Атырау, 20 сәуір 16:58
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Тоқаевқа қастандық жасамақ болған «киллер-журналистке» қатысты ҰҚК «жауап» берді

1 281 просмотра

Естеріңізде болса, 25 наурызда ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласында шетелдің барлау агентін ұстағанын, ол ҚР Президентіне және бірқатар мемлекеттік лауазымды тұлғаларға қастандық жасамақ болғанын мәлімдеген.

Осыдан кейін Иранның «Бос қолдар» деп аталатын хакерлік тобы Тоқаевқа қастандық жасамақ болған адамның Израильдің атышулы «Моссад» барлау қызметіне қатысы бар екенін және израилдік деструктивті топтар Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Nege.kz порталы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың атына ресми сауал жолдап, мынадай сұрақтар жіберген-ді:

Мемлекет басшысына қастандық жасамақ болған азаматтың аты-жөні кім? Ұсталған адам «А» – Аян Атығаев деген журналист-заңгер екені рас па? ҰҚК ұстаған күдіктінің израильдік «Моссад» барлау қызметімен байланысы бар ма? Қазақстанда Израильдің деструктивті топтары бар ма?

ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.Ахметқалиевтен төмендегідей күлбілте жауап келді:

«Шетел мемлекеті арнаулы қызметінің агенті фактісі бойынша ҰҚК ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 1-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу – ред.) және 255-бабы 4-бөлігі (Терроризм актісі) бойынша қылмыстық істі тергеуде.

ҚР ҚПК 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс. Олар егер бұл тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкін деп танылса, сол көлемде жария етілуі мүмкін.

Осыған байланысты құзыретіміз шегінде өзге ақпарат ұсына алмаймыз.

Сонымен қатар, Иранның хакерлік тобының мәлімдемесі және Қазақстандағы Израильдің деструктивті топтары туралы ақпарат жоқ екенін хабарлаймыз».

«Мемлекет басшысына қастандық жасамақ болған агентке» қатысты қоғам толыққанды ақпарат алған жоқ. Сол себепті де көпшілік бұған сене қоймады.

Ал құзырлы органдар әзірге ҚР ҚПК 201-бабын (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) желеу етіп, ашық ақпарат таратпай отыр.

18 сәуір 2022, 16:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.