Украина мен Донбасстан Ресейге 1,3 миллионнан астам адам келді, деп хабарлады ТАСС агенттігіне күш құрылымдарындағы дереккөз. «Дүйсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша 1,3 миллионнан астам адам, оның ішінде 223 мың бала Ресей Федерациясының шекарасынан өтті. Олардың көпшілігі ДХР және ЛХР азаматтары», - деді дереккөз.
* * *
Украинадағы соғыс салдарынан 229 бала қаза тауып, 421-ден астамы жарақат алды. Бұл туралы 16 мамырда Украина Бас прокуратурасы кеңсесінің баспасөз қызметі хабарлады.
* * *
«Донецк облысында балалар ең көп зардап шеккен - 140, Киевте - 116, Харьковте - 100, Черниговте - 68, Херсонда - 48, Луганскде - 45, Николаевскда - 44, Запорожьеде - 28, Сумскада - 17, Киевте - 16, Житомирде - 15».
* * *
Ресей әскері қоршауға алған "Азовсталь" зауыты аумағында Украинаның 600-ге жуық жаралы жауынгері бар. Бұл жөнінде ұлттық телемарафон эфирінде 12-ші бригаданың командирі Денис Шлега хабарлаған.
"Оның сөзінше, 40-қа жуық жауынгердің жағдайы өте ауыр. Медицина құралдары мен дәрі-дәрмек жетпейді, жағдай қиын" деп жазады Азаттық радиосының Украина редакциясы.
Бұл ақпаратты 15 мамырдағы онлайн-конференция кезінде "Азовсталь" қорғанысындағы кейбір жауынгерлердің әйелдері Екатерина Прокопенко, Юлия Федосюк, Анна Науменко мен Дарья Цикуновалар да растады. Олардың сөзінше, қоршаудағы жауынгерлер күніне бір стакан ғана техникалық су ішеді, азық-түлік те таусылуға жақындаған. Ауыр жаралы жауынгерлер дәрі-дәрмек жетпей өліп жатыр, наркозсыз денесін кескен кездері болған.
Әйелдер қоршаудағы жауынгерлерді құтқаруға шақырды. Олар Түркияға барып, президент Ердоғанмен кездескісі келетінін, күйеулерін құтқаруға септесуді сұрағысы келетіндіктерін айтты.
"Настоящее Время" телеарнасы "Азов" полкінің (Украина Ұлттық гвардиясы құрамына кіретін оңшыл ерікті топ) жауынгері Дмитрий Козацкиймен байланысты. Жоғарыдағы ақпараттарды ол да растады. "Азық-түлік пен су әрі кеткенде бір аптаға жететін шығар. Бүгін түсте сұлының жармасын жедік, арасында аздап сәбіз болды. Күніне бір-ақ рет тамақтанамыз", – деді Козацкий.
Дмитрий Козацкий сөзінше, қазір ұрыс қимылдары зауыт аумағында жүріп жатыр. "Жау ауыр артиллериясымен атып, танкі мен авиациясын қосып жатыр. Біздің жауынгерлерлер барлық шабуылды тойтарып отыр", – деді "Азов" солдаты.
"Азовсталь" металлургия комбинаты – Украина әскерінің Мариупольдегі соңғы тірегі. Қаланың басым бөлігін Ресей әскері бақылауына алған.
Украина зауыт қорғанысындағы жауынгерлерін эвакуациялауға тырысып отыр. Тіпті олады үшінші елге жіберуді де ұсынып көрді. Мұндай ұсынысты Түркия да айтқан. Алайда Ресей "олар берілуге тиіс" деп санайды. Қазір ауыр жараланғандарды Ресей тұтқындарымен айырбастау жөнінде келіссөз жүріп жатыр.
* * *
Ұлыбританияның әскери барлау қызметі Ресей Украинадағы соғысқа жіберген жаяу әскерінің шамамен үштен бірінен айырылды деп санайды.
Бұл жөнінде Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің соғыс жайлы кезекті жариялаған хабарламасында айтылады. Ресей әскерінің осынша көп шығынға ұшырағаны жайлы мәлімет алғаш рет жарияланып отыр.
Украина тарабының мәліметінше, Ресей 20 мың солдатынан айырылған. Соғыс жағдайында мұндай мәліметтерді тексеру қиын. Ашық дереккөздерде қаза болған мыңдаған солдаттың аты-жөні анықталған. Кремль Ресейдің "едәуір шығынға" ұшырағанын мойындаған. Қорғаныс министрлігі соңғы рет қаза болғандар жайлы мәліметті наурыз айында жариялаған. Ол кезде мыңнан астам солдаттың қаза болғаны айтылған.
Ресей Украинаға басып кірмей тұрғанда шекараға 150 мың солдатын әкелгені хабарланған еді.
Британ барлаушылары қазіргідей шығынмен және логистика мәселесімен Ресей Донбаста ірі шабуылға бара қоймайды деп санайды. Ресей кейінгі айларда "ірі жетістікке" жеткен жоқ.
Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей әскері Донецк және Луганск облыстарында кейбір аудандарда шабуыл жасауын тоқтатпаған. Атап айтқанда, Лиман, Северодонецк, Авдеевка және Курахов елді мекендерін бақылауға алуға талпынып жатыр. Харьков облысы әкімшілігінің жетекшісінің айтуынша, украин әскері Изюм бағытында контршабуылға көшкен.
Осыған дейін украин әскерінің контршабуылы салдарынан Ресей күштері Харьков түбіндегі бірқатар елді мекендерден кеткен. Кейбір аумақта украин әскері орыстарды Ресей шекарасына дейін тықсырған.
Ресей қорғаныс министрлігі кейінгі кезде орыс әскерінің қадамы жайлы мүлде хабарламайтын болған. Украина жағы да, бірқатар ресейлік сарапшылар да Ресей әскерінің Белогоровка түбіндегі Северский Донец өзеніне бақылау орнатуға тырысқан кезде көп адам шығынына батқанын хабарлады. Ресей қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме бермеді.
Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Орыс әскері соғыстың алғашқы күндері Херсон қаласы мен Украина оңтүстігіндегі бірқатар аумақты, Луганск облысын бақылауға алып, "ірі жетістіктерге" жеткен. Кейін олар Украинаның солтүстігінен кетіп, қазір Харьков маңына шоғырланған. Ал Донбаста соғыс созылыңқы сипат алды.
Ақпараттар kursiv.media, Азаттық радиосы басылымдарынан алынды.