Атырау, 18 сәуір 17:53
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

«Бергей мұрасы» және басқа да «сақалды» құрылыстар

1 578 просмотра

Көп жылдан бері қозғалмай тұрған нысандардың тағдыры биыл шешілетін сияқты. Әңгіме «Бергей мұрасы» – құрылысы бітпеген киноконцерт залы мен монша-сауықтыру кешені туралы болып отыр. Осы және өзге де құрылыстар туралы брифингте облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ айтты.

Еске салсақ, екі жобаны да 2012 жылы «Бергей» командасының тұсында аяқтау жоспарланған. Киноконцерт залын салу құны 3 миллиард 681 миллион теңге, ал монша кешенінің құны 840 миллион теңге деп белгіленді. Мердігер компания «Снабойлстрой» ЖШС болып, ол кейін банкрот деп танылды.

Бұған дейін бұл нысандар инвесторлардың қызығушылығын оятып, алдағы уақытта концерт залының ғимараты сауда ойын-сауық орталығы болып қайта жаңғыртылатыны хабарланды. Сондай-ақ, бір кәсіпкер ғимаратты мектепке, енді бірі балабақшаға бейімдеу туралы ұсыныс жасағаны белгілі. Монша-сауықтыру кешені бойынша екі нұсқа болды: құрылысты аяқтап, нысанды өз мақсатына пайдалану, екіншісі - осы жерден жеке емхана ашу. Бірақ мұның бәрі ниет болып қалды.

Н.Құсайыновтың айтуынша, бүгінде бұл нысандарды жеке меншікке алғысы келетін инвесторлар бар. Дегенмен, бұл процесс оңай емес:

– Біз қазір мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа аталған нысандарды иесіз мүлік деп тану және арыз берушінің оған меншік құқығын тану туралы талап арыз бердік. Содан кейін біз нысандарға сараптама жүргіземіз, содан кейін олардың қандай мақсатта пайдаланылатынын шешеміз. Қалай болғанда да соңғы сөзді облыс әкімі айтады. Енді сот шешімін күтіп отырмыз.

4 жыл болған тағы бір сақалды құрылыс - бұл облыс әкімдігі ғимаратының жапсармасы. Мердігер – «Казстройподряд» компаниясы. Нұрлан Ноғаевтың тұсында құрылыс басталып, кейін жобалық-сметалық құжаттары пысықтала бастады, нәтижесінде нысанның сметалық құны 13,5-15 миллиард теңгеден (!) 8,2 миллиардқа дейін азайды.

Ғимаратты салу барысында жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізілуіне байланысты құрылыс уақытша тоқтатылды. Қазір құрылыс жүріп жатыр, жапсарманы биыл тамыз айында, ал қосымша ғимаратты қараша айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, - деді Н.Құсайынов.

Еске салсақ, 2018 жылдың сәуір айында сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев әкімдіктің барлық басқармасын жаңа ғимаратқа бір жерге жинауды ұсынды. Бұрын нысан 2021 жылдың соңына дейін аяқталады деп уәде етілсе, кейін мерзімі 2022 жылдың сәуіріне дейін ұзартылды.

Тағы бір көпжылдық құрылысты еске түсірейік. Бұл – құны 7 миллиард теңгеден асатын Атыраудағы полиция департаментінің жаңа ғимараты. Нысанды пайдалануға беру мерзімі де әлденеше рет кейінге шегерілді. Алдымен 2019 жылдың желтоқсаны, кейін 2020 жылдың мамыры, содан соң 2021 жылдың аяғы туралы сөз болды. Енді осы жылдың бірінші жартыжылдығында, яғни бір айдың ішінде тапсыруды жоспарлап отыр, бұған күмән бар. Дегенмен, бұл нысан туралы спикер бір ауыз сөз айтқан жоқ. Алайда «АЖ» сауалы облыс орталығындағы бүкіл «сақалды құрылысқа» қатысты қойылған еді.

Айнұр САПАРОВА

21 мамыр 2022, 23:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.