Атырау, 26 сәуір 16:53
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 25 млрд долларға жетті

1 171 просмотра

ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммитінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Президенттер екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын талқылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес. Осы себепті, мен, Үкіметімізге осы қарқынды және сауда мен инвестициялар көлемін сақтап қана қоймай, қазіргі геосаяси жағдайдағы барлық қиындықтарға қарамастан оларды арттыру жөнінде міндет жүктеймін. Мен өзіммен бірге осы салаға жауапты Премьер-министрдің бірінші орынбасары  бастаған Үкіметтің негізгі шенеуніктерін ала келдім. Олар табысты келіссөздер жүргізді және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін олардың алдына Ресей Федерациясының Үкіметімен іскерлік бағытта жұмыс істеу міндеті қойылды, – дейді Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіріп.

Қазақстан Президенті бүгінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі сияқты салаларда жалпы құны 4 миллиард доллар болатын 20 ірі жобаның әртүрлі сатыда жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Ресей Президенті өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң қарқынын атап өтті.

Жалпы бізде барлық сала жақсы дамып келеді. Былтыр тауар айналымының өсімі 34 пайыз болды. Ресей компаниялары Қазақстан экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция салды. Бәрімізге түсінікті әрі белгілі қазіргі қиыншылықтарға қарамастан, жағдай жақсы дамуда, – деді Владимир Путин.

Тараптар күн тәртібіндегі екіжақты кешенді экономикалық мәселелердің бәрін биыл күзде Орынборда өткізуге жоспарланған Аймақаралық форумда талқылауға уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруы бойынша биылғы маусым айында Петербургте өтетін экономикалық форумға қатысатынын нақтылады. Сонымен қатар Қазақстанның үкіметтік делегациясы Екатеринбургте өтетін ірі өнеркәсіптік көрмеге қатысуды жоспарлап отыр.

17 мамыр 2022, 09:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.