Атырау, 19 мамыр 04:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Спутник қала: үйлердің тек қаңқасы ғана тұр

1 847 просмотра

Жақында Атырау қаласының әкімдігі Талғайраң ықшам ауданында 10 тұрғын үйдің құрылысы басталатынын хабарлады. Алайда әкімдіктегілер бұл жерде үш жыл бұрын құрылысы басталған көппәтерлі 24 үйдің пайдалануға әлі берілмегенін ұмытып кеткен сияқты. 

Жеті мердігер мекеме оларды «Лаэти» (соңғы атауы - Болашақ) спутник қаласын тұрғызу жобасы аясында 2020 жылы тапсыруы керек еді. Иә, сол жылы пандемия өршіп тұрды. Кейін тағы бір жыл өтті. Облыс әкімінің журналистермен кездесуін пайдаланып, сол кездегі әкім Махамбет Досмұхамбетовтен осы жоба туралы сұрадық. Сөйтсек, мұндағы басты мәселе тек пандемияда емес, құрылыс дұрыс жоспарланбаған екен. 

- 2019 жылдын аяғында келгенде Талғайраң ауылында 24 үйдің құрылысы жүріп жатқанын естідім. Жоспармен танысқанда, инфрақұрылымның  жобалау-сметалық құжаттары дайын болған жоқ. Құрылыс басқармасына инфрақұрылым мәселесі шешілмейінше, құрылысты тоқтата тұруға тапсырма бердім, - деп жауап берді сол кезде М.Досмұхамбетов. 

Бұл құрылысқа қазынадан 11 млрд теңге бөлінді. Бірақ үйлер не суы, не газы жоқ жерден бой көтерген. Сондықтан бұл 1080 пәтер қаңырап бос тұр. Жаңа ықшамауданға толық инфрақұрылым жүйесін жүргізу үшін бюджеттен қосымша қомақты қаражат қажет. Егер қазынадан биыл ақша бөлінбесе, құрылыстың сағызша созылатын түрі бар.

Ал қала әкімдігі 24 үйдің инфрақұрылымын жүргізуді биыл аяқтап, жыл соңына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Бірақ, мынадай ескеретін жайт бар:

- Бәрі бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты. Егер бұл мәселе шешілсе, үйлерде барлық қолайлы жағдай жасалып, тұрғындардың қоныстануына дайын болады. Бірақ, қаражат бөлу мерзімі әзірге белгісіз, - дейді Атырау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы  Батыржан МҰСАҚАЕВ.

Әкімдіктегілер "Болашақта" бой көтеретін екі балабақша мен мектепті салу үшін де жобалау-сметалық құжатын дайындап жатқанын хабарлады. Алайда "Болашақ" салынып жатқан мектеп пен балабақшаға баратын алғашқы қоныстанушыларды қашан қабылдай бастайтыны әзірге белгісіз. 

Фархат АБИЛОВ

28 сәуір 2022, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.