Атырау, 24 қараша 18:48
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украиндағы соғыс: 54-күн

1 677 просмотра

Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

21:01

"Нұрлан бауырым, украин белсендісін неге қорладың?"

Ресейдегі қазақ стендапер Нұрлан Сабуровтың 17 сәуірде Нью-Йоркте өтіп жатқан концерті кезінде Free Kazakhs құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғани Стамбек сұрақ қойды.

ірер күн бұрын әртістің Сан-Францискодағы концерті кезінде көйлегіне қызыл бояу жағылған украин әйелі сахнаға шығып, перфоманс жасаған. Ол қызыл бояуды Украинадағы соғыс құрбандарының төгілген қаны деп түсіндірген.

Күзетшілер әйелді сахнадан күштеп қуа бастады. Ал Сабуров қызыл бояу туралы "Бұл етеккір ме? Не болып жатыр?" деп әзілдеген. Бұл сөзі үшін әртіс көптің сынына қалды.

Ғани Стамбек Сабуровтан "Неге украин белсендісін қорладың?" деп сұраған. Видеоға қарағанда, стендапер сұраққа жауап бермеген. Бірнеше күзетші Стамбектің қолын қайырып, залдан шығарып жіберді. Белсендінің Азаттыққа айтуынша, сөйлетпеу үшін күзетшілер қолымен оның аузын басқан. Денесінде жырылған іздер бар. Бұған дейін Лос-Анжелестегі концерті кезінде көрерменнің бірі Сабуровтан Украинадағы соғыс туралы неге үнсіз отырғанын сұрап еді. Стендапер "соғыс туралы айтуға именемін" деген.


19:04

Кременская қаласы үшін шайқас жүріп жатыр

Луганск облысында Ресей әскері басып алған Кременская қаласы үшін шайқас үш күннен бері жалғасып жатыр. Бұл туралы Азаттықтың "Донбасс. Реалии" жобасына Кременский әскери әкімшілігінің басшысы Александр Дунец мәлімдеді.

"Олардың әскери күші әлдеқайда басым, взводтан кіші бір бөлімшесінде 43 бронтехника, яғни, танкі, БТП және ракета ататын көлік бар. Кейбір бөлігі жойылды, бірақ бәрі емес. Қазір қала шетінде қақтығыс жалғасып жатыр. Ресейліктер көзіне көрінген көліктерді атып жатқанын білеміз. Олар қаладан қауіпсіз жерге кетіп бара жатқан бейбіт тұрғындардың көлігін атқаны жайлы хабар бар" деді ол.

Бұған дейін Луганск облысы басшысы Сергей Гайдай ресейлік әскерилер қаладан шығып бара жатқан бейбіт тұрғындарды атып, төртеуі қаза болғанын, біреуі жараланғанын айтқан.


18:22 

Украина полициясы: 1100-ден астам адам жоғалып кетті

Ресей әскерінің бақылауында болған және бақылауындағы аймақтарда 1100-ден аса бейбіт тұрғын жоғалып кетті деп мәлімдеді Украина тергеу полициясы бастығының орынбасары Сергей Пантелеев.

Украина полициясы осы жағдайға байланысты 900 іс қозғағанын, 544 адамның бас бостандығын заңсыз шектеу бойынша фактіні құжатқа тіркегенін мәлімдеді.

Пантелеев Ресейдің бақылауынан босатылған және қазір оккупацияланған аймақтарда 2750 бейбіт тұрғын қаза болғанын, опат болғандар арасында 157 бала барын хабарлады. 18 сәуір таңертең Украина бас прокуратурасы соғыс басталғалы елде 205 бала қаза тапқанын мәлімдеген.




15:46

"Ресей әскерилері Бучада қалған әрбір бесінші тұрғынды өлтіріп кетті"

Буча мэрі Анатоли Федорук Украинадағы телемарафонда "Ресей әскерилері Буча қаласында қалған әрбір бесінші адамды өлтіріп кетті" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, орыс әскерилері әйелдерді зорлап, балаларды да өлтірген.

Ресей тарапы әскерінің Бучада бейбіт тұрғындарды өлтіргенін жоққа шығарады және Бучадан тараған фото мен видеоларды "фейк" дейді.

15:39

"Москва" крейсерінде болған тағы бір матростың жоғалғаны айтылды

"Москва" крейсерінің матросы Марк Тарасовтың анасы Ульяна Тарасова әскери кеме Қара теңізде суға батқаннан кейін ұлының хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Ол бұл туралы Vkontakte желісінде жазды. Жазбаны "Агентство" басылымы байқады.

Тарасов әскери қызметін былтыр 15 желтоқсанда бастаған. "Агентство" басылымы сөйлескен танысы Матросовтың әскерге кеткенін растады. Матросовтың өзі Instagram желісіндегі парақшасында матрос формасын киіп түскен суретін жариялаған.

Тарасов – "Москва" крейсерінде болғандар арасында із-түзсіз жоғалғаны жария болған екінші матрос. Оның алдында Ялта тұрғыны Дмитрий Шкребец 20 жастағы ұлы Егор Шкребецтің жоғалғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Азаттықтың Орыс қызметі мичман Иван Вахрушевтің кеме бортында қаза тапқанын анықтаған.

  • Ресей әскери теңіз күштерінің "Москва" крейсерінің суға кеткенін елдің қорғаныс министрлігі 14 сәуірде мәлімдеген. Содан бір күн бұрын Украина билігі Ресей кемесіне екі ракетамен соққы жасағанын айтқан еді. Ресей әскери күштері бұл туралы ештеңе айтпады.
  • Ресей қорғаныс министрлігі кемеде қару-жарақ жарылып, арты өртке ұласты, кеме экипажы түгел эвакуацияланды деп хабарлады. Крейсерде нақты қанша адам болғанын айтпады. Түрлі дереккөзге қарағанда, әскери кемеде шамамен 500-700 аралығында адам болған.
  • Вахрушевтің жесірі жоғалғандар тізімінде 27 адам барын хабарлады. Бұл хабарды тәуелсіз дереккөздер арқылы растау мүмкін болмады.


14:57

Ресей: Украина 23 мыңнан аса әскериінен айырылды

Ресей қорғаныс министрлігі Украина "арнайы әскери операция" кезінде 23 367 әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Ведомоство Мариупольде Украинаның төрт мыңнан аса солдаты қаза тапты, 1464 солдаты берілді деп отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада CNN телеарнасына берген сұхбатында Украина соғыста 2500-3000 әскериінен айырылды, он мың әскери жараланды деген.

Ал Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей Украинадағы соғыста 20 мыңнан аса әскериін (жараланғандар мен қаза болғандар) жоғалтты деп мәлімдеген.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.


14:08

Днепропетровск пен Харьков облысына да шабуыл жасалды

Днепропетровск облысы әкімшілігінің басшысы Валентин Резниченко облысқа екі рет ракетадан шабуыл жасалғанын хабарлады. Синельников ауданында екі адамның зардап шеккені айтылды. Резниченко бұл ауданда ракета инфраструктуралық объектіге түскенін, өрт сөндірілгенін мәлімдеді. Ал Павлоград ауданында ракета теміржолды бүлдірген.

Ресей бұл шабуыл жайлы әлі ештеңе айтқан жоқ.

Сондай-ақ Харьковта тұратын журналист Мария Малевская "Настоящее время" телеарнасының эфирінде кейінгі күні Харьков облысына да шабуыл жасалғанын айтты.

"Қалада 40 жерде өрт шықты. Тұрғын үйлерден бөлек, балабақша да өртенді. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өртті сөндіріп үлгермей жатыр" деді ол.

13:59

Луганск облысының әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай Ресей әскері аймақтағы Кременная қаласына кіргенін хабарлады. Оның сөзінше, қаладан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау мүмкін емес. Соғысқа дейін бұл қалада 18 мыңдай адам тұрған.

13:29

Львовқа шабуылдан алты адам қаза болғаны айтылды

Львовқа жасалған ракета шабуылынан алты адам қаза болып, сегіз адам жараланды деп хабарлады Львов әскери әкімшілігінің басшысы Максим Козицький.

Оның сөзінше, Львовқа төрт рет ракета шабуылы жасалған: үшеуі әскери объектілерге, біреу көлік дөңгелегін жөндейтін орталыққа.

"Укрзалізниця" (Украина теміржолдары) компаниясы да Львовта бірнеше ракета теміржол объектілеріне түскенін айтқан.


Негізгі ақпараттар:

  • Ресей туын тігіп алып теңізде жүрген кемелерге 17 сәуірден бастап Еуропа одағы елдері портына кіруіне тыйым салынады. Ресейге қарсы осындай шараға Эстония, Бельгия мен Болгария да қосылды. Оның алдында Румыния мен Италия ресейлік кемелердің келуіне тыйым салған. Бұл Ресей 24 ақпанда Украинаға басқыншылық жасап, соғыс ашқалы бері Еуропа одағы мақұлдаған Ресейге қарсы санкциялардың бірі. 24 ақпанға дейін Ресей туы астында жүріп, содан кейін басқа елдің туын іліп алған кемелер де осы санкцияға ілігеді.
  • Вашингтонның Киевке қауіпсіздігін нығайтуы үшін бөлген 800 млн доллардың көмегі аясында АҚШ жіберген қару-жарақ, оқ-дәрілер Украинаға келе бастады. Бұл жөнінде Америка үкіметіндегі дереккөзге сүйенген CNN телеарнасы хабарлады.
  • Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды жалғастырды. Украина қарулы күштері Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатқанын айтады. Спутниктен түсірілген суреттерде әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғаны байқалады. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай бара жатыр.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен, мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
  • Украина президенті Владимир Зеленский "Мариупольдегі украин күштерінің қазасы Ресеймен келіссөзге нүкте қоюы мүмкін" деп мәлімдеді. Қоршауда қалған Мариупольдегі украин күштері Ресейге берілуден бас тартқан.
  • Журналистер "Мәскеу" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады. Пентагон Ресей крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан дейді.


Бір күнде 22 мың адам келді. Украинадан кеткендерден елге оралғандар саны алғаш рет асып отыр

Польша мен Украина арасындағы шекарадан өтіп жатқан адамдар.
Польша мен Украина арасындағы шекарадан өтіп жатқан адамдар.

Польшаның шекара қызметінің дерегінше, 16 сәуірде Украинаға 22 мың адам оралған. Ал сол күні Украинадан 19200 адам Польшаға өткен. Яғни, соғыс басталған 24 ақпаннан бері Украина аумағынан шыққандар санынан оралғандар саны алғаш рет асып отыр. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Украинаға оралғандардың көбі туыстарымен жүздесу үшін бірнеше күнге ғана келген, олар шекара маңынан алысқа ұзамағанды жөн көреді. Алайда елде қалу үшін оралып жатқандар да бар. Өткен аптада Киев мэрі Виталий Кличко Ресей армиясы басқыншылық шабуылын жалғастырып жатқандықтан, мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған украин азаматтарына үйге оралу әлі де қауіпті екенін ескерткен.

БҰҰ дерегінше, Ресей соғыс ашқалы бері Украинаның 4,8 млн-ға жуық азаматы елден кетуге мәжбүр болған. Содан бері 650 мыңнан астам адам Украинаға оралған.

7 млн-нан астам адам үй-жайын тастап, елдің шекара аймағына қоныс аударуға мәжбүр болған.


Негізгі ақпараттар:

  • Мариуполь қаласында қоршауда қалған украин сарбаздары Ресей қорғаныс министрлігінің қару-жарақты тапсырып, берілу жайлы ұсынысынан бас тартты. Бұл туралы Украина премьер-министр Денис Шмыгаль хабарлады. Ол "украин сарбаздары қаланың кей бөлігін жауға бермей, қарсылық көрсетіп жатқанын" айтты.
  • Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский егер қоршауда қалған Мариупольде украин әскерилері қаза тапса, Ресеймен келіссөзге нүкте қойылуы мүмкін деп мәлімдеген.
  • Вашингтонның Киевке қауіпсіздігін нығайтуы үшін бөлген 800 млн доллардың көмегі аясында АҚШ жіберген қару-жарақ, оқ-дәрілер Украинаға келе бастады. Бұл жөнінде Америка үкіметіндегі дереккөзге сүйенген CNN телеарнасы хабарлады.
  • Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды тоқтатқан жоқ. Украина қарулы күштері Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатқанын айтады. Спутниктен түсірілген суреттерден әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғаны байқалады. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай бет алған.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен, мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
  • Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады. Пентагон ресейлік "Мәскеу" крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан дейді.
  • БҰҰ мәліметінше, соғыс басталғалы бері 5 млн адам Украинадан босып кеткен.
  • Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен үш мың украин жауынгері опат болып, он мыңы жараланғанын айтты.
  • Ресей Ұлыбританияның бірқатар саясаткерлеріне елге кіруге тыйым салды.

Мариуполь: қоршаудағы украин сарбаздары Ресейге берілуден бас тартты

Ресей қарулы күштері қоршауға алып, түрлі әскери қарудан дамылсыз соққы беріп жатқан Мариуполь қаласы, Украина.
Ресей қарулы күштері қоршауға алып, түрлі әскери қарудан дамылсыз соққы беріп жатқан Мариуполь қаласы, Украина.

Мариуполь қаласында қоршауда қалған украин сарбаздары Ресей қорғаныс министрлігінің қару-жарақты тапсырып, берілу жайлы ұсынысынан бас тартты. Бұл туралы Украина премьер-министр Денис Шмыгаль хабарлады. Ол "украин сарбаздары қаланың кей бөлігін жауға бермей, қарсылық көрсетіп жатқанын" айтты.

Бұған дейін Ресей әскери министрлігі Мариупольдегі "Азовсталь" зауытына украин сарбаздары бекініп алғанын, ал Ресейдің "Новости" мемлекеттік ақпарат агенттігі ресейлік күштердің шабуылы нәтижесінде Украина теңіз жаяу әскерінің 36-жеке бригадасының командирі, Украина батыры Владимир Баранюк қаза тапты деп хабарлаған. Киев бұл жайында әзірше ақпарат берген жоқ.

Украина тұтқындарының сөзіне сүйенген Ресей қорғаныс министрлігі "Азовсталь" аумағында шамамен 2,5 мың адам барын айтты. Әзірге тәуелсіз дереккөздер Ресей билігінің мәліметін растаған жоқ.

18 сәуір 2022, 09:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.