Атырау, 25 қараша 18:38
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Егеуқұйрық самсаны да жақсы көреді

2 496 просмотра

Жақында қала тұрғыны «Дина» базарына кірер тұстағы самса сататын дүңгіршіктің бірінде, тамақ әзірлейтін үстелдің үстінде үлкен егеуқұйрық кезіп жүрген бейнежазбаны әлеуметтік желіге таратты.

Кадр сыртындағы дауыс: «Бұл «Дина» базарындағы мен көрген жағдай. Көшеден тамақ алғанда сақ болыңыздар», - дейді.  

Бейнежазбада егеуқұйрықтың қысқа толқынды пешті иіскелеп, шай дайындайтын самаурынның шүмегін жалап, су ішіп тұрғанын анық көруге болады.

Бейнежазба бойынша Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы түсінік берді:

- Орын алған жағдайға байланысты біздің басқармаға Атырау қаласы прокуратурасынан әкімшілік шара қолдану туралы хат келіп түсті. Біз аталған орынға барып жағдайды анықтадық. Ішінде екі азамат жөндеу жұмыстары жүргізіп жатқан екен. Сондықтан иесін анықтау үшін қалалық әкімдікке хат жолданды. Иесіне санитариялық талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша шара қолданылады, - деп хабарлады Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшының орынбасары Мұрат ХАМЗИН.

Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын атап өткен жөн.

Мамандардың айтуынша, мұндай факт қалада алғаш рет тіркеліп отыр. Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мораторийға байланысты мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар прокуратураның рұқсатынсыз шағын кәсіпкерлік субъектілеріне кіріп, тексеру, профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізе алмайды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды

4 мамыр 2022, 12:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.