Атырау, 24 қараша 19:11
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украиндағы соғыс: 56-күн

1 422 просмотра

Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

17:04

Донецк облысындағы ахуал қандай?

Донецк әскери әкімшілігінің өкілі Татьяна Игнатченко-Тюрина аймақтағы қазіргі ахуалды былай деп баяндайды:

  • Ресей ускерилері Авдеевка қаласын атқылап, әлеуметтік инфраструктуралардың көбін қиратты. Кеше, 19 сәуірде Краматорск қаласына ракетадан шабуыл жасалды. Очеретинская грамада аймағында да ауыр шайқас жүріп жатыр, мұндағы кіші елдімекендердің көбінде жарық жоқ. Авдеевканың жартысы жарықсыз.
  • Донецк облысының Украина билігінің бақылауындағы аумағында 370 мың адам қалды. Ресей басқыншылығына дейін мұнда 1,68 млн адам тұрған еді (жікшіл «ДХР» мен «ЛХР» есептемегенде).
  • Краматорск қаласы босап қалды. Облыс бойынша эвакуация жұмыстары жалғасып жатыр.
  • Донецк облысымен көрші облыстар арасында байланыс бар. Азық-түлік жеткізуге мүмкіндік бар. Дәрі-дәрмекпен жағдай қиын, кейбір елдімекендерде дәріханалар жұмыс істеп тұрған жоқ. Дәрілерді гуманитарлық көмек ретінде жеткізіп жатырмыз.

Қазір Ресей Донецк пен Луганск облысын алу үшін бүкіл әскери күшін осы аймаққа жіберген. 18 сәуірде Зеленский Ресей Украинаның шығысындағы басқыншылығын бастады деген.


16:06

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу "Украинаның келіссөз делегациясына сенбейді әрі сенім жоғалды" деді.

Ресей мен Украина арасындағы келіссөз іс жүзінде Бучадағы қырғыннан соң тоқтап қалған. Бірнеше күн бұрын Зеленский Ресей Мариупольдегі украиналық әскерилерді өлтірсе келіссөзге нүкте қойылады деген.


14:31

Мариуполь билігі: Бізге көп қару-жарақ керек

Мариуполь мэрінің орынбасары Сергей Орлов ВВС телеарнасының эфирінде қалада әлі 130 мың бейбіт тұрғын қалғанын, қала 50 күннен бері қоршауда тұрғанын айтты. Оның сөзінше, Мариупольге азық-түлік, су, медициналық көмек қажет. Орлов украиналық күштер қаланы бақылауда ұстау үшін көп қару-жарақ керек деп мәлімдеді.

20 сәуірге қараған түні Ресей әскері "Азовстальдегі" украин сарбаздарына берілуді ұсынды. Ұсыныс қабылданса, 20 сәуір күні атқылауды тоқтата тұратынын айтты. Украина күштері олардың бұған дейінгі осындай ұсыныстарынан бас тартып келген.

Ал бүгін Украинаның шығысындағы "ДХР" аймағының өкілдері "Азовсталь" аумағынан бес украиналық солдат қаруын тастап берілді деді. Бірақ соғыс жағдайында мұндай ақпараттарды тексеру қиын. Украина тарабы бұл мәлімдемеге жайлы әзірге ештеңе деген жоқ.


12:32

Украина вице-премьері Ирина Верещук 20 сәуір күні Мариупольден гуманитарлық дәліз ашылатынын айтты

"Әйелдерге, балаларға және егде жастағыларға арналған гуманитарлық дәліз жөнінде келісе алдық" деп жазды Верещук. Колонна Мариуполь-Мангуш-Бердянск-Тоқмақ-Орехов-Запорожье бағыты бойынша жүрмек.

Ресей әскері Мариупольде түгел дерлік жермен жексен етіп, бақылауға алды. Бірақ "Азовсталь" зауытына тығылған Украина әскері әлі қорғанып жатыр. Зауытта жүздеген бейбіт азаматтың бары айтылады. Мұның алдында Верещук гуманитарлық дәліз жөніндегі келіссөздердің нәтижесіз аяқталғанын хабарлаған.


12:18

Ресей төтенше жағдай министрлігінің порталында "НАТО-ның қарымта ядролық соққысы жасалса" не істеу керегі жөнінде нұсқаулық жарияланды. Осыдан кейін портал жұмысын тоқтатқан, сайт бетінде оның кибершабуылға ұшырағаны айтылады.

Бір күн бұрын әлеуметтік желіде Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің ресми порталы mchsmedia.ru сайтынан алынған мынадай скриншот тарады. Онда сайт бетінде "РФ ТЖМ-нің НАТО тарапынан қарымта ядролық соққы жасалған жағдайға арналған нұсқаулығы" дейтін мақала жарияланғаны көрінеді. Мақалада мұндай соққы 24 сәуір күнгі Пасха мерекесінде жасалуы мүмкін екені айтылады.

Кейінірек министрліктің Vkontakte желісіндегі аккаунтында сайттың бұзылғаны, ал "жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны хабарланды. Министрліктің бұл мәлімдемесінде нақты ненің шындыққа жанаспайтыны айтылмайды. Сайт әлі істемей тұр.


12:06

"Азовстальдегі" жағдай:

19 сәуір күні Ресей әскері Мариупольдегі "Азовсталь" зауытын басып алуға кіріскенін мәлімдеді. Зауыт – Мариупольде Ресей әскеріне қарсылық танытып отырған жалғыз жер. Әскери қызметкерлермен бірге ол жерде жүздеген бейбіт азаматтың бары айтылады.

20 сәуірге қараған түні Украина теңіз жаяу әскері бригадасының командирі Сергей Волына АҚШ, Ұлыбритания, Түркия және Украина елдерінің басшыларына жүгініп, азаматтарды эвакуациялауға көмектесуді сұрады.

Украина президент әкімшілігі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Ресей әскерінің "Азовсталь" зауытына антибункер бомбаларын тастап жатқанын айтты.

20 сәуірге қараған түні Ресей әскері "Азовстальдег" украин сарбаздарына берілуді ұсынды. Ұсыныс қабылданса, 20 сәуір күні атқылауды тоқтата тұратынын айтты. Украина күштері олардың бұған дейінгі осындай ұсыныстарынан бас тартып келген.


11:30

Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольдегі "Азовсталь" зауытын қорғап жатқан Украина күштеріне тағы да берілуді ұсынды. Мұндай ұсыныстар 4 сәуірден бері тұрақты түрде жасалып жатыр, бірақ Украина әскерилері бас тартып келеді.

Украинаның оңтүстік-шығысындағы маңызы жоғары порт-қала Мариупольді 2 наурыздан бері толық жаулап ала алмай келеді. 17 наурызда қаланы құрсауға алды, ал 13 сәуірде "Азовстальден" өзге жердің бәрін бақылауға алғанын мәлімдеді.

20 сәуір 2022, 12:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.