Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.
18:27
Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович Путиннің «Азовстальды» штурмды тоқтату туралы бұйрығы жайлы не дейді?
Демек, олар «Азовстальды» ала алмайтынын түсінді. Олар сол жерде көп шығынға ұшырады. Штурмнан бас тартудың тағы бір себебі әскери күштерінің бір бөлігін Мариупольден солтүстікке, Донецк пен Луганск шекарасына жібергеннен болуы мүмкін. Бірден айтамын, мұны жүзеге асыру олардың қолынан келмейді.
15:32
Мәскеу соты Google компаниясын «Украинадағы арнайы операция жайлы фейктерді» алып тастамады деп 11 млн рубль (136 мың доллар) айыппұл салды.
Ресей Украинаға басқыншылығын «арнайы операция» деп атап, «соғыс» деген сөз қолданған материалдар мен видеоларды «фейк» деп таниды.
15:18
Владимир Зеленский, Светлана Тихановская және «Первый каналдың» экс-редакторы Марина Овсянникова немістің Бостандық бойынша бұқаралық ақпарат құралдары сыйлығын алады. Биыл бұл сыйлық Шығыс Еуропаның бостандығы үшін күрескендерге берілмек.
13:53
Шойгу Путинге "Мариупольді алдық" деп есеп берді. Путин "Азовстальға" штурм жасаудың қажеті жоқ деді.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 21 сәуірде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде "Мариуполь қаласын бақылауға алғаны" жайлы есеп беріп, "тек "Азовсталь" комбинатының аумағына әлі бақылау орнатылмағанын" айтты.
"Украиналық күштер мен шетелдік жалдамалылар "Азовсталь" ішінде қамалып отыр. Қаланы толығымен бақылауға алуға 3-4 күн керек" деді Шойгу.
Путин Мариупольдегі "қарулы жұмысты" "сәтті" деп атап, ресейлік әскерилерге награда беруді тапсырды.
Ресей президенті "Азовстальға" штурмды "бос іс" деп атап, Шойгуға комбинатқа штурмды доғаруды бұйырды.
"Бұл жағдайда біз солдаттарымыз бен офицерлеріміздің өмірін сақтауды ойлауымыз керек. Бұл катакомбаға жолаудың қажеті жоқ, өнеркәсіп базасының астына түсудің де керегі шамалы. Өнеркәсіптік аймақты шыбын ұшпайтындай жауып тастаңдар" деді Путин.
Мариуполь қаласы 1 наурыздан бері Ресей әскерінің қоршауында қалған. Украина билігі қаладағы 80-90 пайыз инфрақұрылым толық қирағанын, қалада 20 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза болғанын мәлімдеген.
Бұл қаланы негізінен украиналық "Азов" батальоны қорғаған. Ресей билігі "Азов" батальонын "националистер" деп, Мариупольді "националистердің астанасы" деп атайды. Киев қалада 10 мыңнан аса адам қалғанын, Ресей күштері оларды қаладан шығармай отырғанын айтқан.
12:47
Ресей әскері Луганск облысындағы қалаларды басып алуға тырысып жатыр.
Луганск облысындағы Рубежное және Попасная қалаларында ұрыс жүріп жатыр деді Луганск облысы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай.
"Жау Рубежноеның батыс және солтүстік-батыс бөлігінде бекініп алуға тырысып көрді, бірақ сәтсіздікке ұшырады. Новотошковскийге шабуылы да сәтсіз болды, қазір Попасныйға шабуылдап жатыр" деп жазды Гайдай.
Рубежное Луганск облысының орталығы Северодонецкіге жақын орналасқан.
11:49
Ұлыбритания барлау қызметінің 21 сәуірдегі хабарламасы:
Ресей 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Украинадағы соғыста едәуір жетістікке жеткенін көрсеткісі келетінге ұқсайды.
Ресей күштері Донбасстан Краматорскіге қарай қозғалуда. Бұл аймақта Ресей күштері тоқтаусыз бомбалап жатыр.
Ресей әуеде белсенділік танытып, құрлық әскерінің Украина шығысындағы шабуылын демеп отыр.
08:01
Еуроодақтың Украинаға әскери көмегі 1,5 миллиард еуро болды.
Еуроодақтың Украинаға әскери көмегі бір жарым миллиард еуро болды. Еурокеңес басшысы Шарль Мишель Киевтегі сапары кезінде осылай деп мәлімдеді.
Мишель Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Украин басшысының айтуынша, жүздесуде Ресейге қарсы санкциялар, сонымен бірге Еуроодақтың Киевке көрсеткен көмегі сөз болған.
Зеленский Украинаның Еуроодаққа қосылу мәселесі де талқыланғанын мәлімдеді. Жақында ғана украин билігі ұйымға кіруге қажетті сауалнаманы Брюссельге тапсырған.
Мишель Киев түбіндегі Бородянка қыстағында болды. Ресей әскері бұл елді мекенді жақында ғана тастап кеткен. Украина Ресейді бейбіт тұрғындарға қиянат жасады деп айыптап отыр. "Тарих мұнда жасалған әскери қылмыстарды ұмытпайды. Әділетсіз бейбітшілік болуы мүмкін емес", — деп жазды Еурокеңес басшысы Бородянкаға жасаған сапарынан соң.
Ресей әскері 24 ақпанда Украина аумағына президент Владимир Путиннің жарлығымен басып кірді. Осы уақытқа дейін, БҰҰ мәліметінше, екі мыңнан астам адам опат болды. Соғыста қаза тапқандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бес миллионнан астам адам босқын атанды. Жеті миллионнан астам адам ел ішінде көшуге мәжбүр болды.
00:54
Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель Киевке келді
Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель жұрт күтпеген тур жасап, Киевке келді. Ондағы мақсаты – Ресей басқыншылығынан зардап шегіп жатқан Украинаға қолдау білдіру.
"Бүгін Киевтемін. Еркін әрі демократиялы Еуропаның жүрегінде" деп жазды ол Twitter-де Украина астанасына келген жария етіп.
Чарльз Мишельді теміржол вокзалынан Украина вице-премьері Ольга Стефанишина қарсы алды. Осыдан кейін ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Еуропа кеңесінің басшысы соғыстан қатты зардап шеккен Бородянка қаласына барғанын да мәлім етті.
"Бородянкаға барып, ондағы жағдайға куә болдым. Қандай күй кешкенімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Еуропа кеңесінің президенті ретінде емес, әке ретінде, адам ретінде. Соғыс қылмысы жасалған. Олар жазалануы тиіс. Жазаланады" деп жазды ол.
20:55 20.4.2022
Bloomberg: Путин Украинаға басып кіру шешімін Шойгу, Патрушев, Герасимовпен бірге қабылдаған
Bloomberg агенттігі жағдаймен таныс ресейлік шенеуніктермен тілдесіп, соғысқа қатысты шешімдер қалай қабылданғанын білген. Агенттік мақаласының негізгі тұстары:
- Соғысқа екі апта қалғанда Путин сөйлесетін адамдарының санын күрт қысқартқан. Ол Украинаға басып кіру туралы шешімді қорғаныс министрі Сергей Шойгумен, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен, Бас штабтың жетекшісі Валерий Герасимовпен бірге қабылдаған.
- Санкциялар мен Ресейдің ішіндегі қысым Путинге әсер ете қоюы қиын. Ол соғыстың ел экономикасына тигізер зор зияны жайлы айтқандарды тыңдағысы келмейді.
- Путин "соғыс Ресей экономикасын ондаған жылға кері кетіреді" деген аргументтерге "Батыс маған таңдау қалдырған жоқ" деп жауап береді.
19:56 20.4.2022
Подоляк: Украина тарабы Мәскеудің ұсынысын алды
Украина президентінің кеңесшісі, Украина келіссөз делегациясының мүшесі Михаил Подоляк Киев Мәскеудің ұсынысын алғанын айтып, енді бұл құжатты қарастырамыз мәлімдеді.
"Украина Стамбулдағы келіссөзде (29 наурызда өткен) Ресейге мәселені шешетін өз ұсынысын тапсырған. Ресей тарабы біздің ұсынысымызды қарастырып, бізге өз позициясын жіберді. Енді біздің кезек, бұл ұсынысты қарастырамыз, салыстырамыз, қорытынды жасаймыз" деді ол "Украина 24" медиасына.
Бүгін, 20 сәуірде Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу Киевке "нақты ұсыныстарын" жібергенін, енді "жауап күтетінін" айтқан.
Мәскеу Киевке қандай ұсыныс жасағаны айтылмады.