Атырау, 24 қараша 17:50
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 64-күн

1 371 просмотра

Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынанZakon.kz басылымдарынан алынды.

16:02

АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институты ISW Украинадағы соғысқа қатысты хабарламасы:

  • Артиллерияның арқасында Ресей «Украина шығысында сәлде болса алға жылжыды», бірақ ресейлік күштер Украинаның қорғанысын бұзу үшін әлі де күресін жалғастырып жатыр.
  • Ресей Изюм фронтына қосымша күш жіберді.
  • Ресейдің күшті бомбалаулары мен шабуылдары Мариупольдегі «Азовсталь» комбинатындағы Украина қорғанысын бұза алмады.
  • Херсон маңындағы Ресей әскері бүкіл облысты басып алу үшін жаңа шабуылға дайындалып жатуы мүмкін. Ал ресейлік оккупациялық күштер «Херсон халық республикасын» жариялауға дайындалып жатыр.
  • Кремль Приднестровья аймағын соғысқа араластыруды ойлайды я НАТО-ға қосымша қысым жасау үшін Молдовадағы жағдайды ушықтыруды ойластырып жатуы мүмкін.

15:04

БҰҰ Украинадағы әскери қылмыстан зардап шеккен 6 мыңдай тұрғынның атын атауға дайын.

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет қазір БҰҰ-да соғыста зардап шеккен 5939 адамның дерегі барын мәлімдеді. Олардың ішінде 2787 адам қаза болған, 3152 адам жараланған.

«Шынайы статистика әлдеқайда көп. Біз қазір зардап шеккендердің нақты санын анықтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бейбіт тұрғындардың көбі артиллериялық, ракеталық, бомба шабуылдарынан зардап шеккен» деді Бачелет.


14:27

Харьков облысының басшысы Олег Синегубовтың сөзінше, бір күннің ішінде облысқа жасалған шабуылдан бір адам қаза тауып, сегіз адам жараланған. Синегубов ресейлік әскерилер бір күнде Харьков қаласына 11 рет артиллериялық шабуыл жасаған. Бұған қоса, Дергачи, Чугуев қалалары мен Золочев ауылы да артиллериялық шабуылға ұшыраған.

Запорожье қаласына жасалған әуе шабуылынан үш адам зардап шеккен, оның біреуі – бала. Бұл туралы аймақ басшылығы хабарлады.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөз арқылы тексеру қиын.


13:07

АҚШ Конгресінің төменгі палатасы Ресей активтерін Украинаға көмек ретінде жұмсауға жол ашатын заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы Ресейдің 2 миллион доллардан асатын активтерін қамтымақ. Оның ішінде Ресейдің энергетика компанияларының мүлкі мен Ресей билігімен әріптестік арқасында алынған активтер де бар.

Тәркіленген актив сатылып, түскен ақша Украина инфрақұрылымын қалыпқа келтіруге, гуманитарлық және әскери көмекке, өзге елдерде жүрген украиналық босқындарды қолдауға жұмсалуы мүмкін.

***

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Украинаға барды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Украинаға жеткенін мәлімдеді.

Ол Twitter-ге гуманитарлық қолдауды кеңейту және бейбіт тұрғындарды қақтығыс аймақтарынан эвакуациялауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатынын жазды.

Сейсенбі күні Гутерриш Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен және сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесіп, одан кейін Польша арқылы Украинаға аттанған еді.

Бүгін Гутерриш Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеседі.


БҰҰ «Азовстальдан» бейбіт тұрғындарды эвакуациялайтын жасақ әзірлеп жатыр.

БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқармасы Мариупольдағы "Азовсталь" зауытының аумағынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялайтын жасақты әзірлеп жатыр, деп хабарлайды.

ТАСС БҰҰ Бас хатшысының өкілі Фархан Хактың сөзін келтіре отырып, операцияға дайындық бірнеше күнді алуы мүмкін екенін хабарлайды.

Хак арнайы жасақ эвакуацияны үйлестіретінін, басқарма оны әлі де дайындап жатқанын түсіндірді. Тараптар қауіпсіз эвакуациялауды бастау үшін әлі де қажетті жағдай жасап жоқ, деп атап өтті Хак. Осы мәселе бойынша Мәскеу және Киевпен әлі де байланысып, талқылау жүргізіліп жатқаны да атап өтіледі.

Біз Ресей мен Украина билігімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз, тезірек алға жылжу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Белгілі бір әскери қызмет жүргізіліп жатқан. Оның тоқтағанына алдымен көз жеткізіп алуымыз керек.БҰҰ Бас хатшысының өкілі Фархан Хак

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш күні кеше Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Диалог барысында Ресей басшысы Мариупольдегі ұрыс аяқталғанын, қаладағы жағдай күрделі екенін атап өтті. Ол Гутерришке жұмыс істемейтін гуманитарлық дәліздер туралы ақпараттың жаңсақ екенін, бүгінгі күндері олардың жұмыс істеп жатқанын атап өтті.


12:12

Молдованың Приднестровье аймағының сепаратистері Украинамен шекарада атыс болғанын хабарлады.

Украинамен шектесетін Молдованың жікшіл Приднестровье аймағының "билігі" 27 сәуірде Украина жақтан дрондар ұшырылып, ресейлік оқ-дәрі қоймасы орналасқан елді мекен маңында атыс болғанын мәлімдеді.

"Өткен түні Кобасна елді мекенінде бірнеше дронның ұшып жүргені байқалды. Украина жақтан келген дрондар Приднестровье аумағына ұшырылды" деп жазылған өзін Приднестровьенің "ішкі істер министрлігі" деп жариялап алған мекеме сайтында.

Мәскеу қолдайтын Приднестровье аймағының "билігі" кейінгі бірнеше күнде "телемұнарада жарылыс болғанын", "сепаратистік әскери бөлімге шабуыл жасалып", "мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінде" жарылыс болғанын мәлімдеген. Приднестровье "билігі" оқиғаларды "лаңкестік шабуыл" деп атады. Кремль жағдайға "алаңдаушылық білдірді".

Бұған дейін Ресей билігі Украинадағы "арнайы операцияның тағы бір мақсаты" – Украина оңтүстігіне бақылау орнату, себебі бұл Ресейге "зәбір шеккен орыс тілді халық тұратын" Приднестровьемен байланыс орнатуға мүмкіндік береді деп мәлімдеген еді. Кейбір сарапшылар Приднестровье мен Ресей билігінің осы мәлімдемелері арасында тіке байланыс бар деп санайды.

11:44

Ұлыбритания барлау қызметінің таңғы топтамасы:

  • Қазір Қара теңізде Ресейдің 20 шақты кемесі тұр. Оның ішінде сүңгуір кемелері де бар.
  • Түркия Босфор бұғазынан өзге елдердің әскери кемелерін өткізбейтін болды. Бұл шектеу барда Ресей Қара теңізде суға кеткен "Москва" крейсерін алмастыра алмайды.
  • Ресей қара теңізде "Саратов" және "Москва" дейтін әскери кемелерінен айырылғанымен оның теңіз әскері Украинаны әлі де шабуылдай алады

10:47

Еуроодақ Украинаны баж салығынан босатады.

Еуропа комиссиясы Украинаның Еуроодақ аумағына жіберетін өнімін уақытша баж салығынан босатуды мақұлдады.

"Бұл шаралар сауданы күшейтіп, Украина экономикасының жұмыс істеп тұруына ықпал етеді. Бұл – соғыста жеңіске жетіп, одан кейін қалыпқа келу үшін ауадай қажет. Бұл – Еуроодақтың осындай ауыр жағдайға тап болған Украинаға көмектесу ниетінің берік екенін көрсетеді" деп жазды Еурокомиссия басшысының орынбасары Валдис Домбровскис.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл шешімнің егжей-тегжейін Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен талқылағанын айтып, Украинаның Еуропадағы серіктеріне алғыс білдірді.

Енді Еурокомиссияның шешімін Еуроодаққа мүше 27 елдің үкіметтері мақұлдауы керек.

28 сәуір 2022, 11:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.