Атырау, 20 сәуір 07:57
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Cот хроникасы

1 472 просмотра

Азамат Г. сотта кәмелетке толмаған қызын асырау үшін бұрынғы әйелінен алимент өндіру туралы істе жеңіп шықты. Әдетте мұндай іс керісінше болатын.

17 жастағы қызын (2005 ж.т.) әкесі жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Сотта ол бұрынғы әйелінен 2020 жылдың сәуір айында ажырасқалы бергі сәттен бастап алимент талап етті. Неке бұзылған соң анасы Ресейге кетіп, еш көмек көрсетпей, баласын оның қарауына тастап кеткен.

Атырау қалалық сотының шешімімен талап арыз қанағаттандырылды. Әйелінен қызы кәмелетке толғанға дейін ай сайын табысының және (немесе) өзге кірісінің төрттен бір бөлігі мөлшерінде талапкердің пайдасына қызын асырауға алимент өндірілуі тиіс еді.

Бұрынғы әйелі бұл шешіммен келіспей, неке бұзылғаннан кейін және басқа елге кеткенге дейін талапкермен бір үйде тұрғанын, мүмкіндігінше қызына үнемі көмектесіп келгенін көрсетіп, апелляциялық шағым түсірген. Алайда апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

* * * * *

Атырау қаласының тұрғыны К., пәтерін жөндеу кезінде келтірілген шығынды өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

Жауапкермен 4 апта ішінде пәтерін жөндеуге ауызша келісім жасаған. Алайда, жөндеу жұмыстары 3 айға созылып, ақыры аяқталмаған. Орындалған жұмыс өте сапасыз болып, күйеуімен екеуі басқа адамдарды жалдауға мәжбүр болып, керамогранитті түгел бұзып, сантехниканы қайта орнатқан.

Атырау қалалық сотының шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден 74 394 теңге шығын өндірілді, талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырылмады.

Талапкер бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді, себеп - жұмыстың сапасыздығы ескерілмеген.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы іс материалдарын зерделей келе, тараптар арасындағы келісім тек ауызша түрде жасалғанын, кемшілікпен атқарылған жұмыстың дәлелі сотқа ұсынылмағанын анықтады. Сондықтан алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

 * * * * *

Атырау қаласының №2 соты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 2-бөлігі («Жүргізушінің алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру ережесін бұзуы») бойынша қылмыстық істі қарады.

№2 соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотта Р.-ның есірткілік масаң күйде көлікті басқарғаны, жол жиегінде тұрған көлікпен соқтығысқаны анықталды. Салдарынан көліктегі жолаушының – жасөспірімнің денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Сот үкімімен Р. кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

* * * * *

Іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 7-бөлігі («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы, жыл ішінде қайталап жасауы») бойынша қаралды.

Соттың баспасөз қызметі хабарлайды: сот Е.-ның әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде жүргізуші куәлігінсіз, алкогольдік масаң күйде көлік құралын Жайық өзенінің жағалауымен жүргенін анықтады. Жаза – 30 тәулікке әкімшілік қамауға алу.

* * * * *

Атырау қаласының №2 сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі («Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз алу, сақтау») бойынша сотталушы Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, Д. атыс қаруының оқ-дәрісін тауып алып, оның заңсыз екенін біле тұра, оны өзінде сақтаған. Ол кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

* * * * *

Балалар үйінің түлегі А. Атырау қаласы әкімінің, қалалық ТКШ бөлімінің оны жеңілдікпен берілетін тұрғын үй кезегінен шығару жөніндегі әрекеттерін сотқа берді. Ол соттан жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған кезегін қалпына келтіруді міндеттеуді сұрады.

2011 жылы талапкер «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша пәтер алу үшін кезекке қойылған. 2012 жылы оның арызы бойынша Ақсай ауылдық округі әкімінің қаулысы негізінде оған уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 102,3 ш.м. жер телімі берілген.

2013 жылы талапкер мен құзырлы орган арасында жерді жалға алу шарты жасалған.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот талапкердің аталған жер теліміне тұрғын үй салуға қаражаты жоқ болғанын анықтады. 2013 жылы ол мүдделі тұлға О.-ға жер телімін меншік иесі ретінде тіркеуге, барлық құжатты меншік құқығына ресімдеуге нотариалды куәландырылған сенімхат берген.

2014 жылы округ әкімінің шешімімен А.-ға берілген уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы 2 жылға ұзартылса, 2015 жылы округ әкімінің шешімі негізінде оған жер теліміне жеке меншік құқығы берілген. 2016 жылы А. мен О. арасында жер телімін және онда орналасқан тұрғын үйді сатып алу-сату шарты жасалған. Осының негізінде қалалық тұрғын үй комиссиясы оны баспанаға мұқтаждар тізімінен алып тастаған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырып, жауапкерлердің әрекетін заңсыз деп танып, талап қоюшыға бұрынғы кезегін қалпына келтіруге міндеттеді.

«Шынымен талапкер мен О.-ның арасында жер телімін және онда орналасқан тұрғын үйді сатып алу-сату шарты жасалған. Алайда талапкердің өзі қаржысы болмағандықтан өзіне берілген жер теліміне үй салмаған, үйді мүдделі тұлға О. тұрғызған. Іс жүзінде үй О.-ға тиесілі, сондықтан талапкерді жеңілдік кезегінен алып тастау заңсыз болған», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА  

10 мамыр 2022, 20:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.