Атырау, 28 наурыз 17:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Құлсарыда митинг өтті, + ТШО комментарийі

Толықтырылды Сурет Бейнежазба
1 959 просмотра

Құлсары қаласында аудан әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда «ТШО» ЖШС мен жергілікті билік өкілдеріне талап қойылған бейбіт митинг өтті. 

Белсенділер аудандық әкімдікке алдын ала өтініш беріп, 500-ге жуық адамның қатысуына және ұзақтығы 2 сағатқа дейін митинг өткізуге рұқсат алған. Таңертеңнен әкімдіктің ғимараты қасында «жедел жәрдем», өрт сөндіру көліктері тұрды. Полиция жағдайды сырттай бақылауға алды.

Митинг таңертеңгі сағат 10.00-ге белгіленді. Адамдар алаңға 9.00-ден бастап жинала бастады. Ұйымдастырушылар келушілерге «Байтақ болашақ» эмблемасы мен жасыл түсті лентаны, сонымен бірге тәртіп сақтау жөнінде ескертпе парақшаларын таратты. «Мұнайдың иесі халық», «Әлем, назарыңды Жылыойға аудар», «ТШО Жылыой халқын улама. ТШО табиғатты аяла», «Ұрпаққа таза ауа. Жарқын болашақ», т.б. плакаттар көтеріп шықты. Айта кету керек, бұған дейін ауданда экологиялық зардапты жою, халыққа әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуді талап еткен екі жиын өткізілді.

Екінші жиында «ТШО» ЖШС бас директоры Кевин ЛАЙОН қатысып, жиналғадардың мұң-мұқтажын тыңдап, «Игілік» бағдарламасы негізінде жасалған жұмыстарға тоқталды. Осыдан кейін жергілікті белсенділердің пікірі екіге жарылды. Аудандық мәслихаттың депутаттары мен кейбір белсенділер бейбіт митинг қажет емес деп, оған қатыспауға шақырып, әлеуметтік желіде бірнеше видеоүндеу жолдады. Соған қарамастан алаңға көп адам жиналды.

- Мен алғаш Құлсарыға келгенде ауасынан басым ауырып, жәйсіз сезіндім. Бұл жерде экологиялық ахуал нашар, мұны біз тікелей ТШО қызметімен байланыстырамыз. Бұдан басқа, осы жерден мұнайымызды өндіріп жатқандар Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуге көбірек қаржы салуы керек деп есептейміз. Біз бүгінгі жиында айтылған ұсыныстар мен талаптарды президент Тоқаевқа жолдаймыз, - деді «Байтақ Болашақ» Экологиялық Альянс төрағасы Азаматхан ӘМІРТАЙ.

- Бізде жұмыссыздар көп, ТШО жергілікті адамдарды жұмысқа алмайды. Жұмысқа алса да, жалақысы шетелдіктен анағұрлым аз. ТШО бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуы тиіс. Ауданда медицина дамымай қалған, дәрігерлер жетіспейді, замануи үлгідегі жабдықтар жоқ. Баспана, жол, көгалдандыру мәселелері ақсап жатыр. Мұнай байлығының қызығын қарапайым халық көріп отырған жоқ, - дейді Дайрабай Елдесбаев, Райса ТЕЛЕУҒАЛИЕВА және т. б.

Екі сағатқа созылған митинг соңында белсенділер ТШО кеңсесін аудан орталығына көшіру, ауданның 2023-2033 жылдарға арналған экономикалық-әлеуметтік бағдарламасын жасақтау талабымен Қазақстан президенті Қ.Тоқаевқа шығуды ұйғарды.

«БҰЛ ТЕК БАСЫ ҒАНА»

Жиын соңында «Байтақ Болашақ» Экологиялық Альянс төрағасы Азаматхан Әміртаймен сұхбаттасқанбыз.

- Жылыой ауданына келуімнің себебі - жергілікті белсенділер бұл жерде экологияға қатысты жағдайдың қаншалықты ауыр екені көрінетін суреттер мен видеолар жіберді. Астанадағы экология мамандары бұл материалдарды зерделеп көрді. Атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуға бағытталған 2015 жылғы Париж келісімін көтерді. Біз кен орнына барып, арнайы құрылғымен мониторинг жүйесін тексердік. Бірақ Экология департаментінің ТШО-ға не үшін айыппұл салмай отырғанын түсінбедік. Ол жердегілер мониторинг жүргізуге жергілікті мекемені кіргізбейтінін айтты, - дейді А.Әміртай.


- Әлеуметтік желіде сіздің өміріңізге қастандық жасалды деген жазба тарады.

- Иә, ондай жағдай болды. Бізді, үш экология белсендісін Доссорға экологиясымен танысуға шақырды. Келетін адамдарды күтіп, кафеде отырдық. Мен далаға шыққанымда қара түсті көлік жақындап келіп, ішінен ірі тұлғалы жігіттер түсті. Маған «Өлім бе, өмір ме?» деп, «сыпайы» түрде кетуімді өтінді. Кейінірек бұл туралы прокуратура мен полицияға арыз түсірдім.

- Митинг өтті. Жалғасы қалай болады?

- Біріншіден, айта кету керек, ол ойдағыдай өтті: алдын ала ескертумен, бейбіт жолмен. Халық жиналып, талабын айтып, тарап кетті. Бірақ бұл олар жай ғана «ашу-ызасын шығарып алды», енді тынышталады деген сөз емес. Алда көп жұмыс бар. Қазір кеңес құрылып жатыр, облыс әкімдігінде, ТШО-да кездесулер өтеді. Талаптарымыз орындалмаса, халық қайтадан митингке шығады. Басқа амал жоқ.

ТШО былай деп комментарий берді: «Теңізшевройл» (ТШО) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пікір білдіру және сөз бостандығы құқығын құрметтейді. ТШО өз қызметін тиісті заңнамалық және шарттық нормаларды сақтай отырып жүргізуді жалғастырады.

ТШО үшін адамдар мен қоршаған ортаны қорғау, өзі жұмыс істейтін қауымдастықтарға қолдау көрсету, өз ісін әлеуметтік жауапты және әдеп нормасына сай тұрғыдан жүргізу басты құндылық болып табылады. 2000 жылдан бері ТШО жалпы ауа шығарындыларын қысқартуға, сонымен бірге ауаға шығарындылар қарқындылығын 65%-ға азайтуға шамамен 3,15 миллиард доллар қаржы бөлді. Сонымен қатар, ТШО суды құнды ресурс деп қабылдайды және қазіргі уақытта суды қайта пайдалану көрсеткіші 46%-ды құрайды. 1993 жылдан бері ТШО Атырау облысындағы қоғам мен қызметкерлерге арналған әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға 2,3 миллиард доллардан астам инвестиция салды.

Теңізшевройл Құлсары қаласы халқының қажеттілігін қанағаттандыру үшін тұрғындарға қолдау көрсетуді жалғастырады.

- ТШО үшін Жылыой ауданы мен Құлсары қаласы ерекше маңызға ие. Біз осында көп жыл бойы қызмет атқарып келе жатқандықтан, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүдделіміз. ТШО мен оның мердігер ұйымдарында еңбек ететін 10 мыңнан астам қызметкер Жылыой ауданының тұрғындары; ауданда біздің 39 мердігер ұйым тіркелген, - деп атап өтті «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры Кевин Лайон Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесуде.

ТШО-ның «Игілік» ерікті инфрақұрылым бағдарламасы басталғалы 100 жобаның 59-ы Жылыой ауданында жүзеге асырылды. Олардың қатарында мектеп, балабақша, спорт нысандары, коммуналдық нысандарды жаңғырту және басқа да жобалар бар. Соңғы екі жылда «Игілік» бағдарламасының 25 миллион АҚШ долларын құрайтын жылдық бюджетінің шамамен 80 пайызы Жылыой ауданының қажеттілігіне бағытталды. ТШО осы бағдарлама шеңберінде биыл Құлсары қаласындағы аурухана мен орталық стадион нысандарының құрылысын аяқтайды. Сондай-ақ, 2010 жылдан бері кәсіпорын үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, Атырау облысында білім мен денсаулық сақтау саласын жақсарту бойынша «Ерікті әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасының шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыруда. Жүзеге асқан 94 әлеуметтік жобаның 50-і Жылыой ауданының еншісінде.

Тұрғындармен кездесу барысында Кевин Лайон ТШО-ның ерікті «Игілік» және «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы арқылы Жылыой ауданы мен Құлсары қаласына көбірек қолдау көрсету жолдарын іздестіру мақсатында Атырау облысы және Жылыой ауданы әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды. Жалпы алғанда, осы екі әлеуметтік бағдарлама шеңберіндегі жылдық бюджет шамамен 27 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, ТШО Теңіз кен орны және Құлсарыда жүзеге асырылатын өз жобаларына Жылыой ауданы компанияларын тартуды күшейту жолдарын да қарастырмақ.

Кездесу барысында ТШО әлеуметтік қажеттілік пен орындалатын әлеуметтік-экономикалық жобалар туралы жергілікті жұртшылықпен ақпарат алмасу үшін Қоғамдық консультативтік кеңес жұмысын қайта жандандырамыз деп жариялады. Консультативтік кеңестің құрамына ұйым басшылары мен жергілікті тұрғындар, әкімдік, ТШО өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар кіреді. Тұрғындарда ТШО-мен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі болуы үшін Құлсары қаласынан ТШО-ның өкілдік кеңсесін қайта ашу жоспарланды.

Өткен жылы ТШО Атырау облысы әкімдігімен Құлсарыда 50 гектар жерге ағаш отырғызу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жыл соңына дейін алғашқы 15 гектар жерге 9 мың түп көшет отырғызылатын болса, оның 50-ін Құлсары қаласының жегілікті тұрғындары Халел Жамаловпен және Кевин Лайонмен бірге кездесуге дейін отырғызды.

ТШО өз қызметін Қазақстан Республикасының барлық заңдылықтарын, ережесі мен талаптарын сақтай отырып, әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік жағдайында жүргізуге міндеттенеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ететін құзыретті орган болып табылатынын және ТШО Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қызметі жөніндегі барлық тиісті есеп-ақпарларды ұсынып отырғанын атап өткен жөн. 


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

19 сәуір 2022, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.