Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.
17:55
WSJ: АҚШ қауіпсіздік кеңесі Путиннің "әйелі" Кабаеваға санкция салуға шектеу қойған.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі көркем гимнастикадан олимпиада чемпионы Алина Кабаеваға санкция салуға шектеу қойған. Америкалық шенеуніктер егер Кабаеваға санкция салынса, Путинді ашуландырып алуымыз мүмкін деп қауіптенген. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған америкалық Wall Street Journal газеті жазды.
Кейбір ақпараттарда 39 жастағы Кабаева Путиннің қазіргі "әйелі" екені айтылады. БАҚ беттерінде Путин мен Кабаеваның кемі үш баласы бары да бірнеше рет жазылған. Санкция салынатындар тізімін дайындаған АҚШ қаржы министрлігінің қызметкері WSJ басылымына "америкалық жоғарғы шенділер Кабаеваға санкция салынса, Путин агрессивті түрде жауап беруі мүмкін деп санайды" деген.
АҚШ бұған дейін Путиннің екі қызы Катерина Тихонова мен Мария Воронцоваға санкция салған. Ресей президентінің екі қызы ғылым саласындағы мемлекеттік және жартылай мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Bloomberg сайты Путиннің қыздарына санкция қатты әсер етпеуі мүмкін, себебі олардың шетелде активтері бар-жоғы белгісіз деп жазды.
Кремль Путиннің балаларына қатысты ештеңе айтпаған. Путиннің қызы болуы мүмкін 18 жастағы Елизавета Кривоногихтің шешесі Светлана Кривоногих те санкцияға ілінгендер тізімінде жоқ.
17:27
ФСБ «террорлық топ журналист Соловьевке қастандық жасамақ болды» дейді.
Ресей президенті Бас прокуратураның жиынында «ФСБ ресейлік танымал журналисті өлтірмек болған террористік топтың жолын кескенін» айтты. Ол бұл қастандықтың артында батыстың арнайы қызметтер тұр дейді. Путин «Ресей қоғамына іріткі салғысы келген Батыс», «ақпарат майданында да жеңіліп, енді террорлық жолды таңдады» деп санайды
Путин нақты қай журналиске шабуыл жасалмақ болғанын айтпады.
Ал ФСБ «журналист Владимир Соловьевты өлтірмек болған неонацистік террорлық топтық мүшелері ұсталды, олар Украина қауіпсіздік қызметінің тапсырмасымен жұмыс істеген» дейді.
15:53
Ресей "Азовстальдан" бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз ашатынын жариялады.
Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольдегі "Азовсталь" комбинатынан бейбіт тұрғындарды шығару үшін бүгін, түстен кейін гуманитарлық дәліз ашатынын мәлімдеді. "Азаматтар зауыттан шыққан соң қайда баратынын өздері шешер" дейді ведомство.
"Азовсталь" комбинатында "Азов" батальоны, Украинаның 36-теңіз жаяу әскер бригадасы мен мыңға жуық бейбіт тұрғын жасырынып отыр.
Бұған дейін екі тарап Мариупольден бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз ашуға алдын ала келіскенімен, ол жоспар жүзеге аспаған.
Мариуполь 1 наурыздан бері Ресей қоршауында. Кремль қаланы бақылауға алғанын айтқанымен, "Азов" пен 36-батальон "Азовсталь" ішінде жасырынып, шайқас жүргізіп жатыр.
14:54
"Тәуелсіз Украина Путин билігінен ұзақ жасайды".
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен қорғаныс министрі Ллойд Остин жексенбі Киевке келіп, Зеленскиймен кездесті. Кездесуден кейін АҚШ-қа оралған Блинкен мен Остин не айтты?
Энтони Блинкен:
- Мәскеу бұл соғыста әскери мақсаттарына жете алмай жатыр, ал Украина жетістікке жетіп жатыр.
- Бұл соғыс енді қалай жалғасатынын білмейміз, бірақ бір білеріміз – тәуелсіз, дербес Украина Путиннің билігінен ұзақ жасайды. Біздің Украинаға қолдауымыз болашақта да жалғаса береді.
- Киевке бұл сапар Американың Украина билігіне үлкен қолдауын білдіреді.
- Зеленский кездесуде АҚШ президенті Джо Байденге және АҚШ-тың жомарттығына алғыс айтты.
- Ресей Украинаның кей аймағында халыққа қатыгездік көрсетіп жатыр, бірақ украиналықтар мықты.
Ллойд Остин:
- Киев қалыпты өмірге оралып келе жатқаны байқалады.
- Украинадағы қақтығыстың сипаты өзгерген, сондықтан алыстағыны атып түсіретін қару-жарақ пен танкілер керек.
- АҚШ Украинаға жіберген қарулардың не болып жатқанын бақылай алмайды, себебі Украинада америкалық әскерилер жоқ.
- Жеңіске деген алғашқы қадам – жеңіске деген сенім. Жеңіске жететінімізге сенеміз, Украинаға дұрыс қару-жарақ пен дұрыс қолдау болса олар да жеңіске жете алады.
13:50
Украинаның қай аймақтарында қақтығыс болып жатыр? Украина тарабы таратқан хабарламалар.
- 24 сәуірден 25 сәуірге қараған түні Харьков маңайындағы тұрғын үйлер атқыланды. Бір адам жараланғаны айтылды. Харьков облысы Чугуев және Золочев аудандарын атқылаудан екі адам қаза болып, 11 адам жараланды.
- Луганск пен Донецк облысына күшті шабуылдар әлі жалғасып жатыр. Луганск облысында көпқабатты үш үй, төрт жер үй өртенді. Лисичансктегі мұнай өңдеу зауыты шабуылданды. Донецк облысын атқылаудан бес бейбіт тұрғын қаза тапты, екеуі бала.
- Львов облысында ракеталарға қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істей бастады. Бұған дейін облыста бірнеше рет әуе дабылы қағылған.
- Полтова облысына ракетадан шабуылдан бір адам қаза болып, жеті адам жараланғаны хабарланды. Облыс басшысы Дмитрий Луниннің сөзінше, ракеталар Кременчуская жылу станциясы мен мұнай өңдеу зауытына түскен.
- «25 сәуір таңертең Украинаның орталық және батысында бес теміржол станциясы атқыланды» деп хабарлады Украина теміржолдары басшысы Александр Камышин. Ол «зардап шеккендер бар, қазір ақпаратты анықтап жатырмыз» деді.
12:51
Ресейдегі Брянск қаласында мұнай базасы өртке оранды.
"Транснефть Брянск Дружба" мұнай базасының өртеніп жатқанын Ресей төтенше жағдай министрлігі растады. Министрліктің айтуынша, өрт кезінде ешкім жапа шекпеген.
Төтенше жағдай министрлігі Брянск қаласы Фокинск ауданындағы өрт туралы хабарламасын түн ортасында жариялады.
Сонымен қатар, "Интерфакс" агенттігі өзінің дереккөзіне сілтей отырып Брянскіде мұнай өнімдері сақталатын тағы бір қойманың өртке оранғанын хабарлады. "Таңға жуық Снежетьский вал [көшесіндегі] мұнай кешені аумағында дизель жанармайы бар қоймада өрт шықты" деп келтіреді дерекөзінің сөзін ақпарат агенттігі.
12:19
Guardian: Ресей әскері бейбіт халыққа қарсы флешетта дротиктерін пайдаланды.
Британиялық Guardian газеті Киев түбіндегі қалаларда жұмыс істейтін дәрігерлер мен сот-медициналық сарапшыларға сілтей отырып, Ресей әскерінің бейбіт тұрғындарға қарсы ұзындығы 3-4 сантиметр болатын флешетта дротиктерін пайдаланды деп хабарлады. Қарудың бұл түрі 20-ғасырдың басында – Бірінші дүниежүзілік соғыста және Ресейдегі азаматтық соғыста пайдаланылған.
Guardian басылымының жексенбі, 24 сәуір күні жарияланған мақаласында Киев облысындағы Буча, Ирпень және Гостомель қалаларында Ресей әскерінің флешеттамен толтырылған снаряд пайдаланғаны жайлы айғақтар бары айтылады.
Мұндай снарядтар жарылған кезде оның ішіндегі флешетталар жүздеген метрге ұшады. Кісі денесіне тигенде әдетте майысып не сынып қалып жатады.
Флешеттаны жүз жыл не одан көп уақыт бұрын жаудың жаяу әскеріне қарсы пайдаланған. Одан кейінгі уақытта оларды сирек қолданған. Мәселен, 1960-жылдары АҚШ әскері бұл қаруды Вьетнамда бірнеше мәрте пайдаланған.
Guardian газетінің жазуынша, флешетта халықаралық конвенциялармен тыйым салынған қаруға жатпайды, бірақ оны халық тығыз орналасқан аумақта қолдану халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы саналады.
07:54
Байден Украинаны одан әрі де қолдай бермек
"Путиннің Украинаға қисынсыз, негізі жоқ басып кіргеніне екі ай өтті, Киев әлі тұр. Президент Зеленский мен оның демократиялық жолмен сайланған үкіметі әлі де билікте. Украиналықтарды отанын қорғау ісінде қолдауды жалғастыра береміз" деп жазды АҚШ президенті Джо Байден 24 сәуірде. Осы күні Ресейдің Украинаға басып кіргеніне тура екі ай толды.
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті "Украинаны қолдаудағы жетекшілігі үшін" алғыс білдірді. Жексенбі, 24 сәуірдің кешінде Зеленский Киевке келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен және қорғаныс министрі Ллойд Остинмен келіссөз жүргізді.
07:47
АҚШ билігінің екі белді өкілі Киевке келді
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен қорғаныс министрі Ллойд Остин Зеленскиймен келіссөз жүргізу үшін Киевке келді. Бұл туралы Украина баспасөз құралдары хабарлады.
Олар АҚШ-тың Украинаға әскери-техникалық көмегін, соғыстың мән-жайын, қауіпсіздік мәселесін талқылайды.
07:43
АҚШ-та Bank of America банкі Хьюстон және Нью-Йорк қалаларындағы Ресей консулдықтарының есеп шоттарын бұғаттады. Бұл туралы Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов "Россия 1" телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, дипөкілдіктің жұмысы тығырыққа тірелген.
Ресей Украинаға басып кіргелі Батыс елдері Мәскеуге қарсы көптеген қатаң санкциялар жариялады. Мәскеу оларды "русофоб" деп айыптайды.