2021 жылдың шілде айынан бастап «Балалар – ел болашағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ерекше қажеттіліктері бар 95 бала иппотерапия курсынан өтті. Биыл бірлестік 120 баланы оңалтуды жоспарлап отыр.
Жоба мемлекеттің көмегімен жүзеге асырылуда. Қызметке тапсырыс беруші – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Сондай-ақ балалардың церебралды сал ауруы, аутизм, психикалық дамуы тежелген, сөйлеу қабілеті тежелген және басқа да жүйке-психоневрологиялық диагноздары бар балаларды орталыққа жібереді.
– Екі айдан бері немеремді иппотерапияға әкеліп жүрмін. Оған церебральды сал ауруы диагнозы қойылған. Бұрын ол жиі дірілдейтін, жүре алмайтын. Сабақтан кейін әлдеқайда сабырлы болған, енді біздің көмегімізбен де, өздігімен де қозғала алады. Бірақ 30 минуттан 24 сабақ одан әрі даму үшін жеткіліксіз екені анық, сабақтарды үзіп алмай, әрі қарай жалғастырғымыз келеді, - дейді алты жасар Әли МАРАТТЫҢ әжесі Светлана.
- Бізге бірнеше диагноз қойылды - психикалық дамуы тежелген, AСБ (аутизм спектрінің бұзылуы), майтабан, оған қоса баланың іші қатып қалатын, содан кейін жылауық (киста) анықталды. Осының салдарынан бала гипербелсенді, мазасыз. Тағайындалған дәрі-дәрмектер бұл белгілерді жеңілдетуге көмектеспеді, оның үстіне киста диагнозы қойылғаннан кейін бізге бұл препараттарды қабылдауға мүлдем тыйым салынды. Дәрігерлердің бәрі бірауыздан жүзумен, иппотерапиямен айналысуға кеңес берді, – дейді Венера ЛИКЕРОВА. – Қазір ұлым оңалтудың екінші курсынан өтуде, нәжісі қалыпқа келді, едәуір сабырлы, орнықты, әр нәрсені білуге құмар бола бастады. Бұрын сабақта 10 минутқа да шыдамайтын, қазір жарты сағаттай ат үстінде жайбарақат отырады. Бұрын жануарларға мән бермесе, қазір мысыққа, итке жақсы қарайды, жылқыға ерекше қуанады, «Бостон» атты иппотерапевтімізді көргенде күлімсірейді.
«Балалар – ел болашағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира ӨТЕПҚАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, нұсқаушыларды оқыту үшін Атырауға осы салада 10 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан, балаларды оңалтуда тәжірибесі мол Өскемен орталығының мамандары келген.
- Бізде шектеу бар, 6 мен 18 жас аралығындағы балаларды оңалтуға алып жатырмыз. Бірақ емдеуді және оңалтуды неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым ілгерілеу айтарлықтай болатынын әріптестеріміздің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан жас шегін кеңейту туралы ұсыныс жасамақпыз. Өскеменде тіпті 10 айлық сәбилерге де оңалту жұмыстарын жүргізеді, – дейді Г.Өтепқалиева.
Ерекше балалардың ата-анасы мұны қолдайды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ. Иппотерапия (лат. Hippos - жылқы, therapia - медициналық көмек, емдеу) – оңалту ретінде жылқымен емдейтін дене шынықтыру түрі. Әлемдік оңалту тәжірибесінде емдік тұрғыда атпен жүру адамның психологиялық және физиологиялық жағдайын ескеруге мүмкіндік беретін оңалтудың көп функционалды әдісі ретінде қарастырылады.