Атырау, 25 сәуір 01:45
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Тағы бір бала аяусыз соққыға жығылған

Бейнежазба
1 458 просмотра

Бейнежазбадан алынған кадр

Исатай ауданы Исатай ауылында 14 жастағы 8-сынып оқушысын жоғары сыныптың ұлдары соққыға жығып, жәбірленуші дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілген.

Жасөспірімнің анасы Гүлзада МҰСАҒАЛИВАНЫҢ айтуынша, оқиға 20 мамырда күндіз орын алған. Бала футбол ойнауға кеткен екен, ал үйіне соққыға жығылып келген.

- Отбасымызда үш бала бар, үлкені үйленіп, қызым тұрмысқа шығып, ал ең кенжесі Мұханбетім тамызда 15 жасқа толады. Сабақ үлгерімі тәуір, 4-5-ке оқиды. Бұған дейін баламның үстінен мектеп болсын, ата-аналар тарапынан болсын тентек болды деп шағым түскен емес. Сол күні ұлым футболдан біртүрлі денесін ауырсынып келгендей болды. Не болды деп сұрағанымда, ойнап жүріп, құлап қалдым деді. Содан соң жатып қалды. Кейін тамаққа тұрғызғанымызда орындықта дұрыс отыра алмады, біртүрлі дірілдеп отырғандай еді. Ертесіне де балам селсоқ, жата берді. Сол кезде үстіндегі көгерген іздерді көріп шошып кеттім. Дереу «жедел жәрдем» мен полиция шақырып, арыз түсірдім, - дейді Г.Мұсағалиева.

Дәрігерлер жасөспірімді ауданнан облыс орталығына алып кеткен. Сол жерде оған «оң жақ иықтың көптеген жұмсақ тіндерінің көгеруі, бел және жүрек қуысының жарақаты» деген диагноз қойған.

- Бұған дейін балаңызға әлімжеттік жасалған кездер болды ма?

- Иә, ондай болды. Бірде 9-сынып оқушылары мектептің киім шешетін жерінің есігін сындырып тастап, «сен сындырдым деп айтасың» деп қорқытқан. Балам мектеп директорына түсініктеме жазған. Бірақ мектеп ұжымы мұның біреуін маған айтқан жоқ, мен біреулерден естіп барып, ақ-қарасын шешуді сұрадым. Бұған бірақ мектеп әкімшілігі бей-жай қарап, жауапсыз қалдырды. Айналып келгенде жағдай ушығып, осыған дейін жетіп отыр. Мектептің психологы не қарап отыр, шарасын алып, түсіндірме жұмыстарын жүргізбей ме? Негізі баламды 9 бала ұрып-соққан. Екеуі 9-сынып оқушысы, қалғаны сыныптастары. Достарын қорқытып, баламды бәрі жабылып ұруға мәжбүрлеген. Бүгінде балалардың әке-шешесі келіп кешірім сұрауда. Мен кешірермін, балаларды соттатып не табам? Бірақ мұның аяқсыз қалуын тағы қаламаймын. Мектеп те жауап берсін.

Біз осы жайтқа байланысты Исатай орта мектебінің директоры Айгүл ӘДІЛБАЕВАҒА қоңырау шалғанбыз. Ол «Іспен полиция айналысуда, тергеу аяқталмайынша мен ештеңе айта алмаймын», деп қысқа қайырды.

Исатай ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлайна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА былай дейді:

- Жалпы бұл оқиғаға байланысты мектеп оқушылары және ата-аналармен кездестік. Бұл оқиға сабақтан тыс кезде, ауылдың шетінде болған дейді балалар. Түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Жәбірленуші баланың жағдайын сұрастырып отырмын, жағдайы жаман емес. Ауруханада ем алуда.

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі мәлімдегендей, 21 мамырда 2007 жылы туған жасөспірім оқушының соққыға жығылғаны туралы ата-анасынан арыз түскен. Күдікті ретінде Исатай орта мектебінің 9-сынып оқитын екі оқушысы анықталды. ҚР ҚК 107- бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сараптамалар тағайындалған.

Бұл соңғы жылдары «мектептегі зорлық-зомбылық» орын алған алғашқы оқиға емес. Сәуір айының соңында Атырауда №36 мектептің 11-сынып оқушылары 10-сынып оқушысын аяусыз соққыға жыққан. Дәл осы 107-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба

26 мамыр 2022, 09:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.