Атырау, 24 қараша 16:26
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 89-күн

1 164 просмотра

Украинаның Луганск облысы әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай атқылаудан ондаған үйлер қирап, бейбіт тұрғындардың қаза болғанын хабарлады. Лисичанскіде, Гайдайдың айтуынша, жексенбіде бір әйел қайтыс болды - оның үйіне снаряд түскен. Сондай-ақ снарядтар 13 үйге түскен.

* * * 

CNN хабарлауынша, Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джакинда Ардерн өз елінің Украина қарулы күштерін оқыту үшін Ұлыбританияға 30 әскер жіберетінін мәлімдеді. Оларға L-119 жеңіл зеңбіректі қолдануды үйретеді.

* * *

РФ Қорғаныс министрлігі Херсон облысының Белозерка ауылында екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Тағы 10-ға жуық адам жараланған. Бұл, ведомствоның мәліметінше, Украина қарулы күштерінің атқылауы кезінде болған. Бұл туралы ТАСС хабарлайды.

* * *

Зеленский кеңесшісі: Ресей әскерін әкетпейінше Украина келісімге бармайды.

Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі, Ресеймен келіссөз бойынша украин делегациясының мүшесі Михил Подоляк Ресей Украина аумағынан әскерін әкетпейінше Киев атысты тоқтату туралы келісімге бармайтынын айтты.

Ресей әскері "елден кетуі тиіс, тек содан кейін ғана бейбіт процесті қалпына келтіру мүмкін болады" деді Подоляк. Оның сөзінен Reuters агенттігі үзінді келтіреді.

Ол талаптардың арасында Мәскеу аннексиялап алған Қырымның бар-жоғын айтпады.

Қырым мен Донбастың бір бөлігі 24 ақпанға дейін де ресейшіл күштердің қолында болған. Осыған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский Ресей әскері 23 ақпан күнгі позициясына оралса ғана келіссөзге баратынын айтқан. Подоляк секілді Зеленский де Мәскеуге Украина территориясын бермейтінін айтқан.

Подоляктың сөзіне қарағанда, әскерін елден шығармаған Ресей үзіліс жасаған сайын күшін қалпына келтіріп, бұрынғыдан бетер екпінді соққымен оралады. Президент кеңесшісі Киевтің позициясы барған сайын "қатайып" бара жатқанын мойындады. Осыған дейін Ресей тарабы бейбіт келіссөз іс жүзінде мүлде жүргізіліп жатқан жоқ деген еді.

Подоляк бірқатар батыс елдерінің атысты дереу тоқтату туралы үндеуін "ақылға қонымсыз"санайды. Осыған дейін Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони сондай мәлімдеме жасаған. New York Times басылымы Украина жоғалтып алған территориясын енді қайтара алмайды деп тұжырымдаған. Михаил Подоляк Ресей "ауыр жеңіліске ұшырауы үшін" Батыс Украинаны қолдай беруі тиіс деп есептейді.

Украинада соғыстың жүріп жатқанына үш айға жуықтады. Ресей билігі оны "арнайы операция" деп атаған. Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі бірқатар облыстарды бақылауына алып, олардың Азов теңізімен байланысын үзген. Олар Киевтен кетуге мәжбүр болды. Қазір шайқас Украина шығысындағы негізінен Луганск және Донецк облыстарында жүріп жатыр.

* * *

Жоғарғы Рада Украинадағы мобилизациялау мерзімін ұзартуды қолдап дауыс берді.

Жоғарғы Рада Украинадағы соғыс жағдайы мен мобилизациялау мерзімін үш айға ұзартуды қолдап, дауыс берді.

ТАСС хабарлағандай, елдегі соғыс жағдайы мен мобилизациялау мерзімі 23 тамызға дейін ұзарту бастамасы көтерілді.

Украинада 24 ақпанда толық ауқымды көлемде соғыс басталғаннан кейін соғыс жағдайы енгізілді. Әрбір келесі айда ел билігі оны ұзартып келеді. Сонымен қатар, 25 ақпанда Зеленский әскери міндеттілерді әскерге жаппай шақыру басталғанын жариялап, оны 90 күн ішінде өткізуді тапсырды.

* * * 

Ресей мыңға жуық Америка азаматының елге кіруіне тыйым салды. Арасында президент Джо Байден, актер Морган Фриман бар.

Ресей сыртқы істер министрлігі елге кіруіне тыйым салынған АҚШ азаматтарының тізімін жариялады. Онда 963 адамның аты-жөні жазылған. Ресей СІМ-нің пікірінше, бұл адамдар "русофобияны қоздырып отыр".

Тізімде АҚШ президенті Джо Байден, вице-президент Камала Харрис және өзге де қоғам қайраткерлері бар. Тізімге танымал актер Морган Фриман да енген. Ресей билігінің хабарламасында оның 2017 жылы қыркүйекте видеомәлімдеме жасап, "Ресейді АҚШ-қа қарсы астыртын әрекет етті" деп айыптағаны жазылған.

Санкция тізімінде АҚШ сенатының ондаған өкілі және өкілдер палатасының 400-ден астам мүшесі де бар. Олар бұған дейін Ресейге санкция салуды қолдаған. Тізімде сонымен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Байден әкімшілігінің бірнеше өкілі, оның ішінде, қорғаныс министрі Ллойд Остин, орталық барлау басқармасының басшысы Уильям Бернс те бар. Ресейде "экстремистік корпорация" деп танылған Meta жетекшісі Марк Цукербергке де тыйым салынған.

Санкция тізіміне Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай да енген. Тізімде бірқатар журналистердің де есімі аталады: Bellingcat зерттеушісі Арик Толер, саясаттанушы, Ақ үйдің бұрынғы хатшысы Джен Псаки, тіпті 2018 жылы қайтыс болған сенатор Джон Маккейндің есімі жүр.

2022 жылы ақпан айының соңында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ Мәскеуге санкциясын ұлғайтқан. Санкцияға ілінгендер арасында Ресей президенті Владимир Путин және Ресей билігінің өзге де жоғары лауазымды тұлғалары бар.

* * *

АҚШ Украинаға аранайы жасағын жіберуі мүмкін.

Ақ үй Украинадағы АҚШ елшілігін қорғау үшін Киевке АҚШ арнайы күштерін жіберуге рұқсат берді. Бұл туралы жексенбі күні президент Джо Байден әкімшілігінің өкілдеріне сілтеме жасаған The Wall Street Journal басылымы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Президент Байденге әзірге мұндай ұсыныс түскен жоқ. Алайда, егер ол оны мақұлдаса, әскер тек Ресей зымырандарының радиусында орналасқан елшіліктің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орналастырылады", - дейді саясаткерлер.

Атап өткендей, миссияның мақсаты Киевтегі АҚШ елшілігін жаудың қаланы атқылауы фонында қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болады.

* * *

Украина ТМД халықтарының ерлігі мен қаһармандығын мәңгі есте сақтау жөніндегі келісімнен шықты.

Украинаның Жоғарғы Радасы елдің ТМД халықтарының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен қаһармандығын мәңгі есте сақтау жөніндегі келісімнен шығуын жақтап дауыс берді. Бұл туралы Рада депутаты Ярослав Железняк Telegram-да мәлімдеді.

Оның айтуынша, заң жобасын қабылдауға 274 халық қалаулысы дауыс берген.

Ақпараттар kursiv.media, zakon.kz, Азаттық радиосыTengrinews.kz  басылымдарынан алынды.

23 мамыр 2022, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.