Атырау, 4 мамыр 04:47
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Тұрғын үй кешені салынды, бірақ проблема енді басталып жатыр

1 330 просмотра

Атырауда құрылыс салушылар қалалық құрылыс бөлімі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің іс-әрекетіне шағымдануда. Олар солардың кесірінен шығынға батып отыр.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында «Дайрект Констракшн» ЖШС мен «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС-нің шағымдары қаралды. «Дайрект Констракшн» ЖШС өкілінің айтуынша, «Нұрсая» ықшам ауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталғаннан кейін компания «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалына дайын нысандарды пайдалануға беру актісін тіркеуге тапсырған, алайда оны қабыл алмаған. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс саласындағы норма мен талап сақталмаған деп уәж айтты.

– Басқарма қызметкерлерінің айтуынша, аккредиттелген зертхана жүргізген өлшем нәтижесі бойынша ғимаратты дыбыстан оқшаулау жобасына сәйкес, пайдалануға қабылдау актісін санитариялық-медициналық сараптама жөніндегі мемлекеттік орган растамаған. «Батыс Эко Проджект» ЖШС біздің тапсырысымыз бойынша шу мен діріл деңгейін өлшеген еді. Айтпақшы, бұл аккредиттелген ұйым. Біз «Ұлттық сараптама орталығының» жергілікті филиалына хабарласып, оларға тиісті хаттаманы ұсынғанбыз. Бірақ олар оны мойындамай, өздерінен қайтадан сынақтан өтуді талап етті. Оларда өлшем жүргізетін жабдықтар жоқ, енді бізге БҚО филиалына жүгіну керек. Тұрғын үй кешеніміз мемлекет кепілдігі бойынша салынған. Егер белгілі бір мерзімде пайдалануға беру актісін алмасақ, бізге айыппұл салынады. 14 наурызда Қазақстан құрылысшылар одағы ҚР ИИДМ және Бас прокуратураға мемлекеттік органның талабы заңға қайшы келетіні туралы хат жолдады, – дейді «Дайрект Констракшн» компаниясының өкілі Асан ЮСУБАЛИЕВ.

Отырысқа онлайн байланыс арқылы қатысқан Ұлттық сараптама орталығы маркетинг және сараптамалық қызмет департаменті директорының орынбасары Назар НИЯТҚҰЛОВ жергілікті филиалдың сынақ зертханасының хаттамасы негізінде сараптама қорытындысын беруден бас тартуына байланысты ішкі тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Өйткені жеке зертханалардың хаттамасы да жұмысқа қабылданады. Ол Атырау филиалының қазіргі уақытта қорытынды бере алмайтынын растады. Өйткені бұл жерде зертхана жоқ, оған арналған жабдықтар карантиндік шектеуге байланысты кешіктіріліп жатыр. Ол әзірге БҚО филиалына жүгінуді ұсынды.

Әрі қарай Ұлттық сараптама орталығы Атырау филиалының маманы Лаура ГАЙНУЛЛИНА сөз алды. Ол бас тартуға құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі себеп болғанын айтты. Құжаттар дұрыс болса, БҚО-дағы әріптестеріне филиалдың өзі жолдар еді.

Алайда бұл жауап Кеңес мүшелерінің көкейіне қонбады. Олар кәсіпкерлер үшін қажетсіз кедергілер жасалып жатыр, бұл мәселені тезірек реттеу қажет деп есептейді. Құрылыс салушы әр жолы түрлі себеппен бас тартатынына наразы. Енді оған құжаттарды толықтырып, мақұлдау үшін қайта жолдауы керек.

«Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС-не келсек, бұл жағдайда Атырау қаласы әкімдігінің атынан тапсырыс беруші Талғайраң ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына инженерлік желі тарту бойынша келісімшарт талабын бұзған. Нәтижесінде құрылыс салушы бос үйлерді күзету мен күтіп ұстауға кеткен электр қуатына жұмсалған 20 млн теңге және жалпы күзетке кететін 16 млн теңгеден астам шығындар түріндегі зиянға ұшырап отыр.

- Дайын нысандарды сыртқы инженерлік желіге қоспай пайдалануға беру мүмкін емес, бұл тапсырыс берушінің міндеті. Жылу жүйесінің болмауына байланысты нысандар төмен температурада теріс әсерге ұшырайды. Осы ретте қалалық құрылыс бөлімі кемшіліктер дер кезінде жойылмағаны үшін үстімізден әкімшілік іс қозғауда. МСҚББ қызметкерлері заңсыз тексеру жүргізеді, оның нәтижесі кейін сот шешімімен жойылды, - дейді «Каспий Құрылыс LTD» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар ТЕМІРОВ.

Құрылыс басқармасы мен МСҚББ басшылары құрылыс салушының нысанды пайдалануға қабылдау актісін ұсынбағанын хабарлады. Бүгінде инженерлік коммуникацияларды тартуға қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атырау қаласы прокурорының орынбасары Нұржан ӘБІЛОВ өз кезегінде бірқатар заң бұзушылықтардың анықталуына байланысты осы мәселе бойынша прокурорлық әрекет ету шаралары алынатынын айтты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

18 сәуір 2022, 11:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.