Атырау, 24 қараша 17:09
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Борис Джонсон: ​Отставкаға кетпеймін

879 просмотра

Үкімет аппаратының аға қызметкері Сью Грей мемлекеттік аппаратты, оның ішінде, Борис Джонсонның өзін және оның хатшысын локдаун кезінде сауық кештерін өткізді деп айыптайды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

37 беттен тұратын құжат полицияның тергеу ісі аяқталған соң ғана жұртшылық назарына ұсынылды. Тергеу нәтижесінде 126 айыппұл салынғаны белгілі. Туған күн кешін өткізгені үшін премьер-министр мен оның жұбайы да жазаға тартылған болатын. Джонсон бұл жолы оппозицияның ғана емес, өзінің партиялас әріптестерінің де қатаң сынына ұшырады.

Тобиас Эллвуд, Ұлыбритания Парламентінің депутаты: 

– Бұл құжат Даунинг-стритте тәртіптің жоқтығын аңғартады. Керісінше, дәл сол жер өзгелерге үлгі болуы тиіс еді. Мен премьер-министрдің өзіне де айттым. Ол менің қолдауыма лайық емес. Әріптестеріме қояр сұрағым бар: сіздер қашанға дейін мұндай бассыздыққа көз жұма қарайсыздар? Халықтың сенімін жоғалтқан біз бұл түрімізбен келесі сайлауда жеңіске жете аламыз ба? 

Бұған дейін Джонсон Парламенттің Қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде локдаун кезінде Даунинг-стритте ковидке қарсы шектеулердің ешбірі бұзылмады деп мәлімдеген еді. Бұл жолы үкімет басшысы қателіктерін мойындайтынын және ұзаққа созылған хикая осымен аяқталатындығына үмітті екендігін айтты. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Мен өз қателіктерім үшін кешірім сұраймын және жауапкершілікті толық мойныма аламын. Құжат жария етілгеннен кейін біз әрі қарай жылжып, Британ халқының мұң-мұқтажына назар аударуға көшуіміз керек деп үміттенемін. Иә, біз келесі сайлауда жеңіске жетеміз, бірақ ол үшін күнделікті шаруамызға кірісуіміз керек. 

Осы уақытқа дейін Джонсон өзі басшылық ететін партияның қолдауына ие болып келген еді. Құжат жария етілгеннен әріптестерінің пікірі өзгергені анық. Олардың пайымдауынша, сайлаушылардың билік партиясына деген сенімі жоғалады. Үкіметтің жоғары лауазымды қызметкерлерінің жұмысын реттейтін министрлер кодексінде парламентті әдейі адастырған жағдайда министр отставкаға кетуі керек делінген. 

Консервативтік партияның ережелеріне сәйкес, көшбасшыны ауыстыру үшін депутаттардың 15%-і премьерге сенімсіздік білдіріп, хат жазу керек. Қанша депутаттың мұндай қадамға баратыны белгісіз, бірақ құжат жария етілгеннен кейін олардың саны аз болмайын деп тұр. 

Сарапшылар бейбіт заманда Джонсон қызметімен тез қош айтысар еді дейді. Бірақ Украинадағы жағдай мен экономикадағы тұрақсыздық оны әлі күнге дейін құтқарып тұрғанға ұқсайды.

26 мамыр 2022, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.