Атырау, 29 наурыз 16:23
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырауда жалға берілетін баспананы субсидиялау бойынша алғашқы өтініштер мақұлданды

986 просмотра

Бүгінде Атырау облысы бойынша жалға берілетін тұрғын үй төлемақысының 50 пайызын субсидиялау туралы «Отбасы банк» АҚ-на келіп түскен 257 өтініштің 49-ы мақұлданған. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрбол ҚҰРМАН брифингте мәлім етті.

Сәуірдің 18-інен бастап өтініштер қабылдана бастады. Өтініштер онлайн режимде оtbasybank.kz порталына түседі.

 Республика бойынша 17 000 қатысушы «Отбасы Банк» АҚ-нан өтініш беруге шақыртуы бар SMS-хабарлама алған. Сәуір айының соңында тағы 23 000 адамға шақырту хабарламасы түскен. Нұрбол Құрманның айтуынша, жалға алынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метр құны айлық есептік көрсеткіш пен облыс немесе қаланың белгіленген коэффициенті негізінде қалыптасады.

Еске салсақ, Атырау облысында жалға алынатын пәтердің 1 ш.м. құны - 2172 теңге. Мемлекет белгілі бір шектеу енгізген: 3 адамнан тұратын отбасы 86894 теңге, 5 адам – 130 340 теңге, 6 және одан көп адам 173787 теңге тұратын пәтер жалдай алады. Бюджет осы қаржының 50 пайызын субсидиялайды.

Мемлекеттік қолдауға 4 санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады. Олар: І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар.  

- Субсидия алуға үміткер депозиті бар, «Отбасы банк» клиенті болуы тиіс. Өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады. «Отбасы Банк» жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үй мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады. Баспананы жақын туыстардан, жұбайынан, оның ішінде бұрынғы жұбайынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынады, - деп хабарлады Н.Құрман.

- Әзірге өтінімдерді мақұлдау туралы айтып отырмыз, төлемдер әлі жүргізілген жоқ. «АЖ»-ның «мақұлданған өтініштер тізімінде азаматтардың қай санаты басым?» деген сұрағына Н.Құрман былай деп жауап берді:

– Біз бұл туралы кейінірек, бөлек статистика жүргізе бастағанда айта аламыз.

Айнұр САПАРОВА

18 мамыр 2022, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.