Атырау, 7 қазан 01:34
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жылыой ауданын дамытуға арналған бағдарлама жасалады

Сурет
4 184 просмотра

Жылыой ауданының тұрғындары «Теңізшевройл»  ЖШС   өңірдің жер байлығын пайдаланып отырғандықтан, қоршаған ортаны жақсарту үшін ESG көрсеткіші бойынша жұмыс істеуін талап етеді. Өйткені, «Теңізшевройл»  ESG қағидасымен жұмыс істесе, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына одан әрі көңіл бөлінеді деп санайды. Кейбір аудан тұрғындары осы және өзге де талап-өтініштері бойынша   «Кең Жылыой» мәдениет үйіне жиналып,  кәсіпорынның бас директоры Кевин ЛАЙОНҒА тікелей сұрақтар қойды.

Жиын барысында тұрғындардың сауалына жауап берген «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин ЛАЙОН Жылыой ауданы ТШО мен  оның қырыққа жуық мердігер ұйымдарының  және 10 мыңнан астам Теңіз қызметкерінің  мекені болғандықтан,   кәсіпорын үшін  ерекше маңызға ие екенін айтып, әрдайым да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл бөлуге ынталы екендіктерін жеткізді.

- Кеше мен Атырау облысының жаңа әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мырзамен  кездестім.   Кездесудің нәтижелілігі сол-   Жылыой ауданының  бұдан былайғы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын әкімдік пен ТШО бірге қарастыратын болды,-деді ол.-Бағдарлама бойынша, біз біріншіден, Атырау облысы және Жылыой ауданы әкімдіктерімен бірлесіп, ТШО-ның ерікті «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылым және «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламалары бюджетінен  Жылыой ауданы мен Құлсары қаласына көбірек қаражат  бағыттауды  қолға алмақпыз. Негізінен аталған екі әлеуметтік инвестициялық бағдарламаға  бөлінетін жылдық қаражат мөлшері шамамен 27 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ,  жылыойлықтардың ТШО-мен  тікелей байланысуына    мүмкіндік туғызу үшін Құлсары қаласынан   кәсіпорынның өкілдік офисін қайта ашуды жоспарлап отырмыз, - деді Кевин Лайон. Бас директордың бұл сөзіне   тұрғындар  ду қол шапалақтап,  ризашылықтарын    білдірді.

К.Лайонның  айтуынша, соңғы екі жылда   жылдық бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайтын «Игілік» бағдарламасы қаржысының шамамен 80 пайызы Жылыой ауданына бағытталған.  «Игілік»  инфрақұрылым  бағдарламасы қолға алынғаннан  бергі жүзеге асқан  100 жобаның 59-ы Жылыой ауданының  еншісінде.    Тек 2022 жылдың өзінде аталған бағдарлама бойынша жүзеге асқан 14 жобаның 10-ы Жылыойда  тиесілі болды. Жыл соңына дейін  осы бағдарлама   шеңберінде Құлсары қаласындағы аурухана  мен орталық заманауи стадион құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарда бар.   

Тұрғындар сұраған ESG қағидалары қарыз қаражатын тарту кезінде компанияны қаржылық бағалау құралы болып табылады. Инвесторлар компанияның сенімді екендігіне көз жеткізу үшін компанияны ESG метрикасына сәйкес бағалайды: ол халықтың әлеуметтік жағдайын және өндірістік қызметті жүзеге асыратын аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға жеткілікті көңіл бөледі ме. Алайда ESG қағидалары  туралы тұрғындардың бәрі бірдей  біле білмеуі мүмкін. Бұл жөнінде ТШО-ның   құқықтық  қамту  департаментінің бас менеджері Әсет Құрманбаев жан-жақты түсінік   берді.

ESG қазақша баламасы Е-environmental - компанияның қоршаған ортаға әсері және ол мәселені қалай шешетіні, S-social - әлеуметтік жағынан қамтуы, G-governance - компанияда қандайда бір сыбайлас жемқорлық болған жағдайда сол мәселелермен жұмыс істеуі.

- Бір сөзбен айтқанда, ТШО ESG көрсеткішінің негізгі құндылықтарын  толықтай сақтап келеді. Қоршаған ортаға әсерге тоқталсақ,    кәсіпорын  2000 жылдан бастап атмосфераға шығарылатын шығарындылардың жалпы көлемін азайтуға  3,1 миллиард АҚШ доллары    шамасында  инвестиция салды, сондай-ақ атмосфераға шығарылатын шығарындылардың қарқындылығын 65 пайызға төмендетті. Бұл қоршаған ортаны жақсартуға арналған жұмыстардың бір ғана бөлігі. Әлеуметтік   қолдауға келер болсақ, «Игілік» бағдарламасы  қаржысына  салынған 14 балабақша, 10 мектеп, аурухана, спорттық нысандар игілігін халық көруде.Сонымен қатар,осы нысандар құрылысы арқылы жүздеген тұрғынға жұмыс орны ашылғандығын айтуымыз керек.   Сыбайлас жемқорлыққа қарсылыққа келсек,   ТШО әрқашан жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін компания болды, солай және болады.,- деді кәсіпорынның бас заңгері.

 Кездесу барысында көптеген тұрғынның көтерген мәселесі жұмыссыздық және экологиялық ахуалға байланысты болды. Аудан тұрғындары атынан сөз алған Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ ТШО-ның өкілдік кеңсесін Құлсары қаласына көшіру арқылы көптеген мәселені шешуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол

 - Халық шағымдар мен өтініштерін айту үшін Теңіз кенішіне кіре алмайды. Жергілікті жерде кеңсесі болса өтініштерімізді тікелей ТШО ға айтқымыз келеді. Біздің қордаланған мәселелеріміз тиісті жеріне жетпей қалып жатады.    жұмыссыздық пен сыбайластық мәсғелеріне де тоқталды. Мердігер компанияның бірінде    кадр басшысы қай өңірден   болса, мекемеге тек сол өңірдің тұрғындары қабылданатыны жасырын емес. Сондықтан да,   сыбайластыққа жол бермеу үшін,  бірінші кезекте жұмысқа Жылыой ауданының жұмыспен қамту бөліміне тіркелгендерді  алуды  сұраймыз,-деді.

 С.Сәрсембаевтың осы өтінішін  қолдаған   тұрғындар кейбір мердігер ұйымдардың   жұмысқа қабылдау үшін пара алатындықтарын да жеткізді.

Халықтың талаптарына ерекше зейін қойған  Кевин Лайон ТШО   жемқорлыққа қарсы қатаң ұстанымды ұстанатынын, сондықтан сыбайлас жемқорлық әркетін жасады деген мекеме үстінен қағаз жүзінде шағым  түссе, міндетті түрде жаза қолданылатынын қаперге берді. (ТШО сенім телефоны – www.TCOhotline.com немесе төмендегі телефондар бойынша: Қазақ тілінде: 7-7122-27-26-76 немесе 8-7122-27-26-76) Сондай-ақ, ол кездесу барысында көтерілген мәселелердің барлығы да зерделеніп, кері байланыс орнатылатынын жеткізді. 

- Көпшілігіңіз аймақты дамыту мәселелеріне қатысты   менімен кездесуге өтініш білдіргендеріңізден де хабардармын. Бүгінгі   жүзбе-жүз кездесу – cол-өтініш-тілектің жемісі. Мақсатым-  пікірлеріңізді тыңдау,  одан әрі сіздермен және әкімдікпен бірлескен әрекеттерді қолға алып, тілек-талаптарыңызды орындау үшін қажетті өзгерістер енгізуге әрекет ету, - деді К.Лайон.

 Сол күні компания директоры Жылыой ауданы әкімімен және аудан тұрғындарымен бірге Қамыскөл жағасында 15 гектар аумақты көгалдандыру жұмысына қатысты. Облыс әкімімен жасалған меморандум нәтижесінде ТШО компаниясы биыл Құлсары қаласында 50 гектар жерге демеушілікпен тал отырғызып бермек.

 Тал егу   және күтіп- баптау жұмыстарын жергілікті «Мұқан Сервис» ЖШС жүзеге асырады.

Назгүл ЖҰМЕКЕЕВА, «Мұқан Сервис» ЖШС-ның өкілі: -Мұнда жергілікті жерде өскен 3-4 жылдық талдар отырғызылуда. Басым бөлігі қарапайым қара ағаш, үйеңкі және 200 дана алма мен шие жеміс ағаштары бар. Барлығы жергілікті талдар болғаннан кейін жерсініп кетеді сенеміз. Толықтай 50 гектарды көгалдандыру  жыл соңына дейін аяқталады.

15 сәуір 2022, 20:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.