Атырау, 20 сәуір 10:07
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Украиндағы соғыс: 55-күн

1 266 просмотра

Украинадағы соғыс туралы ақпарат Азаттық радиосынан алынды:

18:35 

Подоляк: Келіссөздің келесі раундты қашан болатыны белгісіз

Украина келіссөз тобының мүшесі Михаил Подоляк «бетпе-бет отырып бейбіт келіссөзді қашан талқылайтынымыз белгісіз» деп мәлімдеді. Ол Ресей Донбасстағы операциясына байланысты келіссөзді тоқтатып қойды деп санайды.

Подоляк Мариупольдегі жағдай «Ресеймен келіссөзді тіпті қиындатып жіберді» деді.


18:14

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров үндістандық India Today басылымына сұхбат берді. Онда мыналарды айтты:

  • Ресей Украинада ядролық қару қолдануды жоспарламайды, кәдімгі қару-жарақты қолданып жатыр.
  • Украинадағы «арнайы операция» (Ресей Украинаға басқыншылығын соғыс деп атамай, «арнайы операция» деп келеді – Ред.) «ДХР» мен «ЛХР» аймағын толық босатуға бағытталған. Қазір «арнайы операцияның» келесі фаза басталды.
  • Ресей Украинадағы режимді өзгертуді жоспарламайды. Біз Украина халқының алда қалай өмір сүретінін өздері шешкенін қалаймыз.
  • «Арнайы операцияның» негізгі себебі – НАТО-ның шығыстағы тоқмейілсінуі.
  • Батыс Зеленскийді Ресейге қарсы қолданып отыр. Оның әрбір айтқан сөзіне қатты көңіл бөлудің қажеті жоқ, себебі оның ойы жиі өзгеріп жатыр.

17:56

Шойгу үш аптадан соң Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу «Ресей «ДХР» мен «ЛХР» аймақтарын азат ету жоспарын кезең-кезеңмен орындап жатыр» деп мәлімдеді. Ол АҚШ пен Батыс елдерін «Украинаға қару-жарақ беріп», соғысты «барынша созып отыр» деп айыптады.

Шойгу кейінгі уақытта соғыс жайлы сирек пікір білдіріп жүр. Соңғы рет ол 29 наурызда пікірін айтқан. Наурызда интернетте Шойгудың жұрт алдына ұзақ уақыт шықпай кеткені сөз болған еді.

17:46

Литва елде георгиев лентасы мен V және Z символдарын қолдануға тыйым салды. Тыйымды бұзғандарға 300-700 еуро айыппұл салынады.

17:44

Bloomberg сайты дереккөздеріне сілтеме жасап, Еуропа одағы соғыстан соң Украинаны қалпына келтіру шығынының басым бөлігін өз мойнына алады деп жазды. Дереккөз бұл үшін ЕО арнайы қор құрматынын айтқан.


15:47

Ресей мен "ДХР" күштері "Азовстальға" штурм бастады

Украинаның шығысындағы жікшіл "ДХР" күштері мен Ресей әскерилері Мариупольдегі "Азовсталь" металлургия комбинатына штурм бастағанын мәлімдеді. "Азовстальда" украиналық "Азов" батальоны жасырынып, "ДХР" және Ресей күштерімен шайқасып жатыр.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі "Азовстальдағы" "жағдайдың қиын екенін" айтып, "Азов" батальонына 19 сәуір түске дейін қаруларын тастап, берілуді ұсынды. Ресей тарапы Мариуполь үшін шайқасып жатқан украиналық күштерге бұған дейін де осындай ультиматум қойғанымен, Украина "Мариупольде соңына дейін күресеміз" деп мәлімдеген.

15:29

19 сәуір. Алматы уақытымен 16.00-ге дейін қандай оқиғалар болды?

  • Украина билігі: Соғыс басталғалы елдегі инфраструктураның 30 пайызы жойылды я зақымданды.
  • БҰҰ "Украинада соғыс басталғалы 2072 адам қаза тауып, 2818 адам жараланды. Қаза болғандардың арасында 169 бала бар" деп мәлімдеді. БҰҰ Украинада опат болғандар саны бұдан да көп деп есептейді. "Атыс жалғасып жатқан аймақтарда қанша адам көз жұмғаны жайлы ақпарат кешігіп түсіп жатыр" дейді ұйым.
  • Харьков облысына кеше, 18 сәуірде жасалған шабуылдан бес бейбіт тұрғын қаза болып, 17 адам жараланды. Бұл туралы облыс басшысы Олег Синегубов хабарлады.
  • Луганск облысы әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай Ресей әскерінің шабуылынан 215 елдімекен жарықсыз қалды деп мәлімдеді.
  • Украина қарулы күштері "Ресей соғыс басталғалы 20800 солдатынан айырылды" деп мәлімдеді. Ал Ресей кеше, 18 сәуірдегі мәліметінде "Украинаның 23 мыңнан аса солдаты өлді" деген. Украина президенті Зеленский СNN арнасына берген сұхбатында "үш мыңға дейін әскериімізден айырылдық" деп айтқан еді. Ресей қорғаныс министрлігі соңғы рет 25 наурызда қаза болғандар туралы статистика жариялап, соғыста 1351 ресейлік әскери қаза тапқанын жеткізген. Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.


13:43

Ақ үй: Байден Украинаға баруды әзірге жоспарлап отырған жоқ

АҚШ президенті Джо Байденнің әзірге Украинаға барамын деген жоспары жоқ деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз қызметі. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Байденді Ресейге қарсы күресіп жатқан елге қолдауын көрсету үшін Украинаға келіп кетуге шақырған.

"[Украинаға] бару президенттің жоспарында жоқ. Оны тағы қайталап айтуыма рұқсат етіңіздер" деген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің 18 сәуірде журналистерге.

Осыған дейін Еуропаның бірқатар елінің басшылары Ресей соғыс ашқан Украинаның астанасында болып, президент Зеленскиймен жүздесіп қайтқан еді.

Ақ үй Украинаға Байденнің орнына жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі, бәлкім мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен немесе қорғаныс министрі Ллойд Остин баруы мүмкін екені айтты Ақ үй. Дүйсенбіде Джен Псаки "егер біреу баратын болған күннің өзінде... қауіпсіздік үшін кім, қашан баратынын осы жерде де, басқа бір үкімет мекемесінде де хабарламас едік" деді.

Бұған қоса Ақ үйдің баспасөз хатшысы АҚШ-тың Киевтегі елшілігі жұмысын қайта жалғастырады деген үміт барын растады, бірақ нақты мерзімін айтпады. "Бұл біздің мақсатымыз екені даусыз. Жергілікті жерде дипломатиялық өкілдіктің болуы маңызды" деді Псаки.

17 сәуірде CNN арнасына берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский: "Байден келеді деп ойлаймын, бірақ әрине, оны өзі шешеді. Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, ахуалға байланысты қарау керек. Ол АҚШ лидері, сондықтан [болып жатқанды] көру үшін осында келуі керек" деп айтқан.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба да CBS арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Джо Байденнің Киевке келуі Украинаға айтарлықтай қолдау болар еді деген.


13:36

19 сәуір күні де гуманитарлық дәліз жұмыс істемейді. Бұл туралы Украина вице-премьері Ирина Верещук хабарлады. Оның сөзінше, Донбасста кескілескен шайқас жүріп жатыр, ал Ресей билігі Мирупольден Бердянск бағытына қарай гуманитарлық дәлізді мақұлдауға келіспей жатыр. Әзірге Херсон және Харьков облыстарында гуманитарлық дәліз ашу жөнінде келіссөз жүріп жатыр.


12:37

"Азовсталь" аумағына бекінгендер әлем елдері жетекшілерінен жәрдем сұрайды

Ресей күштерінің қоршауындағы Мариуполь қаласында "Азовсталь" металлургия зауыты аумағына бекінген украиналық "Азов" полкі басшысы Денис Прокопенко 18 сәуірде әлем лидерлеріне үндеу жасап, кәсіпорынды паналаған жүздеген бейбіт адамды құтқаруға жәрдем сұрады.

Прокопенконың сөзінше, "Азовсталь" аумағын бейбіт тұрғындар паналағанын Ресей әскері біледі, бірақ соған қарамастан олар зауытты атқылауын доғармай отыр. Прокопенко әлем лидерлерін "Азовсталь" аумағынан бейбіт тұрғындарды, жаралы сарбаздар мен қаза тапқандарды алып шығу үшін "жасыл дәліз" ұйымдастыруға үндеді.

Украина теңіз жаяу әскерінің дербес 36-бригадасының басшысы Сергей Волина да Рим папасына Мариупольден бейбіт тұрғындарды эвакуциялауға жәрдемдесуін сұрап, өтініш айтты.

"Өміріңізде көп нәрсені көрген шығарсыз. Бірақ дәл Мариупольдегідей жағдайды көрмегеніңізге сенімім кәміл. Өйткені қазір бұл жер бетіндегі тозақ іспетті" деп жазды Волина.

Ол "Азовсталь" зауыты бункерлерін паналап отырған әйелдер мен балалар барын айтты.

Ресей әскерінің Мариуполь қаласын қоршауда ұстап тұрғанына бір жарым айдан асты. Украина жағының дерегінше, су мен жарық жоқ, тамақ, дәрі-дәрмек қат қалада қазір 100 мыңға жуық қатардағы азаматтар қалған. Мариупольде қирап-бүлінбеген ғимарат қалмаған.

Ресей бейбіт тұрғындарға тиіспей, тек әскери нысандарға соққы беріп жатырмыз дейді. Ресей әскери министрлігі "украин күштері бейбіт адамдарды тірі қалқан қылып отыр" деп бірнеше рет мәлімдеген.

Украина мұндай айыптауды теріске шығарған.


12:23

Украина қарулы күштері: Ресей әскері Донбассты толық бақылау алуға тырысып жатыр

Украина әскери билігі Ресейдің Донбасстағы жаңа шабуылы басталғалы алғаш рет мәлімдеме жасады:

  • Ресейдің орталық және шығыс аудандарынан Украинаға қарай әскери колонналар келе жатыр
  • Ресей әскері Донецк және Луганск облыстарындағы қорғанысты бұзып өтіп, аймақта өз бақылауын орнатуды көздеп отыр
  • Ресей Украина елдімекендердің Беларусь аумағынан атқылауды жалғастырып жатыр
  • Ресей Харьковтың кей бөлігін құрсауға алып жатыр, Мариупольді бақылауға алуға тырысып жатыр


11:04

Зеленский Ресей әскерінің Донбассқа үлкен шабуыл бастағанын айтты

Ресей әскері Донбассқа шабуылды бастады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

"Украинаға тиесілі ешнәрсені бермейміз, ал біреудікі бізге керек емес" деді ол кешкі видео үндеуінде.

Ресей әскерінің бұл шабуылы жөнінде оның алдында ғана Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов хабарлаған. Украина билігінің дерегінше, Ресей Донецк пен Луганск облыстарын православие пасхасына дейін жаулап алуды көздеп отыр дейді ол. Биыл православие пасхасы 24 сәуірде өтеді.


08:58

19 сәуір. Осы кезге дейінгі негізгі ақпараттар:

  • Ресей әскері ұзақ Донбаста шабуылды бастады, олар бұған бірталай уақыт дайындалған. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
  • БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қара теңізде батып кеткен, Ресей әскери теңіз флотының флагманы болған "Москва" крейсері экипажының қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен мүшелері жайлы деректер жарияланып жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі крейсер экипажынан қанша адам қаза тауып, қаншасы жоғалып кеткенін айтпай отыр.
  • Әлеуметтік желіде "Москва" крейсерінің өртенген сәті" деп сипатталған суреттер тарады. Кремль өкілі ол фотоларды көргенін, бірақ нақты сол кеме деуге келмейтінін айтты.
  • Украина қауіпсіздік қызметі Виктор Медведчуктың Украина президенті Владимир Зеленскийге және өзінің байырғы тамыры Ресей президенті Владимир Путинге видеоүндеуін жариялады. Медведчук өзін Ресей әскері қоршап алған Мариупольде бекінген украин әскерилері мен жергілікті тұрғындарға айырбастауды сұрап, өтініш айтқан.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресейдің Украинадағы іс-қимылы, соның ішінде Мариуполь мен басқа да елдімекендерді жермен-жексен қылып шабуылдағаны Ресей армиясының 1999 жылы Шешенстанда және 2016 жылы Сирияда жүргізген соғысына ұқсас деп мәлімдеді.
19 сәуір 2022, 09:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.