Ақпараттар "Азаттық радиосы", «Хабар 24», qamshy.kz, Tengrinews.kz басылымдарынан алынды.
18:48
БҰҰ бас хатшысы Украинадан гуманитарлық дәліз ашу бойынша арнайы топ құрылатынын мәлімдеді.
БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш бүгін, 26 сәуірде Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуден соң Украинада гуманитарлық дәліз ашу бойынша келіссөз жүргізетін байланыс тобы құрылатынын мәлімдеді. Гуттериштің сөзінше, бұл топқа БҰҰ, Украина және Ресей өкілдері кіреді, ал топтың жұмысын БҰҰ өкілдері үйлестіреді.
"Гуманитарлық дәліздер қауіпсіз болуы тиіс. Бейбіт тұрғындарды қауіпті аймақтан құтқару үшін барлық тарап гуманитарлық дәліз шартын сақтауы керек. Қақтығыс аймақтарында ашылатын гуманитарлық дәліздер шынымен қауіпсіз болуы үшін гуманитарлық сұрақтар бойынша байланыс тобын құруды ұсындым" деді ол.
БҰҰ бас хатшысы екі тарапты тағы да бейбіт келіссөздерге шақырды.
"Менің басты мақсатым – адамдардың өмірін және оларды қиындықтан құтқару. Ресей СІМ басшысы Лавров мырзамен ашық келіссөз жүргіздік. Ресейдің Украинаға басып кіруі БҰҰ қарарын бұзады. Бұл соғыс жылдам аяқталғаны Украина халқына да, Ресей халқына да және бүкіл әлемге де жақсы. Атысты тоқтатып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз, бірақ бұл қазірге мүмкін болмай тұр. Қазір Донбасста соғыс жалғасып жатыр, әскерилер мен бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Гуманитарлық құқықтар бұзылды деген, әскери қылмыс жасалуы мүмкін деген хабарларға алаңдаймын" деді ол.
Гуттериш брифингте "Бір анығы, Ресей аумағында қазір Украина әскері жоқ, бірақ Украина аумағында Ресей әскері жүр" деді. Ал Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Гуттериштің бұл сөзін "шын" деп растады.
БҰҰ бас хатшысы журналистердің "Ресей Украинада соғыс қылмысын жасап жатыр" деген күдікке қатысты сұрағына "мұны тәуелсіз тергеушілер тексеруі тиіс" деп жауап берді.
Гутерриш бүгін, 26 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин және осы елдің сырты істер министрі Лавровпен кездесу үшін Мәскеуге келген еді. Осы кездесуден соң БҰҰ бас хатшысы Украинаға барады деп жоспарланған.
18:16
Министр Өскенбаев: Ресейлік Ural Motorcycles зауытының Қазақстанда орналасуына кедергі жоқ.
Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Ресейлік Ural Motorcycles компаниясының Қазақстанға келуіне еш кедергі жоғын айтады. 26 сәуірде журналистер сұрағына жауап берген Өскенбаев ведомство "шектеулерге ілінбеген" кез келген шетелдік компанияны, оның ішінде Ural Motorcycles-ті қабылдауға даяр екенін айтты.
Бірер күн бұрын мотоцикл шығаратын компания өз кәсіпорнын Ресейден Қазақстанға көшіретіндігі жайлы ақпарат тараған.
- "Урал" зауыты санкцияға ілінбеген. Ресейдің кейбір компаниясы санкцияға ілінген жоқ қой. Егер [ресейлік компания] әлде бір себеппен локациясын өзгертіп, кәсіпорнын Қазақстан аумағында ашпақ болса, біз неге қарсы болуымыз керек? Біз үкіметіміз белгілеген принциптерді ұстанамыз, елге кіргізуге болмайтын компанияларды кіргізбейміз. Ал шектеулерге ілінбеген компанияларды қабылдауға даярмыз, - деді Қайырбек Өскенбаев.
Журналистердің "Ural Motorcycles компаниясына санкция салынбайтынына сенім бар ма?" деген сұрағына министр "әрі қарай не боларын ешкім білмейді" деп жауап берді.
- Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров өте тамаша айтты, ресейліктер - еркін халық, қай жерде жүрем десе, қай жерден зауыт ашам десе, ешқандай шектеулер болмаса, олар өздері біледі. Қазақстанда ашам десе де, Ресейде ашам десе де ешқандай шектеулер жоқ, - деді министр.
Өскенбаев Лавров бұл сөзді қашан және кімге айтқанын нақтыламады. Азаттық ашық дереккөздерден ресейлік министрдің бұл сөзін таба алмады. Алайда наурыздың аяғында Лавров "әрбір ресейліктің таңдау құқығы бар, Ресейде қалып, өмір сүре ме әлде Ресей мен Батыстың қарым-қатынасына байланысты елден кетеді ме өзі біледі" дегені бар.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтің сөзінше, Ural Motorcycles зауыты кәсіпорынды жалға алу үшін "Қазтехмаш" зауытымен келісімге отырған. Оның сөзінше, Ural Motorcycles — өз кәсіпорнын Қазақстанда ашқысы келетін көп компанияның бірі ғана. Ондай компаниялар "Ресейде өте көп" дейді министр.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, қазір Ural Motorcycles зауыты Ирбитте орналасқан. Қазақстанға көшу туралы шешім санкцияға байланысты қабылданған. Санкция кесірінен өндіріске қажетті қосалқы заттар жеткізе алмай, оның үстіне техниканы шетелге сата алмайды. Ал мотоциклдардың негізгі бөлігі шетелге, оның ішінде АҚШ-қа сатылады. Зауыттың жаңа өндіріс алаңы Ирбиттан 600 шақырым жердегі, Қазақстанның солтүстігіндегі Петропавл қаласында болады деп жоспарланған.
18:00
Одесса облысындағы маңызды көпірлердің біріне ракетадан шабуыл жасалғаны айтылды. Бұл туралы облыс басшылығы хабарлады. Зардап шеккендер жайлы ақпарат тексеріліп жатыр.
* * *
Ердоған Путинмен Украинадағы жағдай туралы сөйлесті.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.
Агенттік мәліметінше, телефон арқылы сөйлесу барысында Түркия басшысы Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздердің жалғасуына сенім артатынын айтқан. Сонымен қатар, Ердоған Түркия Украинада берік бейбітшілік орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын баса айтқан.
"Президент Ердоған атысты тоқтатуға қолжеткізу, гуманитарлық дәліздердің тиімді жұмыс істеуі және эвакуацияның қауіпсіз жүргізілуі маңызды екенін айтты. Ол Түркия оқиғалардың бұл бағытын тоқтату және тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті", - делінген Түркия президенті әкімшілігінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, Ердоған Ресей мен Украина басшыларын бітімгершілік келіссөзге шақыру туралы ұсынысын қайталады, делінген хабарламада.
Айта кетейік, Түркия басшысы Украина президенті Владимир Зеленскиймен екі күн бұрын сөйлескен. Осыдан кейін Ердоған Владимир Путинмен сөйлескен.
"Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі?".
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинадағы қақтығыстың үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кету қаупі барын және НАТО Киевті қару-жарақпен қамтамасыз ету арқылы Мәскеумен "мәні бойынша" прокси соғысып жатқанын ескертті.
Ресейлік ақпарат агенттіктеріне сұхбат берген Лавров Киевтің келіссөздерге деген көзқарасын сынады.
"Бірақ біз [Украина президенті Владимир] Зеленскийдің делегациясымен келіссөздер жүргізуді жалғастырудамыз және бұл байланыстар жалғаса береді" дейді Лавров.
Лавров "бұрынғы актер Зеленскийді келіссөздер жүргізіп жатқандай кейіп танытты" деп айыптады.
"Ол жақсы актер. Егер оның айтқанын мұқият қарап, мұқият оқысаңыз, мың қайшылық табасыз" дейді Лавров.
Лавров үшінші дүниежүзілік соғыстың ықтималдығы шынайы екенін айтады.
Ол "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында "Қауіп-қатер ауыр, бұл шын, оны бағаламауға болмайды" дейді.
Оның айтуынша, Киев билігі адал келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ, бұрынғы актер Владимир Зеленский Британ премьер-министрі Борис Джонсон сияқты келіссөздерге емес, алға қойылған міндетке жүгінбей, жұртшылық алдында ойнады.
Одан бірнеше сағат бұрын АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен мен АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Киевке барып, Украинаға көбірек әскери көмек көрсетуге уәде берген. Остин Америка Құрама Штаттары Ресейдің "әлсірегенін" көргісі келетінін және Мәскеуді жеңу үшін Украинаны қаруландыруға уәде бергенін айтты.
АҚШ сондай-ақ осы аптада Украинаға қатысты қорғаныс келіссөздері үшін 40-тан астам елдің жиналысын өткізуі керек, онда көбірек қару-жарақ жеткізіліміне назар аударылады.
Лавровтың айтуынша, Ресей қандай жағдайда да ядролық соғысты болдырмауға ұмтылу принципін сақтау үшін көп жұмыс істеп жатыр.
"Бұл біздің барлығын негізге алатын негізгі ұстанымымыз. Қазір тәуекелдер айтарлықтай" деді Лавров.
Ресейдің екі айдан бергі Украинаға шабуылы 1945 жылдан бері еуропалық мемлекетке жасалған ең ірі шабуыл, соғыс мыңдаған адамның өмірін қиды, қалалар мен елді мекендер қирандыға айналды және 5 миллионнан астам адам шетелге қашуға мәжбүр болды.
Мәскеу өз әрекеттерін Украинаны қарусыздандыру және оны фашистерден қорғау үшін "арнайы әскери операция" деп атайды. Киев пен Батыс мұны Ресей президенті Владимир Путиннің егемен елге қарсы себепсіз басқыншылық соғысы үшін "жалған сылтауы" деп санайды. Ресей бұған дейін ядролық күштерін жоғары дайындыққа қойған.
"Financial Times" газеті Ресей президентімен әңгімелескен үш адамға сілтеме жасай отырып, Путин енді мүмкіндігінше Украина аумағын басып алуға ниетті сияқты деп хабарлады.
Мәскеу енді Украинаның шығысындағы негізінен орыстілді өнеркәсіптік аймақ Донбасты алу мақсатын айтады. Екі жақ та "шығыста әскери әрекеттер жүріп жатыр" деп мәлімдегенімен, Ресей әлі толық құрлық шабуылын бастаған жоқ және айтарлықтай жетістіктерге жеткен жоқ.
Ресей соғыста енді жеңе алмайды – Зеленский
Владимир Зеленский кезекті түнгі жолдауында осылай деп мәлімдеді. Ол украин халқы өз жерінде ресейлік сарбаздардың талтаңдап жүргеніне еш төзе алмайды деді. Зеленский соғыстың – әрбір күні жеңістен кейінгі бейбіт өмірдің бір жылына татитынын жеткізді.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
– Мейлі Ресей бүкіл еркін әлемге қарсы тұрып, өз елін дамытуға жұмсалуға тиіс бүкіл ресурсын халқының аузынан жырып, соғысқа, көрші елдегі адамдардың өмірін жоюға шығындасын. Бірақ тарихтың тәлімі басқаша. Қанша жерден мыңжылдық Рейх құрамын деп талпынсаң да, түбінде бәрібір құрисың. Ескі империяны жаңғыртамын деп қанша жерден тыраштансаң да, өзің құрдымға кетесің. Украиналықтарға қарсы тұрам десең, бәрібір жеңіліс табасың. Қаһарман қарсылығымыздың үшінші айына аяқ бастық.
КРЕМЛЬ: КЕЛІСІМ МАЗМҰНЫН ӘСКЕРИ ІС-ҚИМЫЛДАР АНЫҚТАЙДЫ
«Украиндағы қақтығыс келісімге келумен аяқталады, бірақ бейбіт мәміленің мазмұны бәрібір әскери жағдайға байланысты». Бұл туралы Ресейдің Сыртқы істер министрі жергілікті мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында мәлімдеді. Ол «Киев келіссөздерге шынайы кірісіп отырған жоқ» деп айыптады.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің барлық тұрақты бес мүшесі ядролық соғысқа жол бермеу туралы мәлімдемеге қол қойған. Сондықтан бұл біздің де принципті позициямыз. Қазір Көңілділер мен тапқырлар ойыны жүріп жатыр. Украина келіссөздер жүргізген болады, бірақ Киевтің келісімге келуге шын ниеті жоқ. Украина демократияның алдамшы көрінісін ғана көрсетіп қояды. Әрине әскери күш қолданылатын кез келген жағдай бітіммен аяқталады, бірақ бұл келісімнің негізгі өлшемдері әскери іс-қимылдардың деңгейімен анықталады.
БҰҰ: Украинада 2665 бейбіт тұрғын қаза болды.
БҰҰ-ның адам құқығы бойынша Жоғарғы комиссарының мәліметі бойынша, Украинада соғыс басталғалы 2665 бейбіт тұрғын көз жұмды. Марқұмдардың 195-і – бала. Тағы 3 мыңнан астам адам жарақат алған. Қаза тапқандардың көбі – зымыран, әуе шабуылы, ауыр артиллерия мен реактивті жүйеден соққы алғандар.
Қазір Украина Сыртқы істер министрі БҰҰ-дан Мариупольдегі халықты эвакуациялау үшін Ресейге қысым көрсетуді сұрап отыр. Өйткені бүгін ұйым басшысы Антониу Гутерриш Мәскеуде Владимир Путинмен кездеседі. Ал, бейсенбі күні Киевке жол тартып Владимир Зеленскиймен жүздеспек.
Дмитрий Кулеба, Украинаның Сыртқы істер министрі:
– Мариупольдегі эвакуация мәселесі бірінші орында тұруға тиіс. Бұл мақсатты жүзеге асыру БҰҰ-ның қолынан келеді. Сонымен қатар Украина бірде-бір аумағын басып алуға жол бермейтінін айтқым келеді. Президентіміз де бұл туралы талай мәрте айтты. Біз жерімізді басқыншылардан азат етпей, тоқтамаймыз. Жеңіске деген сенімім болмаса, бұл жерде отырмас едім. Мен және Украина президенті Киевте отыр. Біз орыстардан қорықпайтынымызды дәлелдедік. Біз де соғыса аламыз. Әрине зардабы ауыр болады. Бұл – соғыс. Бізде жеңіске жеткеннен басқа амал жоқ.
16:50
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин телефонмен сөйлесті. Анкараның хабарлауынша, Ердоған Путинге Түркия Украинада бейбітшілік орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтқан әрі Стамбулда Путин-Зеленский кездесуін ұйымдастыруды ұсынған.
16:45
Германия Украинаға зениттік Gepard қаруын береді.
Бұл туралы Германия қорғаныс министрі Кристина Ламбрехт мәлімдеді. Ол Украинаға Gepard құрылымының қанша данасы берілетінін ашып айтпады. Gepard 1970 жылдары жасалған, қару 3 шақырымда 350-400 м/с жылдамдықпен ұшып келе жатқан ұшақ, дрондарды құртуға арналған.
13:44
26 сәуір. Украинадағы соғыста қазірге дейін не болды?
- Украина әскерінің бас штабының есебінше, Ресей әскері Украинаның шығысы мен оңтүстігіне шабуылын үдетіп келеді, бірақ бір күннің ішінде фронтта айтарлықтай өзгеріс болған жоқ.
- БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының есебінше, соғыс басталғалы Украинада 2665 бейбіт тұрғын қаза болған, оның арасында 195 бала бар. 3053 бейбіт тұрғын жараланған. Ал Украина бас прокуратурасының есебінше, соғыс басталғалы 213 бала қаза тапқан.
- Ұлыбритания қорғаныс министрлігі соғыс басталғалы Ресейдің 15 мың әскериі қаза тапты деп санайды.
- Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украинадағы Кременная қаласы Ресейдің бақылауына өтуі мүмкін деп болжайды. Ведомоство Изюмнің оңтүстігінде ауыр шайқас жүріп жатқанын айтады.
- Польша премьері Матеуш Моравецкий Варшава Украинаға танкілер бергенін мәлімдеді.
13:12
Путин мен Гутерриш кездеспек.
Бүгін, 26 сәуірге Ресей президенті Владимир Путин мен БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриштің жеке кездесуі жоспарланған. Екеуі Украинадағы соғысты талқыламақ. Бұған дейін Гутерриш Мәскеуге барып Путинмен Украинадағы қақтығысты тоқтату жайын талқылайтынын айтқан еді.
БҰҰ Бас хатшысы Путинмен кездесу алдында, 25 сәуірде Түркия президенті Режеп Ердоғанмен сөйлескен. Кейін Кремль де Путин мен Ердоған алдағы уақытта телефон арқылы сөйлесетінін айтқан.
Украина президенті Зеленский демалыс күндері Гутерриштің алдымен Киевке емес Мәскеуге барғанын сынға алған.
10:50
Мариуполь түбінде тағы бір жаппай жерлеу орны табылды.
Мариупольден бес шақырым жерде бауырластар зиратына ұқсайтын орын анықталды. Азаттық радиосы Украин қызметінің "Схемы" жобасы зиратқа арналып қазылған траншеялар көрінетін спутник суреттерін жариялады. 24 наурыз күні траншея ұзындығы 60-70 метр болған. Траншея Ескі Қырым елдімекеніндегі зираттың аумағынан қазылған. Бұл ауыл сол кездің өзінде-ақ Ресей бақылауында болған. Бір айдан кейін траншеяның ұзындығы 200 метрге жеткен. Кей бөлігі көмілген.
10:25
"Урал" мотоциклін шығаратын Ural Motorcycles компаниясы санкция салдарынан өндірісін Ресейден Қазақстанға көшіреді.
Компанияның бұл шешіміне қажет құрал-жабдықтың жетіспеуі және Ресей техникасының импортына салынға санкциялар түрткі болған. Кейінгі жылдары жанында арбасы бар "Урал" мотоциклдері Батыс елдеріне сатылып жүрген. Импорттаушылар арасында АҚШ та бар.
Ural Motorcycles Ресейдің Свердлов облысындағы қазіргі кәсіпорнында қызметкерлерінің санын қысқартып, Қазақстанның Петропавл қаласынан ашылатын зауытына жаңа жұмысшы жалдамақ. Компания менеджерлері түгелдей Қазақстанға көшірілмек.
10:25
"Урал" мотоциклін шығаратын Ural Motorcycles компаниясы санкция салдарынан өндірісін Ресейден Қазақстанға көшіреді.
Компанияның бұл шешіміне қажет құрал-жабдықтың жетіспеуі және Ресей техникасының импортына салынға санкциялар түрткі болған. Кейінгі жылдары жанында арбасы бар "Урал" мотоциклдері Батыс елдеріне сатылып жүрген. Импорттаушылар арасында АҚШ та бар.
Ural Motorcycles Ресейдің Свердлов облысындағы қазіргі кәсіпорнында қызметкерлерінің санын қысқартып, Қазақстанның Петропавл қаласынан ашылатын зауытына жаңа жұмысшы жалдамақ. Компания менеджерлері түгелдей Қазақстанға көшірілмек.
10:10
Неміс концерні Rheinmetall өз үкіметінен Киевке Leopard 1A5 танкісінің 88 данасын беруге рұқсат сұрады.
Leopard 1 танкісінің түрлі модификациясы неміс әскерінде 2010 жылға дейін қолданыста болған. Кейін оның орнына Leopard 2 танкілері келді. Бірақ Leopard 1 танкісі әлемнің өзге елдерінде әлі де қолданылады.
Неміс газеті Die Welt концерннің ішкі құжатымен танысқанын, онда Rheinmetall 22 танкіні алдағы апталарда-ақ жіберуге дайын екені, қалғанын жыл соңына дейін жолдай алатыны жазылған. Бірақ ол үшін Германия үкіметінің рұқсаты керек. Rheinmetall канцлер Олаф Шольц үкіметіне ресми түрде жүгініп үлгерді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Rheinmetall Украинаға Marder бронкөлігінің 100 данасын беруге де рұқсат сұраған. Концерн баспасөз қызметі бұл хабар туралы пікір білдіруден бас тартты.
21:37 25.4.2022
- Ресей мен Украина Мариупольдегі «Азовсталь» комбинатынан бейбіт тұрғындарды шығару үшін гуманитарлық дәліз ашуға келісе алмады. Ресей қорғаныс министрлігі дәліз ашамыз деген еді, бірақ Украина тарабы «бұл бір жақты шешім, бұл шешім қауіпсіздікке кепілдік бермейді» деді.
- Ресейдің ФСБ-сы кремльшіл журналист Владимир Соловьевке қастандық жасамақ болған алты адамды ұстадық деді. Кремль бұл «жоспардың артында Украинаның қауіпсіздік қызметі» тұр деп отыр. Украина ФСБ сөзін жоққа шығарды.
- Ресейдің Брянск қаласындағы мұнай базасынан өрт шықты. Ресей қарулы күштеріндегі қызметкер телеграм каналдарға «базаға украиналық әскери дрондар шабуылдағанын» айтқан. Киев бұл өрт туралы ештеңе деген жоқ.
- Путин Украинаның шығысынан 1 миллиондай адам Ресейге өтті деп мәлімдеді. Бұған дейін Украина тарабы «ресейлік әскерилер өздері оккупациялап алған жерлердегі халықты күштеп Ресейге көшіріп жатыр» деген еді.
- Киев билігі қаладағы 1981 жылы тұрғызылған «Халықтар достығы» ескерткішін сұреді. Бұл ескерткіш орыс пен украин халқының достығының нышаны еді.
- АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Киевке сапарынан соң «мақсат – Ресейдің әскери потенциалын әлсірету» деді.
- АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Киевте Зеленскиймен кездесуден соң «Мәскеу соғыста әскери мақсаттарына жете алмай жатыр» деді.
- Ұлыбритания барлаушылары Ресей өзінің оккупациясын ақтау үшін Херсон облысында «Херсон халық республикасын» құру үшін референдум өткізуге дайындалып жатыр деп хабарлады. Ал Ресей сыртқы істер министрі 25 сәуірде «Херсонда референдумға дайындық жайлы естіген жоқпыз» деді.
20:34 25.4.2022
Британия барлаушылары: Ресей Херсонда референдум өткізбек.
Ұлыбритания барлаушылары Ресей өзінің оккупациясын ақтау үшін Херсон облысында «Херсон халық республикасын» құру үшін референдум өткізуге дайындалып жатыр деп хабарлады. Ал Ресей сыртқы істер министрі 25 сәуірде «Херсонда референдумға дайындық жайлы естіген жоқпыз» деді. (Ресей үкіметі ақпанда батыс барлаушылары "Кремль Украинаға басып кірмек деп бірнеше рет айтқанда жоққа шығарып келген еді).
Украина президенті Зеленскийдің кеңесшісі Алексей Арестович Ресей Херсонда мұндай референдумды 1-10 мамыр арасына жоспарлап жатыр деген еді.
Бұған дейін Зеленский «егер Херсонда псевдореферендум өтетін болса Украина Ресеймен келіссөзден шығады» деп мәлімдеген.