Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей әскері Донецкідегі Қызыл Лиман қаласын шабуылдап жатыр. Әлеуметтік желілерде шайқас қаланың солтүстігінде өрбігені жайлы ақпарат тарауда. Ал британдық барлау Ресей күштері Северодонецк пен Лисичанск қалаларын қоршауға алу үшін бір-біріне қарама-қарсы келе жатқанын хабарлайды. Бұл Луганск облысының ірі шаһарлары, деп хабарлайды Хабар 24.
- Бұл қызым мен немерем оқып жүрген мектеп еді. Ғимаратта әскерилер болған жоқ. Бұл тұрғын аудан болып саналады. Тіпті айтарға сөзім жоқ. Қазіргі күйімді қалай жеткізетінімді де білмей тұрмын.
Ресми Мәскеу Киевтің бақылауындағы аудандарда гуманитарлық ахуалдың ушығып бара жатқанын мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бейбіт тұрғындар зардап шекпесін шабуылды баяу жүргізіп жатырмыз дейді. Ал бүгін Мариуполь портынан кемелерді шығару үшін гуманитарлық дәліз ашылуы тиіс.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Донбастағы ахуал өте қиын. Ресей күштерінің көбі осы өңірде шоғырланған. Ресей тарапы ақылға қонымсыз мәлімдеме жасады. Олар елімізді 3 күн ішінде басып алуға 3 рет әрекет жасағанымен онысынан ештеңе шықпады. Енді бұл әу баста жоспарланған тактика болатын деп ақталып отыр.
Ресей ақпарат құралдары "Азовсталь" зауытының бейнежазбасын жариялады. Онда комбинаттың қаншалықты қирағаны көрсетілген. Әзірге аймақтағы инфрақұрылымның тек үштен бір бөлігі тексерілді. Зауытта Украина күштері қалған жоқ. Олардың барлығы өткен аптада шығарылды.
Владимир Зеленскийдің айтуынша, зауытта бейбіт тұрғындар да қалған жоқ. Аймақтан 2,5 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Қазір Мариуполь қаласы Ресей әскерінің бақылауында.