Ресейдің Қара теңіз флотының флагманы саналатын "Москва" зымырандық крейсері теңізге батып кетті. Бұл туралы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ведомство мәліметінше, "оқ-дәрілер жарылуынан өрт кезінде корпус зақымдалуына байланысты" кеме бір орында тұра алмай, оны сүйреу кезінде "дауылды теңіз жағдайында" батып кеткен. Бұған дейін РФ Қорғаныс министрлігі крейсер экипажы аймақта болған флот кемелеріне эвакуацияланғанын хабарлаған.
14 сәуірге қараған түні Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" крейсерінде басталған өрт салдарынан оқ-дәрілер жарылғанын хабарлаған. Ведомство экипаж толық эвакуацияланғанын, негізгі зымырандық жабдықтар зақымданбағанын мәлімдеген. Артынша өрт ауыздықталғаннан кейін кеме жүзе алатыны айтылған еді.
Ал Киев крейсерге украиналық екі "Нептун" зымыраны атылғанын хабарлаған.
DW мәліметінше, Ресей Қара теңіз флотының флагманы "Москва" зымырандық крейсері 1979 жылы теңізге жіберілген. Оның қару-жарақтарының арасында радиусы кемінде 700 шақырымға жететін "Вулкан" кешенінің кемеге қарсы 16 зымыраны, "Форт" алысқа ататын кешендері болған.
Forbes мәліметінше, бұл - Ресейдің Украинамен соғысындағы ең қымбат әскери шығыны. "Москва" крейсерінің болжамды құны - 750 миллион доллар.