Атырау, 8 мамыр 07:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Тұрғын үй, денсаулық сақтау, спорт саласы бойынша не салынып жатыр

1 047 просмотра

Жыл аяғына дейін Атырауда 1030 пәтерлік 16 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұл туралы Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.  

Құрылыс басқармасының мәліметіне сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Атырау қаласында 2610 орындық 9 балабақша құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, қазіргі таңда 320 орындық 2 балабақшаның құрылысы басталған. 

- Болжамды көрсеткіштерге сәйкес, өңірде жыл аяғына дейін 220 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қазір жалпы ауданы 202,5 мың ш.м. құрайтын 2368 пәтерлік  39 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жыл аяғына дейін 1030 пәтерлік 16 тұрғын үй тапсырылады, - деді Н.Құсайынов. Сондай-ақ ол былтыр 2284 орындық 4 мектептің құрылысы аяқталғанын жеткізді. Ал қазіргі уақытта 8 мектеп салынып жатыр.

Н.Құсайыновтың айтуынша, биыл демеушілер есебінен 1200 орындық 2 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар, республикалық бюджет қаражаты есебінен 2700 орындық 5 мектеп құрылысы басталады деп жоспарлануда. Басқарма басшысының орынбасары денсаулық сақтау саласына да тоқталып өтті:

- Былтыр денсаулық сақтау саласы бойынша жергілікті бюджет есебінен 3 нысанның, яғни Құрманғазы ауданы Асан ауылынан 25 орындық пункт пен облыстық перинаталды орталық аумағынан кір жуу ғимаратының, «Теңізшевройл» компаниясының қаржысы есебінен Құлсары қаласындағы 200 орындық инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталды. Көкарна ықшамауданында 25 орындық амбулатория мен Құлсары қаласынан 75 орындық инфекциялық аурухана салынып жатыр. Биыл «НКОК» компаниясы есебінен Береке ықшам ауданындағы 50 орындық амбулатория құрылысы басталды, балаларға арналған оңтайландыру орталығына 80 орындық жапсаржай құрылысын бастау жоспарлануда.

Н.Құсайынов биыл 8 спорт нысаны салынып жатқанын да жеткізді. Бұлар Индер ауданындағы Жарсуат, Көктоғай, Қызылқоға ауданындағы Тұщықұдық, Сағыз ауылдарындағы спорт кешендері. Миялы ауылындағы орталық стадион, қала маңындағы Дамба ауылындағы көпбейінді спорт алаңы, Құлсары қаласындағы орталық стадион және Атырау қаласынан 53 адамдық 3 спорт залдың құрылысы. Ал мәдениет бағыты бойынша 1300 орындық 5 мәдениет үйінің құрылысы жергілікті бюджет есебінен салынуда. Биыл Атырау қаласында саябақ құрылысын салуға құжат рәсімдеу басталды.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 мамыр 2022, 17:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.