Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "құқық қорғау органдарының қиялынан туған" қылмыстық істерді дереу тоқтату қажеттігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау істеріне талдау жүргізу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, ақпаратты әкімшілікке тоқсан сайын енгізу керек.
"Әрине, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді Бас прокуратура шұғыл түрде тоқтатуы тиіс", - деді Тоқаев Ақордадағы қазақстандық бизнес өкілдерімен кездесуде.
Президент бизнес үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі мемлекеттің саясатына нұқсан келтіретін күш құрылымдары қызметкерлері басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын күшейту керектігін айтты.
"Мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасау саясатына көлеңке түсірген күш құрылымдары басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын айқындау маңызды. Бас прокуратурадан Жоғарғы сотпен және Үкіметпен бірлесіп заңнамаға нақты түзетулер пакетін ұсынуды сұраймын. Президент әкімшілігі бақылауға алсын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бизнестің мемлекеттік аудит жүйесіне қатысты проблемаларды үнемі көтеріп келе жатқанын атап өтті.
"Тапсырыс беруші меморгандарға жүргізілген мемлекеттік аудит тексерулерінің қорытындысы кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға негіз болып жатады. Бұл жерде жүйе кәсіпкерлер мемлекеттік аудиттің қорытындысына шағымдана да, негізсіз қылмыстық қудалаудан құтыла да алмайтындай етіп түзілген. Мемлекеттік аудиттің қорытындысына азаматтық тәртіппен шағымдану мүмкіндіктері түгел қолданылып біткенше қылмыстық іс қозғау мүмкін болмайтындай тетік енгізген абзал. Жалпы алғанда Бас прокуратура ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-омбудсменмен бірге шұғыл түрде қылмыстық және азаматтық-құқықтық саладағы шектеулер тетігін әзірлеуге тиіс. Коммерциялық дау-дамайларды нақты азаматтық-құқықтық тәртіпте реттеуді қамтамасыз ету – аса маңызды міндет", - деді Президент