Нұрсая ықшамауданында орналасқан «Асель» тұрғын үй кешенінің тұрғындары «Solara.kz» ЖШС құрылыс компаниясы аталған ТҮК-н сатқан соң, кейбір уәделерін орындамай қойды деп наразылық білдірді.
Құрылыс компаниясы тұрғын үйді сатар кезде таныстырылымын жасап, үйдің алдында екі субұрқақ және көліктерге арналған үлкен көлік тұрағы болады деп презентациясын көрсеткен. Алайда пәтер кілті табысталған соң, субұрқақ салынған жоқ, ал екі блоктың ортасында көлік тұрағы болады деген жерге жоспарда болмаған 7-үйдің құрылысы жүріп жатқанын айтады тұрғындар.
- Біз субұрқақты даулап жатқан жоқпыз, бірақ бізге көлік тұрағы аса маңызды. Жоспар бойынша тұрақ болады дегенмен, қазірдің өзінде көліктеріміз есік алдына сыймай жатыр, - дейді тұрғындар.
Елдос ЖҮНІСОВ, «Асель» ТҮК тұрғыны:
- Алғашында 5 блоктан тұрады деп көрсетілген бұл үйдің таныстырылымында буклетін көрсеңіз, мына жерді мүлдем танымайсыз. Одан кейін үйдің қасынан жоспарда жоқ 6-блокты салды. Ол үйіміздің артында болған соң, оған қарсы болмадық. Енді көлік тұрағы болады деген жерге тағы 7-блокты тұрғызып жатыр. Ол үйдің тұрғындарында кемінде отыз көлік болары анық. Оны қайда сыйғызады? Ал, құрылыс компаниясы болса біздің үнімізге құлақ аспай, хатымызды да жауапсыз қалдырды.
Тұрғындар екі үйдің дәл қасынан құрылысы басталған 9 қатарлы үйдің жерге қада қағылмай тұрғызылып жатқанынан да қауіптенеді.
Тағы бір тұрғын Жанаргүл СИСЕНБАЕВА:
- Қазірдің өзінде балалар құрылыс қоршауының артқы жағында қалған футбол алаңына бару үшін құрылыс жүріп жатқан жермен тақалып жүреді. Ертең бұл жерде кран жұмыс істегенде, балаларымыз үшін өте қауіпті. Біз бұл құрылысты тоқтатуды талап етеміз! - деді.
Тұрғындар бұл құрылыс заңсыз деп санайды. Қалалық әкімдікке жазған хаттарының жауабында қала әкімдігі «Өтініштеріңіз жан-жақты қаралды. Нәтижесінде тұрғын үй салынып жатқан жер учаскесінің иесі осы тұрғын үй кешенінің құрылысын салушы Solara.kz ЖШС екені анықталды. Аталған компания 01.06.2021 жылы жобалауға сәулет-жоспарлау тапсырмасын ресімдеп, тұрғын үй кешенін салуға эскиздік жобаны келісті. Сондай-ақ, аталған жер учаскелерін бөлу кезінде ҚР Жер кодексіне сәйкес жер заңнамасының талаптары орындалғанын және бөлінген жер учаскесі басқа салынған үйлердің кондоминиумына кірмейтінін хабарлаймыз. Атырау қаласының әкімдігі өз өкілеттігін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалған өз құзыреті шегінде ғана орындауға құқылы» делінген.
Тұрғындар «Solara.kz» корпорациясының директоры «Аманат» партиясының мүшесі, Атырау облыстық мәслихатының депутаты болғандықтан, халық қалаулысы ретінде мәселенің шешілуіне ықпалын тигізеді деген үмітте. Егер жанайқайымыз облыстан шешілмесе, мұнымен тоқтамаймыз, Бас прокуратураға, Ақордаға шығып, өз құқымызды қорғаймыз дейді тұрғындар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор