Атырау, 6 қазан 23:22
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Министр атыраулық үлескерлермен және көп балалы аналармен кездесті

1 326 просмотра

21 сәуірде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ Атырауға жұмыс сапарымен келді. Түске дейін ол мұнайлы астана тұрғындарын жеке қабылдады.

«Жібек жолы» және «Ақмаржан» тұрғын үй кешендерінің үлескер өкілдері тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуына қатысты бірнеше сауал қойды. Өйткені 2021 жылғы желтоқсан айының соңында Атырау қалалық полиция басқармасы «Жібек жолы-Атырау» тұрғын үй-құрылыс кооперативіндегі алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. 76 үлескер жәбірленуші деп танылды. 31 наурызда тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшылығы ұсталды.

– Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2020 жылы қажетті рұқсат құжатынсыз басталған. Бүгінде құрылыс жұмыстары 20%-ға орындалды, 2 блок тұрғын үйден тек 1 блоктың қаңқасы ғана салынды, құрылыс жұмыстары күзден бері жүргізіліп жатқан жоқ. Тексеру комиссиясын құрып, қайтарымды негізде немесе несие ретінде құрылысты аяқтауға қаражат бөлуіңізді сұраймыз. Бізде әлі 100 пәтер бос тұр, – дейді үлескер Бақтыгүл ЖҰМАҒАЛИЕВА.

«Ақмаржан» тұрғын үй кешені де 2020 жылы салына бастады. Үлескерлердің бірі Мейрамбек БИЖАНОВТЫҢ айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Тек аумақты абаттандыру, тұрғын үй кешенін жүргізілген сыртқы инженерлік желіге қосу және кіреберістерде әрлеу жұмыстарын жүргізу ғана қалған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, өкінішке орай, мұндай жағдай басқа қалаларда, атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда да орын алып отыр. Соған байланысты қадаммен әрекет ету алгоритмі, оның ішінде комиссия құру да бар. Алдымен мұндай тұрғын үй кешендерінен баспана сатып алушылар жәбірленуші деп танылады, олардың әрқайсысына тигізілген зиян үлесі есептеледі және т.б.

Көп балалы ата-аналар мен ерекше балалардың аналары «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алған пәтерлерін кем дегенде 15 жылдан кейін сатып алу мүмкіндігіне ие болғысы келеді. Әзірге мемлекет баспананы оларға сатып алу құқығынсыз 100 (!) жылға жалға ғана береді.

Бұл мәселе көптеген қазақстандықтарды алаңдатып, ол республика деңгейінде қарастырылып жатыр екен.

– Бұл мәселе Мәжілісте қаралады. Бірақ сіздерді үміттендіргім келмейді, бұл бір күнде шешілетін іс емес, ұсыныс мақұлданбауы да мүмкін, – деді Қ.Өскенбаев.

Сондай-ақ аналар «50/50» жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы аясында оларға баспана табу оңайға соқпайтынын – көпшілігі көп балалы отбасыларға пәтер жалдағылары келмейтінін айтты.

Дегенмен, 50/50 бағдарламасы жалғасады, мемлекет қаржыландыратын сол арендалық тұрғын үй құрылысының тоқтатылуы есебімен оған қатысушыларды қамтуды 10 есеге арттыру жоспарланып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 сәуір 2022, 09:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.