Атырау, 26 сәуір 07:59
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтініш қабылдау басталды

775 просмотра

Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінімдерді қабылдаудың онлайн платформасы іске қосылды. "Отбасы банк" мәліметінше, қазірдің өзінде 17 мың өтініш қабылданған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сәуірдің ішінде олар онлайн режимде өтінім тапсырып, банк мақұлдауын алуы қажет екені айтылған. Оны otbasybank.kz порталында ("Баспана маркет" маркетплейсі) "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде жасау керек.

"Өтінімдер қабылданатын және өңделетін сандық платформа - бірегей, оның Қазақстанда баламасы жоқ. Алғашқы өтінімдер жолданған кезде қателіктер болуы мүмкін, оларды IT мамандар тез арада жойып отырады. "Отбасы банк" бұл жағдайларға түсінікпен қарауды сұрайды. Жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы шарттарына сәйкес келетін барлық қазақстандық мамырда otbasybank.kz платформасында өтінім бере алады", - делінген хабарламада.

Банк жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алатынын еске салды:

  • 1 және 2 топтағы мүгедектер;
  • мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
  • көпбалалы отбасылар.

Жалдау ақысын субсидиялауға үміткер отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 жылғы жағдай бойынша) аспауы тиіс екені айтылды.

"2022 жылы азаматтарымызды қолдауға 50 миллиард теңге қарастырылған. Оның 40 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен алу көзделсе, 10 миллиард теңгесін жергілікті әкімдіктер бөледі. Бюджеттен қаржыландыру мамыр айында күтіледі. Жаңа бағдарлама шамамен 70 000 адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50 пайызын алады. Қазақстандықтар қысқа мерзімде, кезексіз өтінім беруі үшін бүкіл процесті онлайн режимге аудардық", - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ, банк мәліметінше, субсидия алуға өтінімдер электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. 

Тағы бір талап – субсидия алуға үміткер депозиті бар, "Отбасы банк" клиенті болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе "Otbasy bank" мобильді қосымшасы арқылы оны аша алады. Ізінше субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында тіркеліп, жеке кабинетінде өтініш жаза алады.

Ол үшін, ең алдымен, төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді.

"Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында "қонақ" ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.
Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максимал мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі", - делінген хабарламада.

Осыдан кейін "Пәтер иесі туралы деректер" бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек және осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.

Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ, жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.

Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін 4 810 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады, делінген хабарламада.

Жалдамалы баспананы қазақстандықтар өзі іздейді

"Отбасы банк" мәліметінше, банк жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша, ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.

"Отбасы банк" жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексереді, делінген хабарламада.

Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынатыны айтылған.

18 сәуір 2022, 14:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.