Атырау, 23 желтоқсан 12:08
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Таубаев пен Басаровтың соты: үкім алдындағы соңғы сөздер

3 010 просмотра

19 сәуірде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур БАСАРОВ соңғы сөзін айтты. Екеуі өте эмоцияға беріліп сөйледі.

«НҰРЛАН БАҚТЫБАЙҰЛЫ, ЖҮГІҢІЗДІ ӨЗІҢІЗ КӨТЕРІҢІЗ»

Бірінші болып Т.Басаров сөз алды. Міне, оның сөзінің негізгі тұстары:

– Бұрын Нұрлан Таубаевты құрметтейтінмін, тіпті кей жағдайда онымен таныс екеніме мақтанатынмын. Бірақ 2020 жылдың қыркүйегінде бәрі өзгерді - содан бері ол маған адамгершілікке жатпайтын қылық танытты. Одан қатты көңілім қалды, бүгінде оған деген құрметім қалмады. Таубаевтың сот отырысында берген жауабынан менің ол үшін жай құрал болғаныма және солай қала беретініме, оның менің қолыммен жәбірленуші Т-втен (бұдан әрі – фамилиясының бірінші және соңғы әріптері – ред.) пара алғысы келгеніне, әлдеқандай заман бола қалса, бүкіл кінәні маған аудара салатынына тағы да көз жеткіздім. Сондықтан жәбірленушімен кездесуден, сөйлесуден қашқақтап, мені жіберді. Бұл туралы ол «Metropole» мейрамханасындағы кездесу барысында айтады, оның сөзін келтірейін: «А-а, менің көзімше талқылама, өздерің кездесесіңдер, бірақ Айбекті ренжітпе, Тимур, түсіндің бе?» дейді. Бұдан басқа, жарыссөздегі сөйлеген сөзінде ол мені пайызбен саудаласты деп айыптады. Аудиожазбаны тыңдасаңыз, Т-втің оған: «Братан 10, көп қой» дегенін естисіз, мен сізге сөзбе-сөз келтіріп отырмын. Т-в кеткен соң Таубаев екеуміз қалдық, ол маған: «Егер 10 көп болса, 7 деп айт» деді.

...Т-впен тілдескенде олар ашық сөйлеспеді, көбірек ым-ишарамен түсіністі, Таубаев әшкереленуден қорықты. Сондықтан ол ашық пара талап еткен ешбір жазба жоқ екенін айтады. Ол біздің T-впен достық қарым-қатынаста екенімізді жақсы білетін, сондықтан маған өз атынан сөйлесуді тапсырды. Мүмкін ол T-в мені ұстап бермейді деп ойлаған шығар. Ал мен Т-впен үнемі ашық сөйлесетінмін. Таубаевтың сөзін ғана жеткізіп, оның тапсырмасын орындағандықтан, заңсыз ешнәрсе жасамағаныма сенімді болдым. Тіпті ақша салынған сөмкені алған кезде де. Мен қылмыс жасап жатқанымды түсінбедім, өйткені есі дұрыс адам өзі тұратын үйдің ауласында түскі уақытта пара алмайды ғой. Тағы да қайталап айтамын, мен оның тапсырмасы мен бұйрығын ғана орындадым.

Таубаевтың мен арқылы 7% беру туралы бұйрығын Т-впен кездескенде айттым, ал сот отырыстарының бірінде Таубаев мұны менің бұйрығым ретінде көрсетіп отыр. Т-в менімен емін-еркін қарым-қатынаста болатын, тіпті кей кездері балағаттап та алатын, мен оған қалай бұйрық беремін.

Айбек екеуміз 2017 жылдан бері таныспыз, онымен бірге Атырауда бір емес, бірнеше жобаны жүзеге асырдық. Жұмыс бабындағы кейбір келіссөз барысында ол үнемі өз ұстанымын айқын білдіретін; Егер мен одан қандай да бір пара талап еткен болсам, ол маған бермеймін деп емін-еркін айта алар еді.

...Таубаев қамауға алынғаннан кейін де мен оны біраз уақыт тыңдадым, оның өзін қылмыстық жазадан құтқару үшін ойлап тапқан ИВЛ аппараттарына қатысты жауаптарын ішінара қолдауға келістім.

...Оның ойластырған жоспары бойынша, ол сот алдында мені ИВЛ аппараттарын алуға демеушілерден ақша өндіріп алу туралы басшысының тапсырмасын желеуретіп, қалтасын толтырғысы келген алаяқ әрі парақор ретінде көрсеткісі келді.

Ол өзінің хабарынсыз Т-втен ИВЛ үшін ақша алғым келді деп куәлік бер деп мені үнемі көндірмек болды.

...Бір кездері мен оның «бұл тығырықтан шығудың бірден бір жолы, бостандыққа шыққан кезде маған және менің отбасыма көмектесемін» деген сөзіне сендім. 2020 жылдың 12 қыркүйегінен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде берген, соның ішінде ИВЛ аппараттары туралы барлық жауабымды оның өтініші бойынша бердім және ол мұны жақсы біледі. Енді осыны пайдаланып, өзін құтқарып қалу үшін мені өтірікші, екіжүзді етіп көрсетпекші.

...Сот барысында мен Таубаевтың сенуге болатын адам емес екеніне көзім жетті. Ол мені оның қалауымен куәлік берсін деп, бұл істің біз үшін жақсы аяқталатыны туралы әртүрлі нұсқаны жиі айтып отырды. Мен қарапайым отбасынан шыққан адаммын, менің, туыстарымның оның туыстарындай материалдық мүмкіндіктері мен жағдайы жоқ. Ол соны пайдаланып, мені құтқаратын жалғыз жол осы екеніне сендіруге тырысты.

Оны тыңдай отырып, оның қулығына бұрынғыдан бетер көзім жетті, өйткені оның тарапынан бізге ешкім көмектеспейтініне сенімдімін, тек әділ сотқа сену керек. Оған қоса, Таубаевтың бір жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан бітпейтін өтіріктерінен шаршадым. Мен тек құрметті соттан шешім шығарып, осыған нүкте қоюды сұраймын.

Сотта берген жауаптарымда айтқаным – таза шындық, мұны Таубаев пен оның қорғаушылары жақсы біледі, қылмыстық іспен әуел бастан-ақ мұқият танысқандар да кімнің кім екенін түсінеді.

...Жарыссөзде сөйлеген сөзіңізде сіз, Нұрлан Бақтыбайұлы, қазіргі болып жатқан соттан бөлек, «Алланың соты» бар екенін айттыңыз. Сізбен толықтай келісемін, бірақ сіз не айтқаныңызды түсінбейсіз, немесе Исламның не екенін түсінбейсіз... Екіжүзділік жасадыңыз.

Қасиетті Рамазан айында іс жүзінде бәрі қалай болғанын айттым, ешкімнің алдында ұялатын ештеңе жасамадым, өйткені шындықтың менің жағымда екенін білемін, ештеңені ойдан шығарған жоқпын және ешкімге жала жабуға тырыспаймын, сізге жамандық тілемеймін.

Оған қоса, Нұрлан Бақтыбайұлы, мені әлсіз адам дегеніңізді естіп тұрмын. Өйткені сізді әшкерелеп, сотқа шындықты айттым. Сонда сіз өзіңізді мықты адам ретінде қалай көрсетесіз. Сіз, Нұрлан Бақтыбайұлы, мықты адам болсаңыз, неге сотқа шындықты айтпай, өз жүгіңізді өзіңіз көтермей, оны неге әлсіз адамға жүктейсіз?

Құрметті сот! Қамауға алынғаннан кейін өмірге деген көзқарасым өзгерді, Исламға сенімім нығайды, сондықтан Таубаевтың адвокаттары айтқан барлық нұсқалар, жорамалдар мен айла-шарғыларға қарамастан, сіздерге бар шындықты айтуды, өзіме лайықты жазамды алуды ұйғардым.

 

«БАСАРОВ МЕНІҢ СЫРТЫМНАН ОЙЫН ОЙНАДЫ. МЕНІ АҚТАУЫҢЫЗДЫ ӨТІНЕМІН»

Содан кейін Н.Таубаев сөз алды:

– Тергеу изоляторында жатқаныма тура 1 жыл 7 ай болды, маған қандай айып тағылып жатқанын білмеймін, тек негізсіз айыптаулар бар. Осы уақыт ішінде денсаулығым сыр берді, ең бастысы – жақын адамым, ағам Асқар Таубаевтан айырылдым. Оның менің қорғаушым болғанын білесіздер. Осы заңсыздықтың кесірінен оның жүрегі шыдамады.

...Бұл жерде Басаровтың Т-вті қанша жылдан бері танитыны айтылып отыр. Иә, мен де оны 2018 жылдан бері білемін. АҚШ-тан оқуын бітіріп келген соң әкімнің орынбасары болып тағайындалды, қала құрылымына тың нәрселер әкелді. Осы салада Т-впен таныстым. Достық қарым-қатынаста болдық. Басаров Т-в өзіне пара беруден бас тартар еді дейді, ол маған да пара беруден бас тартар еді.

..Құрметті сот! Осы бір жыл жеті ай ішінде істің бұрмаланғанын дәлелдеп келемін. Осы жерде істің мәнісін білмейтін көп адам отыр. Қысқаша ғана айтып өтейін, 2020 жылдың 10 қыркүйегінде Басаровты ұстаудан бір сағат бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері мені заңсыз алып кетті. Мен әлі күнге дейін мұның адам ұрлау екенін айтып келемін. Ұсталғаннан бір сағат бұрын мені пара алғаным үшін ұсталғанымды айтты. Қандай пара екенін түсіндірмеді.

Тек келесі күні олар әйтеуір шала-шарпы жасап, әлдебір бастапқы құжаттарды көрсетті. Өкінішке орай, мені ұстап, тергеу изоляторына қамауға алғанына негіз болу үшін тергеушінің материалдарды бұрмалағанын сот анықтап жатпады. Біраз уақыттан кейін ол қате басылып кеткен жерлер бар дегенді алға тартып, құжаттарды түзетті. Мен мұны адам ұрлау және материалдарды бұрмалау деп мәлімдеймін.

... Құрметті сот! Біздің туыстарымыздың бәрі 1937-38 жылдарды басынан өткерді, ол кезде адамды негізсіз, ешбір дерек келтірмей-ақ айыптауға болатын еді. Біз осының бәрін басымыздан өткердік, біз осы тарихтың бәрін, оның неге әкелгенін білеміз.

...Тек арызданушының дәлелсіз сөздері мен тікелей талап етіп, пара алған басқа тұлғаның (Басаровтың - ред.) жауаптары бар. Енді бір жыл жеті айдан кейін оның ар-ұжданы ояныпты...

... Мен T-впен демеушілік көмек көрсету туралы сөйлесуді Басаровқа тапсырдым. Неліктен Т-в? Өйткені оның бұған дейін ТШО-мен үлкен келісімшарттары болды. Бұдан бұрын айтқанымдай, 10-15 дана ИВЛ үшін ұшақты Қытайға жіберуге тура келетін. Пандемия үдеген кезде ИВЛ бүкіл әлемде тапшы болып, бағасы күрт өсті. Біз не істей алар едік? Бұған ақша қарастырылмаған. Үкімет сатып алуға рұқсат бермейді. Не істей алар едік? Бүкіл кәсіпкерден көмек сұрадық. Олардың біреуіне ғана мені құрту тиімді болды. Тергеу изоляторына келген бойда сома 5 миллиардтан 10 миллиардқа өсіп кетті. Ал аурухананың құрылыс мерзімі ше? Қашан тапсырдыңыз – кеше ме? Ол бізге 2020 жылы қажет болған кезде. Т-в мұның бәрін жақсы білетін. Сондықтан арандатудың көмегімен ол мені жоқ қылды. Ол еш жерде мұнда 7 пайыз немесе 10 пайыз бар, алыңыз деп тікелей айтпайды. Өйткені, айтқанымдай, жеңінен ұстап алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өзім апарар едім.

...Сонымен қатар барлық орынбасарды тек қана орнында отырып, ешнәрсеге қол қоймауға, ештеңеге жауап бермеуге шақырамын. Неліктен? Өйткені прокурор мен айыптаушы тараптың растауынша, лауазымдық нұсқаулық негізінде облыс әкімінің кез келген орынбасарына айып тағуға болады екен.

...Бір жыл жеті ай түрмеде заңсыз отырғаныма кім жауап береді? Денсаулығымнан айырылғаныма кім жауап береді? Қыркүйектің 10-ынан бері прокуратура бәріне көз жұмып отыр. Мен ауруханада заңсыз қуғындалуыма қатысты іс қозғауды өтіндім – ол тексерілмеді. Тергеушінің пара талап еткені туралы бүкіл құжатты беруге дайын болдым. Менің арызымды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркеңіздер, содан соң сіздерге істің бүкіл материалын ұсынамын дедім. Олар осыдан қорқып кетіп, оны бұрынғы датамен сырғытпа жауаппен жауып тастады. Ал прокурор мұның бәрін тексердік дейді. Не тексерілді? Бүгін-ақ мен сіздерге дәлел келтіре аламын. Неліктен менің ИВЛ-аппараттар туралы сұрағанымды тікелей растаған куәгерден жауап алудан бас тартты?

...Басаров қазір «Таубаевтан көңілім қалды» деп отыр. Көңіліңді қалдырмай, 20 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіріп, менің үстімнен арыз жазуың керек еді, Тимур. Жауапкершіліктен құтылу үшін адамның бүгін осылай айтуы түсінікті ғой. Менің сыртымнан әрекет етіп, осындай ойын ойнадың.

...Құрметті сот, эмоцияға беріліп, бірдеңе айтсам кешірім сұраймын, бірақ дұрыс шешім қабылдайсыз деп үміттенемін. Өйткені, ешбір дәлелсіз адамды соттауға болмайды. Иә, мен ИВЛ аппараттарын сұраған кезде заңсыз әрекет еткен шығармын. Бірақ кім үшін сұрадым, құрметті сот? Өзіме ме?...

Сөзінің соңында Таубаев соттан өзін толық ақтауды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлеріне қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады.

Сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті, келесі процесс туралы қосымша хабарланады.

Айнұр САПАРОВА

21 сәуір 2022, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.