді стратегиялық даму және үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президент Ердәулет ШАМШИЕВ.

Air Astana былтыр Батуми (Грузия), Подгорица (Черногория), Коломбо (Шри-Ланка) және Пхукетке (Тайланд) жаңа халықаралық рейстер ашты. Сонымен қатар бірнеше халықаралық бағытқа, соның ішінде Мале (Мальдив аралдары), Лондон, Дели, Тбилисиге (Грузия) және Душанбеге (Тәжікстан) ұшатын рейстерді қалпына келтірді. Биыл 15 мамырда тасымалдаушы компанияның құрылғанына 20 жыл болып, компания жаңа 8-ші Airbus A321LR ұшағымен толығып, 2 маусымнан бастап Алматыдан Грекияға Ираклион қаласына тікелей ұшатын жаңа рейс ашты.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ»-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы меншікті тілшісі 

Суреттерді түсірген автор

26 мамыр 2022, 15:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.