Атырау, 23 сәуір 22:30
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Балалар спорты қаржыдан қағылды

953 просмотра

500 мыңға жуық бала арт-спорт бағдарламасы арқылы тегін үйірмелерге қатысып, спортпен шұғылдана бастады. Алайда елде 4-тен 17 жасқа дейінгі 4,5 млн бала бар. Қызығы, барлығы бұқаралық спортпен шұғылдануға  ниет танытса, жағдай қандай болмақ? Себебі осы 500 мың балаға тиесілі спорттық секциялар мен үйірмелер де қаржыландырудан қағылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ата-аналар неше күннен бері жауап алу үшін әкімдікті торуылдап жүр. 

Зиуар Жұманова,  ата-ана: – Біздердің мынау сол жағалауда не үйірмеге бере алмайсың, жеке бар, ол қымбат бізге. Мен өзім «Алтын алқа» иегерімін, жеті балам бар. Енді төрт баламды үйірмеге берейін десем, бере алмаймын. Мына арт спорт, шыны керек, қолжетімді болды. Өте ыңғайлы болды. Қарапайым халыққа. Мен бір балаға да төлей алмаймын. Тамағымызға, пәтер ақымызға кетеді. Сондықтан да осы арт спортты үкімет қолдаса, қолдау білдірсе. 

Елордада 200 мыңнан астам бала бар. Ал үйірмеге ваучерлік кезекте 50 мыңға жуық бала тұр. Тегін спорттық секцияларға жазылғысы келетіндер саны одан да көп. 

Мейрамгүл Дүкуева, Каратэ және пара-каратэ федерациясының басшысы: 

– Қазір кезекте көру қабілеті нашар, мүгедектігі бар балалар тұр. Олар тегін үйірмеге жазыла алмайды. Өйткені қаржы болмаған соң сайт жұмыс істеуді тоқтатты. Сондай-ақ біз екі айдың жалақысын ала алмай сан соғып, жаттықтырушылар тегін жұмыс істеп жүр. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін жаттықтырушылар өздері бірінші топтағы мүгедектер және олар да тегін жұмыс істейді. Бұл әділетсіздік қой. 

Балалар тегін үйірмеден қағылғанымен қатар, жаттықтырушылары да екі айдан бері еңбек ақыларын алмаған. Бағдарламаға сеніп, спорттық секциялар ашып, өз ісімен шұғылдана бастағандар да қарызға белшеден баттық деп отыр.  

Қуат Ерғалиев,  кәсіпкер:

– Арт-спортқа қаржыландыру толық беру керек қазіргі уақытта. Сіздер білесіздер, астанада спорт бойынша ақша бітіп қалды. Наурыздан бастап арт спортқа ақша жоқ, үйірмелер жабылып жатыр. Жеткізушілер ақшасыз қалды. Жалдау ақысын төлей алмай жұмыс тұрып қалды. Көбі несие алды. 

Тегін үйірмелер жабылмасын, бұқаралық спортқа қолдау көрсетілсін деген ата-аналар мен жаттықтырушылар бұл салаға 25 млрд теңге бөлуді сұрайды. Алайда мұндай соманы қарастыру мүмкін емес, - дейді Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері. Жауапты мамандар бюджеттен 8 млрд теңгеге өтінім берген. Бұл қаражат жыл соңына дейін балаларды тегін үйірмемен қамтамасыз етуге жетеді деген пікірде. 

Самат Жылқыбаев, Мәдениет және спорт басқармасының басшысы: 

– Біз жыл басында арт-спортқа 1 млрд 300 млн теңге бөлгенбіз. Бірақ сәуірде қаражат таусылып қалды. Бүгінгі күні қызмет көрсетушілерге 1 млрд 4 млн теңге кредиторлық қарызымыз бар. Ата-аналар 25 млрд теңге сұрайды. Бұл – қомақты қаражат. 

Бір жыл бұрын балаларға тегін үйірме мен спорттық секцияға қатысуға мүмкіндік берілген. «Артспортеду» порталы арқылы кез келген жерден өзіне ұнайтын спорт түрін таңдап жолдама алуға болатын. Дегенмен басында қызмет көрсететін мекеме, жаттықтырушы, тіпті, спорт түрі де аз еді. Сұраныс артқан соң ұсыныс та көбейді. Осылайша бұл бағдарлама халық арасында кеңінен таралды. Алайда жарты жылда кейбір облыстарда бағдарламаны қаржыландыру мәселесі туды. Әкімдіктер бөлінген қаржаттың түбі көрінгенін алға тартты. Қызмет көрсетушілер мен жаттықтырушылар алдында берешек пайда болды. Бірқатар өңірде бағдарлама тоқтатылды. 

Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі: 

– Жасырмаймыз, барлық облыста арт спортты қаржыландыруда проблема бар. Оны жою үшін 17 өңір мәслихат сессиясының қарауына бюджеттік өтінім берді. Олардың бір бөлігі қолдау да тапты. Осы спортқа 50 млрд теңгедей қаражат қажет. Әрине, біз бұл мәселені Үкімет деңгейіне шығарғымыз келеді. Себебі барлық әкімдіктерге тапсырма беру үшін мәселені Үкіметте көтеруіміз керек. 

Өңірлердегі Дене шынықтыру және спорт басқармаларының бюджеті биыл шамамен 200 млрд теңгеге жетті. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бөлінген қаражаттың көп бөлігін іс шараларды өткізуге, құрама командалардың дайындығы мен жарыстарға жұмсалады. Сондай-ақ қаражат балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерін күтіп-баптауға кетеді. Ал біз елорданың құрама командаларын қаржыландыруға кететін ақшаны зерттеп көрдік. Биыл ат спортына 100 млн теңге жоспарланған. Футболға шамамен 250 млн теңге. Әйелдер баскетбол құрамасына 50 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Регбиге 50 млн қарастырылыпты. Ал велоспортқа 100 млн теңге бөлінген. Бұл шығындардың бір бөлігі ғана. Ал осының ішінде жетім қыздың күйін кешіп отырғаны бұқаралық спорт секілді.

23 мамыр 2022, 10:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.