Атырау, 24 қараша 17:33
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 66-күн

1 706 просмотра

Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

МАРИУПОЛЬДЕГІ ЖАҒДАЙ

"Азовсталь" госпиталіне жасалған әуе соққысынан жараланғандар саны 170-тен 600-ге дейін көбейді. Бұл жөнінде Мариуполь мэрі Вадим Бойченко хабарлады.

"Украина" медиа орталығындағы баспасөз жиыны кезінде Бойченко Ресей әскері қалаға басып кіргелі бері 20 мыңнан астам қала тұрғыны қаза болғанын айтты.

Бойченконың сөзіне қарағанда, "Азовсталь" комбинатын сағалаған тұрғындарда азық-түлік қалмаған, дәрі-дәрмекте тапшы.

"Мариупольден шыға алған тұрғындар қаладағы жағдайды тозаққа теңейді. Ал "Азовсталь" комбинатындағы жағдай одан да нашар. Ол жақта тамақ та, су да, дәрі де жоқ. Адамдар өздерін құтқаруды сұрап жатыр. Ол жақта күн емес, әр сағаттың өзі маңызды" деді мэр.

Оның айтуынша, бастапқыда "Азовсталь" комбинатындағы бомбадан қорғайтын орында шамамен 300 қала тұрғыны жасырынған. Бірақ кейін оларға қаланың солтүстік жағалауындағы бөлікте тұратын тұрғындар қосылған. Қазір зауытта қанша бейбіт тұрғын қалғаны белгісіз.

"Ол жақта эвакуацияны күтіп жатқан әйелдер, балалар, қарттар көп. Халықаралық қауымдастықты мәселені шешуге күш салуға үндейміз. Процедуралар мен келіссөздер нәтижесін беріп, адамдарды аман алып қаламыз деп үміттенеміз" деді Бойченко. Оның сөзінен "Интерфакс-Украина" агенттігі үзінді келтіреді.

Украина шығысында шайқас қызды, Харьковтегі Ресей әскеріне қосымша күш қосылды

Украинаның шығысындағы Луганск облысында қызу шайқастар жүріп жатыр. Ресей әскері бірқатар елді мекендерді атқылаған. Облыстық әскери әкімшілігінің уақытша жетекшісі Сергей Гайдайдың айтуынша, өткен түні Рубежное қаласы атқылауға ұшыраған.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, сенбі күні таңертең Днепропетровск облысындағы екі ауылға зымыранмен соққы жасалған. Зардап шеккендер саны анықталып жатыр.

Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, Харьков түбіндегі Ресей әскеріне Ресейдің Белгород облысынан қосымша күштер қосылған.

Бас прокуратура Украинадағы соғыс тақырыбына арналған митингілерге рұқсат берілмегенін ескертті

1 мамыр күнгі наразылықтар қарсаңында Бас прокуратура мәлімдеме жасап, Украинадағы соғыс тақырыбына арналған митингілерге биліктің рұқсат бермегенін ескертті. Ведомство сенбі күнгі хабарламасында әлеуметтік желілерде "жекелеген тұлғалар" Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының әкімдіктері "1 мамырда Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты митингілер өткізуге келісім бергені туралы жалған ақпарат" таратып жатқанын жазған. Ведомство мұның шындыққа сәйкес келмейтінін айтады.

"Ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдарға жоғарыда аталған қалаларда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы тиісті хабарламалар бермеген не келісілмеген. Осылайша заң тәртібімен ұйымдастырылатын бейбіт жиналыстар 1 мамырда қарастырылмаған" деген ведомство "бейбіт жиын өткізу тәртібін" бұзғандар жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Бас прокуратура халықты заңды сақтауға, "арандатушылыққа бой алдырмауға" және "заңсыз акциялардан бас тартуға" үндеген.

Қазақстанда бұған дейін Ресей басқыншылығын айыптап, Украинаны қолдаған акциялар өткен. Кейбірінде полиция акцияға қатысқандарды ұстаған.

Бірінші арна соғысқа қарсы шыққан жүргізуші Максим Галкинді бағдарламадан шеттетті

Ресейлік Бірінші арна Украинадағы соғысқа қарсы шыққан "Сегодня вечером" бағдарламасының жүргізушісі Максим Галкинді бағдарламадан шеттетті. Галкиннің орнына биші Николай Цискаридзе жүргізуші болып келеді. Бұ жөнінде "Комсомольская правда" және "СтарХит" сайттары хабарлады.

Жуырда "СтарХит" Галкин соғысқа байланысты айтқан сөздері үшін бағдарламадан шеттетілетінін жазған. Тележурналист Мария Борзунова құпия дереккөзге сүйене отырып, комикпен келісім-шарттың үзілуі оның соғысқа қарсы мәлімдемесімен тікелей байланысты екенін айтқан. Арна ресми түрде түсініктеме бермеді.

Украинада соғыс басталғалы бері Максим Галкин Ресей билігінің әрекетін сынап, қантөгісті тоқтатуға шақырып келеді. Қақтығыс тұсында Максим Галкин мен әйелі, әнші Алла Пугачева Ресейден кеткен.

  • Галкин – соғыс басталғалы бері эфирден көрінбей кеткен жалғыз федералдық арна жүргізушісі емес. Бірінші арна Владимир Познер мен Иван Урганттың бағдарламаларын да эфирден алып тастаған. "Что? Где? Когда?" бағдарламасы тікелей эфирден берілмейтін болған, ал "Можем объяснить" басылымының жазуынша, ойынға қатысып жүрген көптеген жас жобадан кеткен, алты адамнан құралған командалардың кейбірінде бір-екі адам ғана қалған.
  • "Россия 1" арнасында Сергей Брилевтің "Вести в субботу" бағдарламасы да эфирге шықпай қалған. Ресми ақпарат бойынша, ол іссапарға кеткен.
30 сәуір 2022, 12:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.