Футболдан ел чемпионатының 7-туры аясындағы ойында «Атырау» өз алаңында қостанайлық «Тобылды» 2:1 есебімен ұтты.
Негізгі оқиғалар екінші таймда орын алды. 66-минутта «Атыраудың» хорватиялық жартылай қорғаушысы Андрия ФИЛИПОВИЧ пенальтимен есепті 1:0-ге жеткізсе, 77-минутта меймандардың шабуылшысы Игорь СЕРГЕЕВ таразы басын теңестірді. Алайда 83-минутта Филипович гол соғып, команда жеңіске жетті.
Sports.kz ел чемпионын жеңген бұл жеңісті «сенсация» деп атады.
«Атырау» ФК баспасөз қызметі матч қаһарманы Филиповичтің комментарийін жариялады:
- Бұл өте қиын ойын болды, біз бар күш-қуатымызды алаңда қалдырдық. Команда жеңіске толық лайық болды. Мен екі гол соққаныма өте қуаныштымын, бірақ біз тынбай еңбек етуіміз керек.
«Атыраудың» бас бапкері Константин ГОРОВЕНКО:
- Қатарынан екі рет жеңілгеннен кейін шегінуге құқымыз жоқ еді. Ойын алдында ойыншылардың жігерін сезіндім, тіпті үш ұпай аламыз деген сенімде болдым. Баршаңызды жеңіспен құттықтаймын, бұл атыраулықтар, сіздерге арналған жеңіс!
Айнұр САПАРОВА