Нұрсая ықшамауданында орналасқан «New City» тұрғын үй кешенінің 20 жуық тұрғыны «JM Capital» құрылыс компаниясы аталған ТҮК-н саларда кейбір уәдесін орындамады деген шағыммен наразылық білдірді. Тұрғындардың айтуынша, мұнда қоныстанғандардың жартысынан көбі пәтерін болашақта үйдің алдында үлкен саябақ болады деп таныстырғаны үшін таңдаған. Алайда, саябақ болмайтын болды.
- Бұл үйді тапсырмас бұрын компания өкілдері бізге кешеннің алдағы жылда даму жоспарын таныстырып, бұл жерде медициналық орталық, фитнес орталығы, балабақша салып, құрылысы аяқталмай иесіз тұрған ескі концерт залды мектеп қылып саламыз және бізге ең басты ұнағаны үйге қарсы беттегі бос жерде саябақ болады деп таныстырды. Қазір балабақша салынып жатыр, басқасы уақытымен салынар, бірақ біз бұл үйді саябақ болады дегені үшін таңдадық. Әйтпесе басқа да артықшылығы бар жерден пәтер алар едік, - дейді тұрғын Марат ДОСКУЛОВ.
Саябақ деп таныстырылған жерге мектеп салынады деген жаңалықты олар тұрғын үйдің екінші кезеңінен үй алайын деп жүрген тұрғындардан естіген.
- Енді олар келесі кезеңге тұрғындарды тарту үшін оларға мектеп болады деп жатыр. Ал саябақ қайда? Біз құрылыс компаниясына қаңтар айында хат жаздық, хатымызды қабылдап алды. бірақ әлі күнге дейін жауап берген жоқ, - дейді тұрғындар. Ал тұрғындардың қала әкімдігіне жазған хатының жауабында, ол жер жеке меншік болғаннан кейін қандай құрылыс салынатынына араласа алмаймыз деген жауап алған.
- Бірінші кезеңмен бұл үйде 450 пәтер берілген. Өздеріңізге белгілі, Нұрсаяда жасыл желек те, саябақ та жоқ. Бұл саябақ салынса, ол тек біздің үйдің тұрғындары емес, бүкіл Нұрсая, қала бойынша тағы бір серуендейтін орын болар еді, - дейді тағы бір тұрғын.
Осыдан кейін тұрғындар «JM Capital» компаниясының сату бөліміне барды. Ол жерде олармен «JM Capital» құрылыс компанияның қаржылық директоры Гүлбану ПИРИМБЕТОВА кездесті.
– Таныстырылым кезінде көрсетілетін презентациялар осы ауданның даму перспективасы ретінде көрсетілген. Себебі, аталған жер басқа жеке заңды тұлғаның меншігінде. Ал біз егер келісімшарт бойынша бір нәрсе жасалмаса, соған жауап береміз. Ал қазір ол жерде қандай құрылыс болатынын да біз білмейміз, - деді Г.Пиримбетова.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор