Атырау, 25 сәуір 16:58
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Құлсарының бұрынғы әкімінің «закладчикке» қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр

Толықтырылды Бейнежазба
1 852 просмотра

Бүгін, 20 мамырда әлеуметтік желіде бұрынғы Құлсары қаласының әкімі Қаржау ШАРҒАБАЕВТЫҢ өзін түсіріп тұрған кадр сыртындағы ер адамның сұрақтарына жауап беріп, синтетикалық есірткі салынған ақ нәрсені көрсетіп тұрған бейнежазбасы пайда болды.

Белгісіз ер адам Шарғабаевтан - Құлсары қаласы әкімі деп жазылған «визитканы» көрсетіп ұстап, өзін таныстыруды және «Көктем» ықшамауданында не істеп жүргенін сұрайды.

Ол өзін Қаржау Шарғабаевпын деп таныстырып, бұрын әкім болғанын айтады.

«Не зат ол, мефедрон ба, миф па? Нешінші рет жіберді сені?» дейді кадр сыртындағы дауыс. «Екінші рет пе, үшінші рет пе... Маған дәрі деп айтты» дейді ол. «Бірақ сен әкімсің, любой затты тасисың? Ана жақта бір адамды өлтіріп кетті, қалтасында миллионы бар дейміз, алып келесің бе, барып?». «Оны білмеймін ғой мен». «Әкім мырза, енді мұндай затқа араласпайсыз ғой, иә?» деп сұрайды белгісіз адам. «Болды, жоқ, категорически, қателігімді мойындаймын. Халықтың дамуына үлесімді қосамын» деп жауап береді Шарғабаев.

Біз Шарғабаевтың өзіне қоңырау шалдық, бірақ телефоны өшірулі тұр. Ал бірнеше сағаттан соң Facebook-тегі парақшасында ол бейнеүндеу жариялады.

Ол 19 мамыр күні Атырау қаласындағы Томарлы елді мекеніне бір танысының өтіншімен барған. Сол кезде бейтаныс адамдар келіп, қорқытып, телефонын тартып алған.

- Тағы жеті-сегіз адам келіп жабылып, менің құжатымның ішіндегі 2019 жылы әкімнің қызметінде жүргендегі визитканы тауып алып, соны пайдаланып, видеоға түсуімді талап етті. Бұл видеода мен бұлай өз денсаулығым мен жанұямның амандығы үшін қорыққанымнан айттым. Бұл өзімнің ойымнан емес, ұрып-соғып, өлтіреміз, бейіттің басына көмеміз деп қорқытып, жаздырған видео екенін көріп отырсыздар. Ол видеода менің түрімді көрдіңіздер, аузым қанаған, сау-тамтығым жоқ. Өзімнің ешқандай ештеңеге қатысым жоқ екенін айтқым келеді. Мұны аяқсыз қалдырмаймын, видео жіберуші азаматтар және мені ұрған адамдарға заң талабына сәйкес барлық жерге шағымданып, ақ-қарасын айырамын, - дейді Қ. Шарғабаев. Оның айтуынша, қазір ол емделіп жүр екен.

Бұл жайт бойынша қазір Атырау облыстық полиция департаменті тексеру жұмыстарын бастады, буылған ақ ұнтақ сараптамаға жіберілді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде белсенді тұрғындар есірткі жасырушыларды оқиға орнында ұстап алып, өз беттінше жазалаған видеолар әлденеше рет пайда болған еді.

41 жастағы Шарғабаев - Жылыой ауданының тумасы. Қаржыгер әрі экономист мамандығы бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2004 жылы «Ғимарат» ЖШС-де инженер болып бастаған. 2005 - 2009 жылдар аралығында  «Айтур» ЖШС-де менеджер, 2009-2010 жылдары «Asia-Trading и К» компаниясын басқарды. 2011-2016 жылдары Құлсары қаласы әкімдігі аппаратында бас маман болып жұмыс істеді. 2016-2017 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары болды. 2017-2018 жылдары – Жаңа Қаратон ауылдық округінің әкімі болды. Кейін 2018 жылдың 29 желтоқсанынан бастап Құлсары қаласы әкімі болып тағайындалып, 2019 жылдың маусымында бұл лауазымынан кетті.

Қазір оның қайда жұмыс істейтіні белгісіз. Облыс әкімдігі оның бүгінде мемлекеттік қызметші еместігін хабарлады.

Атырау облысы полиция департаменті баспасөз хабарламасын таратты: «20 мамыр күні әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы Көктем шағын ауданында белгісіз тұрғындардың өзін Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаев деп таныстырған тұлғаны политилен қапшыққа оралған ақ түсті белгісіз ұнтақпен ұстап алған бейне жазба таралды. Жазба авторы ақ ұнтақтың есірткі заты екенін түсіндіреді. Аталған фактіге қатысты Атырау қалалық  полиция басқармасының №2 қалалық бөлімі Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі («Есiрткi заттарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау») бойынша қылмыстық іс тіркелді.

1981 ж.т., Жылыой ауданының тұрғыны Қаржау Шарғабаевтың жүрген жері анықталуда. 

Сондай-ақ, 20 мамыр күні Facebook желісінде Қаржау Шарғабевтың 19 мамыр күні Томарлы селосында белгісіз 7-8  адамның ұрып-соғып, телефонын тартып алып, қорқытып, видеоға түсіргені туралы бейнеүндеуі жарияланды. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бұзақылық») бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Айнұр САПАРОВА

20 мамыр 2022, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.