Бүгін, 21 сәуірде Құлсары қаласында Құрсай өзегіне келген су арнасынан шығып, үйлерге суға кету қаупі төнді.
Өзек суы бөгетті жарып, жетінші ауыл, І.Сариев көшесіндегі үш үйді қоршап үлгерген. Тұрғындар уақытша ағайындарын сағалауда.
- Құрсайдың суы таңда күшейіп, іргетастан баспанаға кірген, - дейді қала әкімі Ернар ЫСМАҒҰЛОВ. - Енді қалған үйлерге қауіп төнбес үшін ол жерде ТЖД қызметкерлері жұмыс жасап жатыр, суды басқа жерге айдау үшін жұмыстанып, қосымша бөгет салып жатыр. Техника мен адам күші жетеді.
Ал, Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі былай деп хабарлайды: "21 сәуір күні сағат 05.57-де Жылыой ауданы Құлсары қаласының 7-ауылында Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 3 ауланы су басты. Эвакуацияланған тұрғындар 3 үйден 10 адам (оның ішінде 4 бала) туыстарына орналастырылды. Ең қауіпті учаскедегі 7-ауылдың тұрғын үйлерін қорғау үшін топырақ үйіндісін салу және құм салынған қаптарды төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмылдырылған күштер мен құралдар: Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті (25 қызметкер және 3 бірлік техника), жергілікті атқарушы орган (30 қызметкер және 1 бірлік техника), аудандық полиция бөлімі (20 қызметкер және 6 бірлік техника), «Казкомсервис» ЖШС (9 қызметкер және 9 бірлік техника), «Жылыой-Су» ЖШС(3 қызметкер және 3 бірлік техника), «Жылыой-Газ» ЖШС (3 қызметкер және 3 бірлік техника), «Жылыой-Мұнай-Газ» ЖШС (2 қызметкер және 2 бірлік техника)."
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор