Атырау, 3 мамыр 01:18
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

ҚАЖД ұсталғандарды "азаптаған" тергеу изоляторында "косметикалық жөндеу жұмыстары" болғанын растады

1 635 просмотра

Алматы қаласының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды "азаптаған" қаладағы СИ-18 тергеу изоляторында жөндеу жұмыстары болғанын растады. Бірақ кейбір бөлмелердің дәнекерленгенін жоққа шығарды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін аталған тергеу изоляторында азапталғанын мәлімдеген кейбір азаматтар жуырда тергеу изоляторында "жөндеу жұмыстары" болғанын айтып, азаптау фактілері расталмай қала ма деп алаңдаған еді.

"ЛА-155/18 мекемесінде режимдік корпустарға, оның ішінде камераларға, қызметтік бөлмелерге, дәрігерлік кабинеттерге жыл сайын косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ал, сіз келтірген "есіктерді ашылмайтындай етіп, дәнекерлеп тастаған" фактілердің жалған екенін мәлімдейміз" деп жазылған департамент бастығының орынбасары Е.Ұзақов қол қойған құжатта.

Бұған қоса, изолятордың режимдік корпустарына жөндеу жұмыстары соңғы рет "2021 жылдың үшінші тоқсанында жүргізілгені" жазылған.

Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу изоляторында азапталғандардың бірі Саят Әділбекұлы жуырда тергеу амалдары аясында өзін ұрып-соққан қосалқы бөлмені көрсетпек болғанын, алайда оның есігі темірмен дәнекерленіп, ашылмайтын етіп тастағанын айтқан еді.

– 15 наурызда мені қаңтарда қамауда болғанымда ұрып-соққан СИ-18 мекемесіне [Алматыдағы тергеу изоляторы] алып барды. Жанымда тергеушілер мен адвокатым болды. Изолятор аумағына кірген бетте бірнеше өзгеріс байқадым. Біріншіден, 8 қаңтарда бізді полицейлер фургонмен әкеп, итеріп түсіргенде изолятордың екі корпусын жалғап тұрған темір тордың бойына қаз-қатар тұрғызғаны есімде. Бірақ сол тор қазір жоқ. Одан кейін бізді сүйретіп, аяусыз ұрып-соққан кезде едені қаннан көрінбеген дәлізді де танымай қалдым, бояп тастапты, бояу иісі мүңкіп тұрды. Тіпті камера ішінде де жөндеу жұмысын жүргізгені көрініп тұр. Бұдан кейін мені азаптаған №259 камераның артқы жағындағы қосалқы бөлмені көрсетпек болып едім, оның есігін ашылмайтындай етіп дәнекерлеп тастапты, – дейді Саят Әділбекұлы.

Әділбекұлының ісі бойынша тергеу жүріп жатқанына екі айдан асты, бірақ күдікті әлі анықталған жоқ. Жәбірленуші өзі қамауда болған мекемедегі өзгерістер оның сөзін жоққа шығарып, азаптау фактісі расталмай қала ма деп алаңдайтынын айтады.

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғанын мәлімдеген Қосай Маханбаев есімді ер адам да осыған дейін азаптау фактілерін жабу талпынысы байқалғанын, тергеу изоляторының тіркеу журналынан 13 қаңтарға дейінгі жазбалардың ұшты-күйлі жоғалғанын айтқан еді.

"Қазір барлық аурухананың камераларынан [жараланғандарды күшпен ұстап әкеткені жайлы] видеолардың өшірілгені анықталды. Себебі олар тек 15 күн ғана сақталады дейді. Бізді ауруханадан алып кеткеннен кейін дүмбімен ұрып-соқты, тепті, алты орындық автозакқа бірден 16 адамды тықты. СИ-18 тергеу изоляторында бетонда жаттық. Екінші қабаттағы медбикелер бізді тексеріп, қандай ауыр хәлде жатқанымызды көрді. Бірақ қазір олар ештеңе көрмедік деп жалған куәлік беріп отыр. Үш күн ас-су бермей, аштықпен қинады, азаптап тергеді. Жеті күн бойы суық еденде матрассыз, жамылғысыз далада жатқандай жаттық. Бізге моральдық қысым көрсетті. Ештеңе жасамасақ та, "террорист, зорлықшы" деп атады", - деген еді Маханбаев 21 сәуір күні Қаңтар оқиғасына арналған жиында.

Жәбірленушілер бұған дейін, "Азаптау" бабы бойынша қозғалған істер тергеу барысында дәлелденбей, өздерін қинап-азаптағандар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деген күдік айтқан. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда болған жүздеген адам өздерінің азапталғаны жайлы айтып, 234 іс қозғалған. Алайда, әзірге күштік құрылымның тек 9 өкілі күдікті деп танылып, қамауға алынған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар мен заңгерлер Қазақстан билігін Қаңтар қырғынын халықаралық дәрежеде зерттеуге үндеген. Нұр-Сұлтан ұсыныстан бас тартқан.

23 сәуір 2022, 07:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.