Футболдан Қазақстан чемпионатының 6-турында «Атырау» ФК сырт алаңда ақтаулық «Каспийден» (Ақтау) 1:2 есебімен ұтылып қалды.
Алаң иелері бірінші таймға қосылған минутта бірінші голды соқты. Екінші таймда 52-минутта «Атыраудың» бразилиялық қорғаушысы Матеус БИССИ есепті теңестірді. Бірақ кездесудің ең соңында, 90-минутта алаң иелері шабуылшы Алмас АРМЕНОВ соққан голдың арқасында жеңіске жетті.
Айтпақшы, Бисси «Атырау» командасымен жақсы үйлесім тапқан сияқты. «Атырау» ФК баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол осыған дейінгі өз алаңында оралдық «Ақжайықпен» (0:1) өткізген ойын туралы былай деп пікір білдірді:
- Бұл матчқа бір апта бойы дайындалдық. Олардың қалай ойнайтынын білдік, жаттықтырушылар нұсқау берді. Өкінішке орай, жолымыз болмады. Тырыстық, бірақ ойымыздан шықпады. Жарайды, бұл жеңілістен сабақ алып, келесі кездесуде жеңіске жетуіміз керек. Жалпы, бұл чемпионатта оңай ойын болмайды. Жұмыстанып, алға қозғаламыз.
Айнұр САПАРОВА