Атырау, 29 қыркүйек 04:09
 ашықВ Атырау +19
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Заң бұзушылықтар хроникасы

2 220 просмотра

Полицияға наурыз бен сәуір айларында төрт рет жалған хабарлама берген оқушының ата-анасы айыппұл арқалады. 

28 наурыз күні ол тәртіп сақшыларына Баймұханов көшесіндегі үйдің пәтерлерінің бірінде әлдене болып жатқанын «хабарлаған»; 26 сәуірде №31 мектептің ауласында жасөспірімдердің төбелесіп жүргенін; 29 сәуірде Байқоңыр көшесінде белгісіз адамдар автокөліктерге тас лақтырып жатқанын; 30 сәуірде көпір айналасында жасөспірімдердің электрошокер қолданып, төбелескелі жүргендігін айтып хабарлама берген. Бұл шақыртулар жалған болып шықты. Хабарлама берген 10 сынып оқушысы, 16 жастағы жасөспірім екендігі анықталды. Оның 39 жастағы анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы («Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру») бойынша хаттама толтырылып, 45945 теңге айыппұл салынды.

* * * * *

Атыраулық полицейлер бір күн ішінде хабар-ошарсыз кеткен 6 жасөспірімді үйлеріне қайтарды.

1 мамырдағы мереке күні Атырау ҚПБ 102 операторына хабар-ошарсыз кетуі туралы 6 хабарлама келіп түскен. Барлық жасөспірімді полиция қызметкерлері 2-3 сағат ішінде тауып, ата-аналарына табыстады. 

Мәселен, 38 жастағы әйел сағат 17 шамасында 4 жасар ұлының жоғалғанын хабарлады. Кейінірек баланың сұранбай, әжесінің үйіне кетіп қалғаны анықталды. Өз кезегінде тәртіп сақшылары ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.  

* * * * * 

Мас күйінде көлік жүргізгендердің жазасы күшейгенімен, көлікті мас күйінде жүргізгендер азаймай отыр. 2 мамыр күні таңғы сағат 8 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері Канцев көшесінің бойында «ВАЗ-2114» көлігін тоқтатқан. Оның 34 жастағы жүргізушісі мас болған және жүргізуші куәлігі де болмаған. 

Көлік айып тұрағына жеткізілді, тәртіп бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі (Көлік құралын куәлігі жоқ жүргізушінің мас күйінде басқаруы) бойынша хаттама толтырылды. Заңға сәйкес, ол 20 тәулікке қамауға алынады.

* * * * *

Сот үкімі шыққаннан кейін (6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру) мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға көмектесемін деген уәдемен 98 миллион теңгені  иемденген 44 жастағы атыраулық қылмыскер әйелдің еншісінде алаяқтықтың басқа фактілері де болғаны анықталды. 

Оның бұрын тағы 6 азаматты алдап, жалпы сомасы 25,7 миллион теңгені иемденгені анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы («Екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 мамыр 2022, 18:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.