Атырау, 6 қазан 17:29
 ашықВ Атырау +10
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атырау тұрғыны сот арқылы жер телімін алу құқығын жеңіп алды

1 787 просмотра

Атырау облыстық соты апелляциялық тәртіпте Атырау әкіміне қатысты жергілікті тұрғынның жер телімін алу құқығын қалпына келтіру туралы істі қарады.

2013 жылдың 27 қарашасында жергілікті тұрғын Атырау қаласының әкіміне қала аумағынан дүкен, шаштараз, дөңгелек ауыстыру дүкенін салу үшін жер телімін бөлу туралы өтінішпен жүгінген, алайда оған жер бөлуден бас тартылған.

Облыстық соттың баспасөз қызметі өз сайтында істің мән-жайы туралы баспасөз хабарламасын таратты. Онда тұрғынның өтініші 2014 жылдың 26 қыркүйегінде комиссияда қаралып, 0,0527 гектар аумақтағы жер 2 жылға уақытша пайдалануға берілгені туралы қорытындыға келгені көрсетілген. 2014 жылдың 2 желтоқсанында жер қатынастары бөлімі бұйрық негізінде жерге орналастыру жобасын бекітті.

Сот Жер кодексінің 43-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қала әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі жерге орналастыру жобасы келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданатынын анықтады. Жобаны тиісті жергілікті уәкілетті орган, яғни қалалық жер қатынастары бөлімі бекіткен.

Алайда Атырау қаласының әкімі талапкердің арызы бойынша шешім қабылдамай, заң талаптарын орындамаған – үш жылдан кейін комиссияның 2017 жылғы 24 ақпандағы хаттамалық қорытындысы негізінде оған жер телімін беруден бас тартқан. Алайда талапкер бұған көңілі толмай, әкімнің шешіміне наразылық білдіре бастады.

2012-2017 жылдар аралығында қаланы кім басқарғанын атап өтуді жөн санадық. Алдымен 2014 жылдың маусымына дейін облыс әкімінің қазіргі орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ, одан соң 2016 жылға дейін қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек ОЖАЕВ, одан кейін 2016 жылдың шілде айынан 2018 жылдың маусым айына дейін қазіргі облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ болды.

2021 жылғы 27 қыркүйекте Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұрғынның талап арызын қанағаттандырды. Сот талапкердің 2013 жылғы арызы үш жылдан кейін комиссияның қарауына негізсіз қайта жіберілген деген қорытындыға келді. Жауапкердің жер телімін беруге мораторий жариялау туралы уәждері де негізсіз деп танылды.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімімен келісті. Шешім заңды күшіне енді.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

6 мамыр 2022, 11:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.