Атырау, 3 мамыр 07:01
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Жер мәселесі: бір құжатқа азайды

1 192 просмотра

Енді атыраулық бизнесмендерге жер телімін кеңейтуге құжат ресімдеу кезінде эскиздік жобаны ұсынудың қажеті жоқ. Бұл оларды қосымша қаржылық шығыннан сақтайды.

– Біріншіден, ҚР Жер кодексінің 43-бабының 3-тармағында және жер теліміне құқық беру тәртібін реттейтін 2020 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі бекіткен «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларында» учаскені кеңейту кезінде эскиздік жобаның болу керектігі туралы талап жоқ. Екіншіден, жер теліміне акті болмаса жер жоспарланатын нысандардың көлемі мен ауданын анықтау мүмкін емес. Үшіншіден, бас тартылған жағдайда кәсіпкер эксиз жобасын дайындауға жұмсаған қаражатын жоғалтады. Эскиздік жобаны талап еткенде жергілікті шенеуніктер ҚР Жер ресурстарын басқару комитетінің ұйғарымын басшылыққа алады. Бірақ бұл нормативтік-құқықтық акт емес, оны пайдалану - мемлекеттік органдар тарапынан құқық бұзушылық болып табылады, - деп атап өтті Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің сектор меңгерушісі Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ.

Өзекті болған бұл мәселе Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиындарда талай рет көтерілді. Мәселен, Атырау облысы бойынша РКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында жеке кәсіпкер Ақсанова Қайыршақты ауылдық округі әкімдігіне жер телімін кеңейту өтінішімен жүгінгенін, бірақ құжаттардың арасында эскиздік жобаның болмауына байланысты оның өтінішін қабыл алмағанын айтты. Мұндай мысалдар өте көп.

Нәтижесінде РКП облыстық прокуратураға үндеу жолдады. Прокурорлық әрекет ету нәтижесінде жер телімдерін кеңейту туралы өтініштерді қарау тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді жер телімін кеңейту үшін эскиздік жоба талап етілмейді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 сәуір 2022, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.