Атырауда 50 шақты ана наразылығын айту үшін қала әкімдігінің алдына жиналды. Ашынған аналар биліктен баспана, балабақша кезегі мәселелерін шешіп беруді сұрады. Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары Самат ЕМБЕРГЕННІҢ жұмыстан кетуін талап етті.
Әйелдер бұған дейін Ембергеннің мәселелерді қарастырамыз деп, еш нәрсе шешпегенін айтады.
Оларды Атырау әкімі Мейірім ҚАЛАУИ қабылдады.
Нұргүл АҚТІЛЕУОВА - 6, 8 және 11 жастағы үш баланы жалғыз өзі асырап отыр. Күйеуімен 2017 жылы ажырасқан. Содан бері оның алиментті жарытып төлемейтінін айтады.
- Бұрынғы жолдасым алиментті 2019 жыл мен 2020 жылы мүлде төлемеді. Оған дейін де жарытып төлегені шамалы. 5 000-10 000 теңгеден титықтатып. Былтыр қыркүйекте 50 мың теңге және желтоқсанда 100 мың теңге төледі. Биыл сәуірде 50 мың теңге берді. Жалпы, бүгінде әлі де 2,5 млн теңге борышы бар. Өзі жұмыссыз. Сот орындаушылар есепшотын бұғаттап қояды. Бірақ, оның атында ештеңе жоқ, сондықтан ол әрекет бір нәрсе шешіп отырғаны шамалы. Одан да оны мәжбүрлеп жұмысқа кіргізіп, алиментті төлеттіру керек деп есептеймін. Мен сияқты алимент ала алмай жүрген қаншама ана бар, - дейді Ақтілеуова.
- Сіз сонда қалай күн көріп отырсыз?
- Мүгедектігім және еңбекке қабілеттілікті жоғалту бойынша алатын әлеуметтік жәрдемақыны қосқанда 53 000 теңге ғана айлық табысым бар. Бұл ақшаға күн көру мүмкін емес. Біреудің үйін жинап, еденін жуып беріп, қосымша азын-шоғын ақша табамын. Арасында "Analarga Komek Qoldaw" қоғамдық бірлестігі көмектеседі.
Келесі ана Эльвира КУБЕСОВА егіз баласын балабақшаға орналастыра алмай жүр. Бес баласы бар, үлкені 10 жаста, кенжелері үшке толады. Балабақша кезегіне бір жыл бұрын тұрған.
- Дүкенде жұмыс істеймін. Үйдегі кішкентайларды 4-сыныпта оқитын қызым мен 2-сыныпта оқитын ұлым қарайды. Сырттарынан кілттеп кетемін. Жұмыста қорқып, алаңдап отырамын. Қанша дегенмен, баланың аты бала ғой. Ал орталарындағы үшінші балам былтыр күзден бастап балабақшаға барды. Оны да кезегін біраз күтіп орналастырдық, - дейді Кубесова.
Оның әкімнің бұл мәселені қарастырамыз, қалада балабақшалар салынып жатыр деген жауабына көңілі толмайды.
- Жаңа балабақша салынып болғанша, балалар өсіп болады, - дейді көпбалалы ана.
Алтын РАХИМОВА:
- Менің жолдасым 2016 жылдан бері жетімдер санатымен үй кезегінде тұр. Мен 2019 жылдан ерекше баламен тұрмын. Ұлым қазір 12 жаста, ІІІ топ мүгедегі. Алты айлығында термикалық күйік алған. Алты ай сайын операцияға апарамын. Одан басқа екі балам бар. Тұрмыс құрғаныма 15 жыл болды. Содан бері пәтер жалдап жүрміз. Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді. Мен бала қарап отырмын. Аш отырамыз, балаларым киім кие алмайды, сабаққа бара алмайды. Өзім жұмысқа шығайын десем, үш жастағы баламды балабақшаға кезегі келмеген соң бере алмай отырмын. Тоқ болған күніміз жоқ, шынымды айтайын. Баспана кезегі мүлдем жылжымайды. 2016 жылдан 2022 жылға дейін тек қана 200 адамға шегерілді. 847-ші болып тұрған кезек қазір 647 болды. Сонда мен ол үйді әлі 20 жыл күтуім керек екен. Ең болмағанда жолдасыма жетімдер санаты бойынша көмектесуге болады ғой. Кезек күтіңіз дейді, ал кезек мүлде жылжымайды.
Тағы бір көпбалалы ана Альбина ЕРМЕКОВА қала әкіміне әлеуметтік тұрғын үйлердің санын көбейтуді өтінді.
- Мен баспана кезегінде 2016 жылдан бері тұрмын. Өзім қазір алтыншы баланы күтіп отырмын. Әкім биыл Береке ықшам ауданынан аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасыларға 240 пәтер беріледі деп отыр. Бұл аз. Неге ең болмаса, «Отбасы банкінің» 50/50 тұрғын үй бағдарламасын біз сияқты көпбалалы аналарға қолжетімді етіп қарастырмайды? Мысалы, бастапқы жарнасыз ипотека берсе, - дейді Ермекова.
Ал Гүлвира ЖАҚЫПОВАНЫҢ жеті баласы бар, үшеуі - ерекше балалар. Ол «балық емес, қармақ сұрап отырғанын» айтып, жолдасына жұмыс тауып беруді өтінді.
- Мен былтырға дейін үкіметтен ештеңе алған емеспін. Жолдасым заңгер, орыстілді. Алматыда академияда оқыған, 15 жыл болды, өз мамандығы бойынша жасамады. Жұмыссыз. Қалалық жұмыспен қамту орталығында «Спецавтобазадан» жұмыс ұсынады. Үш ерекше баламды астанаға апара алмай жүрмін. Біздің жағдайымызды қалалық әкімдіктегілердің бәрі біледі, бірақ, ештеңе шешпей отыр. Өзім жоғары білімді қаржыгермін, бірақ үш ерекше баламен байланып отырмын, - деді Жақыпова.
Айнұр САПАРОВА