Жақында «АЖ»-ға Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақтыгүл ХАМЕНОВАНЫҢ ісі сотқа жолданғалы жатқаны белгілі болды. Алайда кейінірек облыстық соттың баспасөз қызметі әзірге істің сотқа жетпегенін айтты. Шамасы мұның бәрі бірінен соң бірі болған мамырдағы мереке күндеріне байланысты болса керек. Әзірге Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша үкімнің жарияланатын нақты уақыты да белгісіз.
Біздің жолдаған сауалымызға облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Б.Хаменоваға қатысты істі елордалық әріптестерінің – сол жақтағы сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Қанат СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ басшылығымен тергеп жатқанын айтты. Айтпақшы, ол облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы болып тұрған кезде Хаменова, Таубаев пен Басаров, сондай-ақ жаңа туған нәрестені өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталды орталықтың дәрігерлері ұсталған болатын.
Бұдан басқа, облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Хаменова өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазбағанын және ол қағаз жүзінде әлі де Атырау облысы әкімдігінің штатында есепте тұрғанын хабарлады.
Еске салсақ, Хаменова 2021 жылдың 22 желтоқсанынан бері тергеу изоляторында отыр. Ол 10 желтоқсанда Атырауда 145 миллион теңгеге Абай ескерткішін дайындау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасағаны үшін ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі («Айтарлықтай мөлшерде пара алу») бойынша тергелуде.
Жауап алынғаннан кейін оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Содан кейін Атырау қаласының тергеу соты оған үйқамаққа алу туралы санкция берді. Бірақ кейін облыс прокуратурасының өтінішімен бұлтартпау шарасы анағұрлым қатаң: тергеу изоляторына қамауда ұстау шарасына өзгерді. Бұл шешімді облыстық сот: «жетекші лауазымды атқарған және осы өңірде ықпалы мен мықты әлеуметтік байланысы бар Бақытгүл Хаменова процеске қатысушыларға қысым жасап, істің объективті тергелуіне кедергі келтіруі мүмкін» деп түсіндірді.
Бұған дейін тергеу соты Антикордың бостандықта жүрген күдіктінің өз бетінше немесе сенімді адамдары арқылы істің толық және жан-жақты тергелуіне және оның сотта қаралуына қылмыстық процеске қатысушыларға қысым көрсету арқылы кедергі келтіруі, сондай-ақ тергеу мен соттан жасырынып қалуы мүмкін екенін дәлелдемегенін алға тартты.
Б.Хаменованың бастапқыда үйқамаққа алынғаны атыраулықтар арасында қызу талқыланып, көпшілігі «Басқалардан қай жері артық?» деп, наразы болғаны есімізде.
Айнұр САПАРОВА