Атырау, 24 қараша 18:49
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 51-күн

1 540 просмотра

Украинадағы соғыс туралы бүкіл ақпарат Азаттық радиосынан алынды.

17:41

Украинадағы жағдайға сілтеген Германия экономика министрі Роберт Хабек халқын энергетиканы үнемдеп пайдалануға шақырды. Бұл туралы Spiegel хабарлады.

"Бәріңізді энергия үнемдеуге үлес қосуға шақырамын. Мұны бәріміз қатысатын ортақ жоба ретінде қарастырсақ қана Ресей импортына деген тәуелдігімізді азайтамыз" деді Хабек.

Министр тіпті бір-екі кеңесін де айтты. Мәселен, ол компания қызметкерлеріне аптаның кей күндерінде үйден істеуді, мүмкін болған жерде жеке көліктің орнына велосипед пен пойызды пайдалануды ұсынды.

Хабектің сөзінше, үй жылытқанда терезені пердемен жауып қойса, электр энергиясын 5 пайызға үнемдеуге, үйдегі температураны 1 градусқа төмендетсе, электр энергиясын 6 пайызға үнемдеуге болады.

Энергия және таза ауаны зерттеу орталығының (CREA) мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргелі Еуроодақ Ресей көміріне, мұнайы мен газына 33 миллиард евро төлеген.


16:50

Польша Ресей көмірін импорттауға эмбарго жариялады. Варшава бұл қадамға жекедара барды, Еуроодақтың ортақ шешімін күтпеуді құп көрді. Польша президенті Анджей Дуда эмбарго туралы заңға қол қойды.

Еуроодақ Украинаға басып кірген Ресейдің энергия көздерінен бас тарту мәселесін әлі де қарастырып жатыр.


16:02

Украина күштері: Ресей сапында қаза тапқан сарбаздар саны 20 мыңнан асты

Украина қарулы күштері күнделік баспасөз хабарламасында Ресей әскерінің қаза тапқан сарбаздары мен жойылған техникалары туралы ақпаратын жаңартты. Олардың сөзінше, соғыстың 51 күнінде Ресейдің 20 мыңнан астам сарбазы мерт болған. Жойылған техникалар:

  • 756 танк
  • 1976 бронтехника
  • 366 артиллериялық жүйе
  • 122 дүркіндетіп ату реактив жүйесі
  • 66 әуеден қорғану жүйесі
  • 164 ұшақ
  • 144 тікұшақ
  • 135 әскери дрон
  • 8 кеме

15:49

Ресей күштері құрсаудағы Мариупольге жылжымалы крематорийлер әкелді

Бұл туралы қаланың мэрі Вадим Бойченко мәлімдеді. Ресей күштері осылайша өз қылмысын жасырғысы келеді дейді Бойченко.

"9 наурыздан бастап екі апта бойы қаланы жүйелі түрде қатты бомбалады. Адамдарда қаза тапқандарды жерлеуге мүмкіндік болмады, олар мұны үйінің алдында істеді. [Ресей күштері] қазір мәйіттерді жинау орталықтарына әкетіп жатыр" деді Бойченко Ресей әскерінің мәйіттерді сол крематорийлерде өртеуі мүмкін екенін айтып.

Мұның алдында Мариуполь қалалық кеңесі Ресей әскері үй алдында жерленген мәйіттерді қазып алып жатыр деп хабарлады.

Ақпанның басында Украинаның Буча қаласы Ресей әскерінен азат болып, қала көшелерінде, үйлердің алдында ондаған бейбіт адамның мәйіті қараусыз жатқаны мәлім болды. Бауырластар зираты да анықталды. Украина билігі Буча қаласы Ресей күштерінің бақылауында болғанда қалада 400-ден астам бейбіт азамат қаза тапқанын мәлімдеді. Осыдан кейін әлемдік қауымдастықтың Ресейге деген наразылығы күшейді.

Соғыс кезінде мұндай ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

15:49

Ресей қорғаныс министрлігі Чернигов облысында Украинаның Ми-8 тікұшағын құлатқанын мәлімдеді. Мекеменің айтуынша, Ресей тікұшақты C-400 жүйесімен атып құлатқан. Министрлік бұл тікұшақ Ресейдің Брянск облысындағы елдімекенге шабуылдаған деп отыр.

"Украина күштерінің Ресей аумағындағы диверсияларына жауап ретінде Киевтегі объектілерге бағытталған ракеталық соққылардың ауқымы мен саны арта береді" деп мәлімдеді Ресей қорғаныс министрлігі.

14 сәуір күні Ресейдегі Брянск облысының билігі Климово елдімекені атқылауға ұшырағанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, атқылау салдарынан жеті адам зардап шеккен, жүзге тарта үй бүлінген.

Ресей тергеу комитеті елдімекенге "Украинаның екі әскери тікұшағы" шабуылдады деді.

Украина Брянск облысындағы оқиға жөнінде пікір білдіріп, Ресейдің арнайы қызметтерін айыптады, оқиғаны "Украинаға қарсы байбаламды күшейту үшін" жасалған теракт деп бағалады.

Соғыс кезінде мұндай ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.


14:09

Ресей маңызды әскери кемелерінен айырылды. 14 сәуір күні "Мәскеу" крейсері, 24 наурыз күні "Саратов" десант кемесі суға батты. Бұл – Ресейді Қара теңіздегі позициясын өзгертуге итермелейді дейді Ұлыбритания барлау қызметі.

Украина бас прокуратурасы: Соғыс басталғалы 198 бала қаза тапты

Ресей басып кіргелі Украинада 198 бала мерт болып, 355 бала жарақат алды. Бұл туралы Украина бас прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура қаза тапқан және жарақат алған балалардың саны әлі нақтыланып жатқанын ескертті. Басып алынған аумақтардағы деректер әлі толық емес дейді мекеме.

Қаза тапқан және жарақат алғандар арасында Донецк, Киев және Харьков облыстарының балалары көп.

Соғыс кезінде мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

13:30

Ресей маңызды әскери кемелерінен айырылды. 14 сәуір күні "Мәскеу" крейсері, 24 наурыз күні "Саратов" десант кемесі суға батты. Бұл – Ресейді Қара теңіздегі позициясын өзгертуге итермелейді дейді Ұлыбритания барлау қызметі.

13:17

Apple Ресейге қарсы санкциялардың аясында ресейлік "Альфа-банктің" мобильді қосымшасын App Store дүкенінен алып тастады. Енді бұл қосымша айфонға жүктелмейді. Қосымша әзірге Google Play дүкенінде бар. Осыған дейін App Store мен Google Play дүкендерінен "Сбербанк" қосымшасын өшіріп тастаған.

11:35

БҰҰ мәліметінше, күн сайын Украинаға 30 мың адам оралып жатыр. Олар соғысқа байланысты басқа елге кетуге мәжбүр болған. Қазірге дейін 870 мың украин босқыны оралған.


03:06

"Москва" ракеталық кемесі батып кетті

Ресейдің "Москва" ракеталық крейсері порттағы тұрағына келген сәтте батып кетті. Бұл туралы Ресейдің қорғаныс министрлігі хабарлады. Министрлік кеме теңіздегі дауылдан тепе-теңдік сақтай алмады деп отыр.

Ресей теңіз әскерінің флагманы саналатын "Москва" кемесі кеше, 13 сәуірде өртенген еді. Ресей тарабы ракеталық крейсерде алдымен өрт шығып, қару-жарақ қоры жарылып, кеме қатты зақымданғанын айтқан. Ведомоства экипаж толық эвакуацияланған хабарлаған, бірақ өрттің неден шыққанын айтпаған еді. Зардап шеккендер бар-жоғы белгісіз.

Ал Украина билігі украиналық кемелерге қарсы "Нептун" ракетасынан "Москва" крейсеріне шабуыл жасалғанын, кеме қатты зақымданғанын айтқан.

"Москва" крейсері 1976 жылы пайдалануға берілген, Ресей әскерінің Қара теңіздегі ең негізгі кемесі еді. Украина басылымдарының хабарлауынша, "Москва" крейсері Одесса облысы Змеиный аралына шабуылға қатысқан.


22:09  14.4.2022

Украинаның ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы ВВС-ге сұхбат берді. Ол айтқан маңызды үш мәлімдемесі мынандай:

  • Ресейдік басты жоспары – президент Владимир Зеленскийді өлтіру болды. Оған бес рет қастандық жасалды, соңғы қастандық 7 наурызда болды.
  • Соғыстың алғашқы күндері президент кеңсесінде оқ атылды. Киев орталығында диверсиялық топ жүрді.
  • Украина Ресейдің басқыншылығы 22 ақпанда басталады деп жоспарлаған. Ресми Киев шабуылды Беларусь аумағынан жасалады деп күтпеген.

22:05  14.4.2022

АҚШ ресейлік бизнесмендердің бұғатталған активтерін қайтармайтынын мәлімдеді. "Мақсатымыз бұл активтерді тиімді түрде пайдалау" деді АҚШ президентінің қауіпсіздік бойынша көмекшісі Джейк Салливан.


22:04   14.4.2022

Украина Жоғарғы радасы (парламент) Ресейдің басқыншылығын "геноцид" деп таныды. Бұған қоса депутаттар Ресей әскері қолданатын Z және V белгілерін қолдануға тыйым салды. Сондай-ақ украиналық депутаттар шетелдіктерге үш жылдан бес жылға дейін Украинаның барлау қызметінде жұмыс істеуге рұқсат беретін заңды қабылдады.

15 сәуір 2022, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.